Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Алқалы жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, білім саласының қызметкерлері қатысты.
Осыған орай, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев аталған бағыттағы бастамаларға тоқталып, Кеңес аясында жұмысын бастаған Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі мен мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді жетілдірудің тиімді тетіктері туралы айтты. Сондай-ақ ол балалар құқығын қорғау мәселесінде мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және еріктілердің қызметін үйлестірудегі партияның рөліне назар аударды.
Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік саланы дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол халыққа көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік әлеуметтік көмек түрлеріне назар аударды. «Елбасының тапсырмасымен мемлекет тарапынан қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді оң шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы мен соңғы Жолдауында да халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыруға басымдық берілгені белгілі. Атап айтқанда, Жолдауда Елбасы баспананың қолжетімділігін қамтамасыз ету, тарифтерді шектеу, ең төменгі жалақы көлемін өсіру, медициналық қызмет сапасын арттыру және тағы басқа да нақты мәселелерге назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Бүгінде сол бағыттар бойынша мемлекеттік органдар жүйелі жұмыс жүргізуде», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар бүгінде көп балалы отбасыларға қолдау көрсету ісінде де айтарлықтай жұмыс істелгеніне назар аударған партия Төрағасының бірінші орынбасары өткен жылы тек республикалық бюджет пен Әлеуметтік сақтандыру қорынан балалары бар отбасыларға қолдау көрсету үшін 311 млрд теңге бөлінгенін тілге тиек етті.
Мемлекеттік қолдаудың тек әлеуметтік жәрдемақылармен шектелмейтінін айтқан Мәулен Әшімбаев басқа да нақты көмектерге тоқталып өтті. «Мұқтаж жандарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан да айтарлықтай әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Мәселен, өңірлерде тұрғын үй төлемдері, есептегіш құралдарын орнату төлемдері, мектептерде балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасылар үшін балабақшамен қамтуға байланысты төлемдер сияқты нақты қолдаулар бар», – деген партия Төрағасының бірінші орынбасары мұндай әлеуметтік көмектер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Осы ретте Мәулен Әшімбаев одан басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылатын түрлі тетіктерге көңіл бөлді. Бұл жұмыстардың барлығын ортақ жүйеге келтіру үшін «Бақытты отбасы» партиялық жобасы қайта жанданды. Бұл жоба аз қамтылған көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған». Бүгінде көптеген қазақстандық отбасылардың заң бойынша өздеріне тиесілі көмекті ала алмай отырғаны байқалады. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдар тарапынан да берілетін көмектен қағылып отырған отбасылар бар. Оған бюрократиялық келеңсіздіктерден бастап, жай ғана көңіл бөлмеуге дейінгі түрлі жайттар себеп. Сондықтан партия аталған Кеңес аясында еліміз бойынша Бірыңғай әлеуметтік терезе жобасын қолға алды. Бұл жоба партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы қызмет көрсетеді. Ол жерде көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж азаматтарға мемлекет пен жергілікті бюджеттен берілетін өздеріне тиесілі әлеуметтік көмектер туралы нақты кеңестер алуға мүмкіндік бар. Біздің қызметкерлеріміз тек ақпарат беріп қана қоймай, істің соңына дейін жеткізілуін қадағалайды», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Қазіргі таңда партияның еліміз бойынша 230-ға жуық қабылдау бөлмесі бар. Яғни, аталған әлеуметтік терезе солардың барлығында ашылады. Онда көп балалы аналарды жұмыспен қамту, қайта оқыту, балаларды балабақша мен мектептерге орналастыру, заңгерлік кеңестер сияқты басқа да көптеген қолдаулар мен қызметтер көрсетіледі. Сонымен бірге аталған әлеуметтік терезелер арқылы мұқтаж жандарға көмектескісі келетін үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлерге де мол мүмкіндіктер тумақ. Нақты айтқанда, партияның қабылдау бөлмелерінде көмекке зәру отбасылардың тізімі жасақталады. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» жобасы аясында әлеуметтік қорғау органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп үй-үйді аралау ісі қолға алынып отыр.
Өз кезегінде брифингке қатысқан «Нұр Отан» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева Кеңестің жұмысы мен оның бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Дәмежан Сәдуақасова мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектерге кеңінен тоқталды.
Айта кетерлігі, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес Елбасы тапсырмасымен 2019 жылдың 7 ақпанында құрылды. Аталған Кеңес арқылы «Нұр Отан» көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуді айтарлықтай арттырып, өскелең ұрпақтың құқықтары мен заңдық мүдделерін қорғау ісін қайта қарауды көздеп отыр. Жаңа консультативтік-кеңесші органның құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, салалық сарапшылар және қоғам қайраткерлері бар.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»