• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Ақпан, 2019

Киногерлер Шәкен Аймановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

955 рет
көрсетілді

Бүгін, 15 ақпан күні қазақ киносының классигі, ұлттық сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасуына, шыңдалуына айырықша ықпал еткен КСРО халық артисі, көрнекті театр және кино актері, белгілі кинорежиссер Шәкен Айманов 105 жасқа келіп отыр. Осыған орай Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ басшылығы, белгілі киногерлер Сатыбалды Нарымбетов, Дамир Манабаев, Рүстем Әбдірәшев, Ерболат Тоғызақов және киностудияның өзге де қызметкерлері қазақ киносының майталманының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

– Шәкен Айманов – қазақ өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз. Оның фильмдері ұлттық кинематографияның алтын қорына енді. Сомдаған рөлдері – актерлік шеберліктің нағыз шыңы. Қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан ол Қазақстан Кинематографистер одағына жеке ғимарат, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясын салдырып берді. Өмірі парасат пен өнегеге өрілген Аймановтың шығармашылығын келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз, –деді белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов.

Айта кетейік, бүгін, ақпанның 15-інде сағат 21:20-да «Ел Арна» телеарнасында кино өнерінің саңлағы – Шәкен Аймановтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Шәкен Айманов: аңыз адам» атты деректі фильм көрсетіледі. Аталған фильмді Ш.Аймановтың  100-жылдығына орай белгілі режиссер Болат Нүсімбеков түсірген. Сондай-ақ, ертең, ақпанның 16-да сағат 19:25-те «Ел Арна» телеарнасында Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильміне арналған  «Ашық көрсетілім» бағдарламасы көрсетілетін болады. 

Аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі.  М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында 1933 жылдан бастап еңбек етіп, 100-ден астам образдарды, оның ішінде Петруччио («Асауға-тұсау»), Хлестаков («Ревизор»), Отелло («Отелло»), Ақан сері («Ақан сері – Ақтоқты»), Қодар («Қозы Көрпеш – Баян сұлу») сынды үздік рөлдерді сомдады.

1940 жылы «Ленфильм» режиссері М.Левин Аймановты М.Әуезовтің сценарийі бойынша қойылған «Райхан» фильміндегі Сәрсеннің рөлін сомдауға шақырады. Кейін Ш.Айманов  «Ақ раушан» (ЦОКС, 1942) атты фильмінде майдангердің рөлін, «Абай өлеңдері» (1946) фильмінде оқушы Абай Шәріптің және «Алтын мүйіз» (1948) фильміндегі Досановтың рөлін сомдайды.

Шәкен Аймановтың келесі бір салмақты дүниесі – Жамбыл рөлі болды.  Фильм бүкіл Кеңес Одағы ауқымындағы елдердің экранында көрсетілді. Кинодағы келесі актерлік ауқымды жұмысы – Алдар Көсе рөлі. Осы кейіпкер арқылы Айманов өзінің жылдар бойы жүрегінің түбінде жатқан халық қазынасындағы жинақы образды дүниеге алып келді.

1953-1970 жылдар аралығында Шәкен Айманов «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, сценарийлер жазды. Бұл уақытта ұлттық кинематография дүние-мүлік, түрлі құрал-жабдықтардың тапшылығынан тұралап жатқан болатын. Шығармашылық қиындықтан   қашпаған Шәкен Айманов ұйымдастырушылық ісіндегі жауапкершіліктен де бас тартқан жоқ. Бір киноны аяқтай салысымен екінші туындыны қолға aлып,  тынымсыз еңбектің арқасында біртіндеп киностудияны жөнге келтірді. Соның арқасында киностудияда жаңа шығармашылық буын пайда болды. Олар:  «Қыз-Жібек», «Шоқан», «Ана туралы аңыз»  фильмдерін қазақ кинематография қорына енгізген саңлақтар, сол кездегі жас режиссерлер Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Александр Карповтар еді.

50-жылдардың соңына қарай Шәкен Аймановтың «Қазақфильм» киностудиясына жұмысқа келуімен киноөндірісте деректі, көркем фильмдердің саны артты. Жаңа заман тақырыбына арналған дүниелер жарыққа  шықты. Шәкен Аймановтың біліктілігі арқасында республикалық кино өндірісі материалдық және шығармашылық тұрғыда нығайды. Осы кезеңде Қазақстан Кинематографистер одағы құрылды. Оны Шәкен Аймановтың өзі басқарды.

1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына Шәкен Аймановтың есімі берілді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы