• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Ақпан, 2019

Талдықорғанда «Тайлақтың тақиясы» фильмінің тұсаукесері өтті

1169 рет
көрсетілді

Қазақтың әйгілі режиссері Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» фильмі бірнеше ұрпақтың сүйікті киносына айналғаны ақиқат. Ұлттық бояуы қанық көркем кино бүгінгі буынның да көзайымы болып келеді.

Осыдан шамалы уақыт бұрын кәсіпкер Құсман Шалабаев осы картинаның жалғасын қазіргі заманға лайықтап түсіру идеясын көтерген еді. Көп ұзамай әйгілі киноның желісімен түсірілген «Тайлақтың тақиясы» атты жаңа фильм дайын болды. Жақында су жаңа комедияның тұсаукесері Талдықорған қаласында өтіп, көрерменмен қауышты.Кино желісі байырғы оқиғамен сабақтас өріліп, «Тақиялы періште» Тайлақтың қарттық шағындағы өмірін бейнелейді. Бұл жолы Тайлақ сүрбойдаққа айнала бастаған сүйікті немересіне лайықты қыз іздеп, жолға шығады. Көрерменге көз таныс тақиялы Тайлақ ақсақалдың әрекеті бүгінгі заманның болмысын әжуа мен астарлы ақиқатқа сыйғызып, ата-ана мен бала, жас буын арасындағы адамгершілік құндылықтарды бағалау сияқты қасиеттерді сипаттайды.

Фильмнің басты рөлін Әділғазы Райымбеков сомдайды. Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесінде» Тайлақ болып ойнаған жас актер қазір қадірменді қария. Талдықорған қаласында тұрады. Режиссерлер бұл жолы да «Тайлақтың тақиясы» фильмін халық сүйіктісіне айналған актерды жас ұрпаққа жаңа қырынан танытуды мақсат тұтыпты.

– Бұл фильмде «Тақиялы періште» фильміндегі жас Тайлақ, бүгінде сексеннен асқан Әлімғазы ақсақалдың қазіргі бейнесін ел-жұртымен қайта қауыштырдық. Биыл сол әйгілі кинода бас кейіпкерді сомдаған біртуар актриса, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақова апамыздың 100 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде тойланбақшы. Бір жағы жаңа картина әйгілі актрисаның өнеріне деген құрметтің айғағы болсын дедік, - дейді идея авторы және фильмнің бас продюсері Құсман Шалабаев.

«Тайлақтың тақиясына» Әлімғазы Райымбековпен қатарҚазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова басты рөлге түскен екен. Кино авторлары туындыларымен Канн фестивалінде бақ сынауға бел буыпты.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы