Сенбі, 28 сәуір 2012 1:31
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы бері оның Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық күш-жігері көпэтносты еліміздің патриоттық күшін біріктірген жаңа қоғамдық институттың дамуына бағытталып отыр. 1992 жылғы желтоқсан айында өткен Қазақстан халықтарының форумында Елбасымыз еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі орны болып табылатын осы Ассамблеяны құру туралы бастаманы көтерген еді. Ол жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңадан экономикалық, әлеуметтік және саяси негізі қаланып, демократиялық қоғам құруға бет бұрған кезең еді. Қазақстанның ұлттық саясаты барлық этностардың экономикалық және кешенді дамуын, этносаралық келісімді, этностар арасындағы достық пен бірлікті, өзара көмекті ескере отырып дамуда. Іс жүзінде бұл жағдайларды ескермесек, саяси жағынан тұрақты, этносаралық және конфессияаралық келісім орын алған әрі экономикасы дамыған қоғамды құру мүмкін болмас еді.
Сенбі, 28 сәуір 2012 1:31
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы бері оның Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық күш-жігері көпэтносты еліміздің патриоттық күшін біріктірген жаңа қоғамдық институттың дамуына бағытталып отыр. 1992 жылғы желтоқсан айында өткен Қазақстан халықтарының форумында Елбасымыз еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі орны болып табылатын осы Ассамблеяны құру туралы бастаманы көтерген еді. Ол жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңадан экономикалық, әлеуметтік және саяси негізі қаланып, демократиялық қоғам құруға бет бұрған кезең еді. Қазақстанның ұлттық саясаты барлық этностардың экономикалық және кешенді дамуын, этносаралық келісімді, этностар арасындағы достық пен бірлікті, өзара көмекті ескере отырып дамуда. Іс жүзінде бұл жағдайларды ескермесек, саяси жағынан тұрақты, этносаралық және конфессияаралық келісім орын алған әрі экономикасы дамыған қоғамды құру мүмкін болмас еді.
Сол себептен Елбасымыздың бірлік пен келісімнің Ассамблеясын құру туралы ұсынысын оның саяси даналығы деп есептеймін. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің атқарған істері арқылы қоғамдық қатынасты қалыптастырудың эволюциялық дамуының жаңашыл үлгісін көрсете білді. Таза қазақстандық саяси жаңашылдықтың нәтижесі іспеттес қоғамдық институттың іс-тәжірибесі мен ұлттық саясатының қазақстандық үлгісін үйренуге көптеген шет мемлекеттерде, атап айтқанда, АҚШ, Қытай, Ресейде үлкен ықылас білдірілуде.
Осы саяси құрылым өзінің жұмыс жасай бастаған кезінен бастап халықтар арасындағы достықты, татулық пен сыйластықты бекітудің құралына айналды. Халықтар достығы деген біз үшін жаңалық емес, оның тамыры бірнеше ғасырлық тарихты құрайды, яғни Қазақстанды мекендеп келе жатқан барлық этностардың тарихында үлкен орын алатын құбылыс болып табылады. Көптеген этностар, соның ішінде күрд халқының өкілдері қазақ даласына сталиндік репрессия кезінде қоныс теуіп еді. Мемлекет құраушы ұлт болып табылатын қазақ халқы күрдтер үшін және осындай қиын жағдайды басынан кешірген басқа да этностың өкілдері үшін қысылған кезде паналайтын сая бола білді. Құшақ жая қарсы алған Қазақтың дархан даласы өзінің қамқорлығына алып, жылуын берумен қатар, біздің ұлттығымызды сақтап қалуға көмектесті. Ашығып, ұлттық намысы тапталып келген этнос өкілдерін қазақ халқы паналатып қана қойған жоқ, олар үшін екінші Отан бола білді, ал осы жерде туып-өскендер үшін ең қымбат, қимас мекенге айналды. Содан бері барлығымыз бірігіп, туған отанымыздай болып кеткен Қазақстан жерін көркейту жолында жұмыла тер төгудеміз. Солай болуы керек те.
Педагог ретінде мен Мемлекет басшысының білім мен тәрбие беру жүйесі арқылы және қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін арттыру арқылы азаматтық біртектілікті, қазақстандық толеранттылықты дамыту қажет деген пікірін толық қолдаймын. Бұл Елбасының атап көрсеткен болашаққа арналған нақты міндеттердің ішіндегі ең бірінші бағыт болып табылады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында енгізіліп жатқан «Толеранттылық негіздері» атты факультативтік курстың жастар үшін маңызды құрал болатынына сенімім мол. Себебі, ол пән Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың тарихы мен мәдениеті, ұлттық дәстүрлері жайлы толық білім берумен қатар, жастарды рухани жағынан байытып, ой-өрісін кеңейтетін және сол арқылы өзара түсінушілікке тәрбиелейтін қайнар көз болмақ.
Болашаққа арналған міндеттердің ішіндегі екінші бағыт ретінде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді одан әрі дамытуды көрсетті. Енді ҚХА ел халқының мемлекеттік тілді меңгеруінің жалпыұлттық үдерісіне басшылық жасауы керек. Мен Қазақстанда тұратын барлық этностар қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеріп алуы керек деп есептеймін, өз ана тілімізді қалай жақсы көрсек, қазақ тіліне де сондай сүйіспеншілікпен қарауымыз керек. Елбасының сөзімен айтсақ, «қазақ тілінде сөйлеу қалауы әрбір қазақстандыққа табиғи нәрсе болуы үшін бәрін істеуге тиіспіз».
Қазақ жерін паналаған күрд халқы Қазақстан Республикасындағы жаңа азаматтық қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді. Оның бір үлгісі – күрдтердің мектепте немесе жоғары оқу орнында қазақша білім алуы болып табылады. Менің қандастарымның үштен екісі мемлекеттік тілімізді екінші ана тілім деп есептейді.
Қазіргі таңда күрдтер арасында көптеген ата-аналар өздерінің балаларын қазақ мектептеріне беріп, қазақша білім алуларына атсалысуда. Ассамблеяның өзіне келетін болсақ, оның осы салада тәжірибесі мол, күрд тілін ана тілі ретінде үйренушілер үшін жексенбілік мектептер ашып, сол арқылы осы мәселенің шешімін тапқан. Сол сияқты ендігі жерде біз – яғни, ҚХА Кеңесінің мүшелері мемлекеттік тілді үйрету үшін белсенділік танытуымыз керек, әрбір қазақстандық өзінің азаматтық парызын түсініп, мемлекеттік тілде сөйлеуді әдетке айналдыратындай дәрежеге жетуіміз керек.
Президентіміз орыс тілін қазақ тіліне қарсы қою қате екенін, бүгінде Қазақстанның этностары өзара орыс тілінде сөйлесетіндерін айтты. Осы уақытқа дейін біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болып келген орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып қала бермек. Болашақта осы тілдің деңгейіне қазақ тілі жетуі тиіс, сол үшін Елбасы жұмысты тілдердің үш тұғырлығы бағдарламасы бойынша жүргізуді ұсынады. Осы тұрғыда мен өзім еңбек ететін Абай атындағы ҚазҰПУ-да атқарылып жатқан іс-шараларды айта кетсем деймін.
Университет мәртебесіне ие болғалы бері ҚазҰПУ-да екі шетел тілі оқытылатын факультеттер саны көбеюде. Оқыту толығымен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Университетіміздің қабырғасынан жоғары білікті мамандар дайындалып шығарылуда, олар Батыс Еуропа мен Шығыс тілдерін еркін меңгерген болашақ журналистер мен халықаралық заңгерлер, филологтар мен педагогтар.
Ұлттық бірлігіміздің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын конфессияаралық келісімді Президент үшінші бағыт ретінде атап көрсетеді. Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі болып өтті. Онда ірі конфессия өкілдері әлемдегі бейбітшілікті бірқалыпты сақтап тұруға ықпал ететін маңызды мәселелерді талқылады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тәрбие жұмысын жүргізуде сіңірген еңбектері мол. Өткен жылы көктемде Алматы облысы, Іле ауданындағы Түймебаев ауылында жаңа мешіт ашылып, пайдалануға берілді. Оның демеушілері күрд кәсіпкерлері Г.Сүлейменов пен Ф.Ибрагимов. Мешіт өзінің айналасына бейбітшілікті қалайтын барлық мұсылман өкілдерін біріктіріп отыр, ұлты басқа болғанмен, діндері бір, жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір күрд, әзербайжан, т.б. этностың өкілдері сол жерге жиналып, елімізде сақталып тұрған бірлік пен келісім үшін ғибадат қылуда.
Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық бірліктің беріктігі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық этномәдени бірлестіктер жұмысының тиімділігін арттырумен тікелей байланысты екенін атап көрсетті. Ең алдымен ҚХА Хатшылығының үйлестіруші рөлін күшейту керек, Ассамблея жанынан «Ақсақалдар алқасын» құру өзіндік нәтижесін бермек. Сонымен қатар, ғылыми-сараптамалық кеңестің жұмысын күшейтіп, этносаралық қарым-қатынас мәселелеріне қолданбалы зерттеулер жүргізетін ғалымдар үшін грант тағайындау қажет.
ҚХА мүшесі және ҚР күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы ретінде мен Президентіміздің этномәдени бірлестікті мемлекеттік қолдау үшін жүргізетін саясатын толық қолдаймын. Бұл олардың қызметінің диапазонын кеңейтіп қана қоймайды, мемлекеттік тапсырысты орындау үшін күш жұмсауға, жаңа бастамаларды туғызуға мүмкіндік береді. Осы орайда айта кететін мәселе, қазақстандық күрдтер үшін өз ана тілінде радиохабарлар жүргізуді қолға алсақ екен дейміз. Қазақ радиосында неміс, корей, ұйғыр тілдерінде хабарлар жүргізіліп тұрады, дәл сондай уақыт күрд хабарларына да бөлінсе екен. Күрд халқының өкілдері арасында, әсіресе, жастар арасында өз ана тілдерін жеткілікті білмейтіндері кездесіп жатады. Радиохабарлар жастардың тілге деген қызығушылықтарын арттырумен қатар, бүкіл әлемге күрдтердің Қазақстанда өз радиохабарларын жүргізуге мүмкіндік бар екенін көрсетуші еді. Сондай-ақ, күрд мәдениетін таратудың да құралы болып табылушы еді.
Ресми орындарда күрд тілінде сөйлеуге мүмкіндік жоқ, 20 миллион күрд тұратын Түркия мемлекетінде 2008 жылдың 25 желтоқсанынан бастап осы тілде жүргізілетін жаңа хабар ашылды. Бұл мүмкіндікті Түрік мемлекеттік телекорпорациясының TRT-6 атты жаңа телеарнасы іске асырды. Қазіргі уақытта тәулік бойы күрд тілінде хабар тыңдауға болады. Қазақ радиосында дәл осындай күрд редакциясын құру туралы өтінішімізді мемлекетіміз бен Ассамблея қолдай алады деп ойлаймын.
Алдағы уақытта өз елімізде, бізге жақын орналасқан шет мемлекеттерде, жалпы бүкіл әлемде этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін кеңінен насихаттауымыз қажет. Осы мақсатпен ҚХА Хатшылығына Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің тәжірибесін кеңінен насихаттау үшін негізгі Еуропа тілдерінде «Қазақстан: бірлік пен келісімнің интегралды мекені (ошағы)» деген атпен арнайы басылым дайындау қажет. Бұл – қазіргі таңдағы ең үлкен әрі маңызды міндет болып табылады.
Князь МИРЗОЕВ, Қазақстандағы күрдтердің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.