Әлемнің дамыған елдеріндегідей Қазақстанда да уақыттың қадірі артып келеді. Расында да, біз қазір уақытты үнемдеуге кірістік. Елімізге енген жаңа технологиялар осыған мүмкіндік беруде. Электронды үкіметтің құрылуы нәтижесінде адамдар үйден шықпай-ақ, уақытын жоғалтып тиісті мекемелерге барып кезекке тұрмай-ақ оның қызметін бір демде алатын жағдайға жетті. Ұшақ пен пойыз билеттері де үйден шықпай-ақ ақшасы төленіп, қолға тиетін болды.
Адамдардың уақытты үнемді пайдалануға деген ұмтылысы автокөлік пен пойызды қойып, ұшақ қызметін жиі пайдалана бастағандығынан да көрінеді. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша еліміздегі транзиттік әуе жолаушыларының саны 2010 жылы 20 мың адамды құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 620 мың адамға, ал өткен жылы 900 мың адамға дейін өскен. Демек, сегіз жылдың ішінде 45 есе өскен.
Бұл нені білдіреді? Осы сегіз жылдың ішінде біз соншама байып кеттік пе? Жоқ, олай емес. Бәлкім, бұрынғыға қарағанда жағдай жақсара түскен шығар. Бірақ қалай алып қарағанда да, біздің 45 есе байымағанымыз анық.
Ендеше, бұл фактор бірінші кезекте уақыттың қадірінің артуына байланысты адамдардың таңдауды ұшақ қызметін пайдалануға қарай жасай бастағандығын білдіреді. Рас, сөз болып отырған кезең аралығында еліміздің қалаларының арасында және халықаралық бағыттар бойынша әуе компанияларының қызметі жақсара түскені анық. Бұрынғыға қарағанда туристер қатары да арта түскені белгілі. Мұның бәрі жоққа шығарылмайды. Бірақ бәрібір басты фактор ретінде адамдардың таңдауды ұшақ қызметін пайдалануға қарай жасағандығы көрініп тұрған шындық деп ойлаймыз.
Мұндай жағдайдың орын алуының бір себебі, біздің ойымызша, біздің жер және климаттық жағдайымызға да көбірек байланысты. Қазақстан – кеңбайтақ. Біздің жеріміздің аумағы пойызбен немесе автокөлікпен 5-6 сағатта бір шетінен екінші шетіне шыға салатын Еуропаның шағын елдеріндегідей емес. Жолдарымыз да жарқырап тұрған жоқ әзірге.
Қазақстанның бір шетінен екінші шетіне автокөлік немесе пойызбен жету үшін кемінде үш-төрт күн уақытты жоғалтуға тура келеді. Ал ұшаққа мінсеңіз, осы қашықтыққа әрі кеткенде үш-төрт сағатта жетесіз. Сондықтан Қазақстан секілді алып далалы елде басқа көліктерге қарағанда ұшаққа міну уақыт жағынан алғанда тиімді болатыны түсінікті. Демек, ұшақ қызметінің бағасы арзандайтын болса, адамдар қозғалысына тың серпін беретіні қазірдің өзінде белгілі бола түсуде.
Осы құбылыс пен жағдайды ескере отырып, Үкімет биылдан бастап елімізде ұшақ қызметінің бағасын арзандату бағытында жаңа шешім қабылдады. Жаңа әуе компаниясы құрылатын болды. Қазір бұл мәселемен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шұғылдануда.
«Азаматтық авиация саласында тұрақты өсім көрсеткіші бар. Өткен жылы транзиттік әуе жолаушыларының саны 900 мың адамға жетсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,6 млн адамға жетеді деп болжап отырмыз. Осыған жағдай туғызу үшін биылғы бірінші жартыжылдықта бюджеті төмен «Fly Arystan» әуе компаниясын іске қосу жоспарланып отыр. Осы компания арқылы алғашқы жылы «Эйр Астанадан» 2 есе төмен бағамен 1 млн жолаушыға дейін тасымалдау жоспарлануда», деді бұл жайында аталған министрліктің басшысы Жеңіс Қасымбек.
Бізге белгілі мәліметтер бойынша, бюджеттік әуе компаниясының қызметі ағымдағы жылдың мамыр айында басталмақ. Бірінші кезекте оның әуе паркі төрт Airbus ұшағынан құралатын болады. Ал билеттер наурыз айының соңынан бастап сатыла бастайды. Егер Қазақстан бойынша «Эйр Астана» әуе компаниясының билет құны орта есеппен 100 долларды құраса, «Fly Arystan» әуе компаниясының билет құны 40-45 доллар деңгейінде қалыптасады. Мұнан кейінгі төрт жылда компанияның әуе паркіндегі ұшақтар саны 15-ке дейін жетеді деп жоспарлануда. Ұшақтардың барлығы жаңадан сатылып алынбақ.
Жалпы, Қазақстанда енді құрылып жатқан «Fly Arystan» секілді бюджеттік әуе компаниялары шетелдерде жаңалық емес. Лоукостер әуе компанияларының қызметі ең әуелі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында АҚШ-та басталып, тоқсаныншы жылдары Еуропаға кеңінен тараған. 2000 жылдардан бастап Ресейдің қалаларын да қамтыған, қазір бұл елдің ондаған ірі қаласына лоукостер компаниялар қызмет көрсетеді.
Әдетте лоукостер әуе компаниялары халықты билет құнының арзандығымен қызықтырады. Мәселен, ирландиялық «Ryanair»-дің кейбір Еуропаның кейбір қалаларына ұшатын ұшақтарының билет бағасы 7-10 еуродан басталатын көрінеді.Сондықтан қазір оның қызметі бүкіл Еуропаға кеңінен тараған деп айтуға болады.
Лоукостер компаниялар қызметінің бағасы соншама арзан болуының сыры неде? Біріншіден, олар шығынды барынша үнемдеуге тырысады. Мәселен, билеттер онлайн режімде сатылатындықтан, арнайы әуе кассаларының қызметі пайдаланылмайды. Яғни, ұшақ билетін сатқаны үшін комиссиялық ақы алынбайды. Сондай-ақ жолаушыларға ұшақта тамақ берілмейді. Берілсе, ол үшін жеке ақы алынуы, бағасы қымбаттау болуы мүмкін. Бортсерік секілді ұшақ қызметкерлері әмбебап болып, бірнеше адамның жұмысын қатар алып жүре алады.
Екіншіден, мұндай әуе компанияларының ұшақтарында әрбір шаршы метр жер үнемделеді. Орындықтар бір-біріне жақын орналастырылады, креслолардың арқалығы жазылмауы да қалыпты жағдай саналады. Солай үнемделген жерлерге қосымша креслолар қойылып, билет көбірек сатылады.
Лоукостер әуе компаниялары әдетте тиімділігі жоғары жаңа ұшақтарды пайдаланады. Сәйкесінше оларға жұмсалатын техникалық шығын да аз. Ұшақтар ескіре бастағанда оларды басқа компанияларға сату арқылы оларды сатып алуға жұмсайтын шығындарын өтеп алып отырады. Демек, лоукостерлік қызметті құрушы компания қаржы мен тәжірибе жағынан әлеуетті болуы керек. Бізде бұл қызмет еліміздегі ең қуатты саналатын «Эйр Астана» базасында ұйымдастырып жатқанын айта кетейік.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда «Fly Arystan» секілді лоукостер компания құру тиімсіз делінген еді. Өйткені ұшақ қызметін пайдаланатын адамдар аз болатын. Ал қазір транзиттік әуе жолаушыларының көбейгені осындай қызметті ұйымдастыруға мүмкіндік бергендей. Егер ол жемісті жұмыс істесе, мұны Қазақстандағы әуе компаниялары қызметінің үлкен бір белесі деп санауға болады.
– Мұндағы негізгі мәселе – ұшақпен қатынайтын жолаушылардың әлі де болса аздығы. Әрине, оған қаржылық мүмкіндіктің шектеулілігі әсер етіп отыр. Мәселен, Еуропада бір адам жылына орта есеппен 1,7 рет ұшса, АҚШ-та тұрғындардың қозғалыс коэффициенті 2,5-ті құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда аз. Сондықтан ұшақ қызметінің құнын арзандату жолдарын қарастыруды қолдау керек,– дейді ІАТА-ның (Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы) аймақтағы өкілі Джордан Карамалаков.
Д.Карамалаковтың пікірінше, Қазақстанда қабылданған ішкі туризмді дамыту бағдарламасы бойынша 10 туристік кластер пайда болуы тиіс. Бірақ оны жүзеге асыру үшін туристердің қалай келіп-кететінін анықтап алу керек. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаның Қазақстанның авиация индустриясы қызметімен байланысы байқалмайды. Әуе тасымалын қалайтын шетелдік және отандық жолаушылардың еліміздегі ең тартымды деген жерлерге қалай жететіні әлі нақтыланбаған.
Сарапшылардың пікірінше, тағы бір ескерілуге тиіс мәселе – әуежайлар көрсететін қызмет бағасын ретке келтіру. Мәселен, лоукостер мен басқа әуе компаниясының жолаушылар үшін бірдей тариф саясатын қолдануының жөні жоқ секілді. Өйткені лоукостердің жолаушысы, әдетте, өте ықшам жүреді. Оның артық жүк алуына рұқсат берілмейді, ол үшін қосымша ақы алынады. Міне, осындай жағдайда қолында шағын портфелі ғана бар сыбай-салтаң жолаушы мен бірнеше сөмке сүйреткен жолаушыға тариф те әртүрлі болуға тиіс.
Көріп отырғанымыздай, нарық экономикасы жағдайындағы уақыт қадірінің ерекше артуы, оның материалдануы және ұшақтар қызметіндегі бәсекенің артып, бағаның төмендей түсуі – адамдарды әуе компаниясының қызметін пайдалануға итермелей түсуде. Ұшқыр уақыт ұшақ қызметін барынша жандандыруды талап етіп отыр. Үкіметтің «Эйр Астана» әуе компаниясымен бірлесіп қолға алған ісін соған сай әрекет деп түсіндік.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»