• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Ақпан, 2019

Қыран құсты қадірлейтін Қызылтау

1049 рет
көрсетілді

Жақында Баянауыл ауданының әкімі Оразкелді Қайыргелдинов Қызылтау ауылдық аумағы тұрғындарымен кездесті. Ж.Аймауытов атындағы ауылдың төбесінен су ағатын мәдениет үйін, көшелерін, тас жолдарын жөндеуге, ауыл клубына жылу жүйесін өткізуге, спорт зал салуға, балалар алаңын жасауға, су құбырларын салуға, көшелерді жарықтандыруға, балаларға күреске арналған киім алып беруге уәде берді.

Иә, Қызылтау ауылдық аума­ғы әкім­дік назарынан алыста. Алыс­таған сайын жыл сайынғы уәде жерде қалмаса екен дейсің. Әйтпесе Қызылтау – босағасына қызыр қонып, төрінен қызық кетпеген құтты мекен.

Аудан орталығы Баянауылдан 80 шақырымдай жердегі ауылдың аума­ғы­на орталығы саналатын Жүсіпбек Аймауытов атындағы, Ақши, Лекер, Үйтас деген шағын ауылдар қарайды. Қа­зір ауылдық аумақтағы 4 ауылда қал­ғаны − 1194 адам. Осы жерде «Қызыл­тау» мемлекеттік табиғи қорығы орна­лас­қан. Тау баурайында ойнақ­тап жүрген аң-құс ауылдағы адамнан көп десе де болар. Өкінішке қарай, құс ұшырып, көкпар қызған Қызылтаудың тұр­ғын­­­дары жыл сайын азаюда. Тау-тасынан аң-құсы кетпеген қасиетті жерден жақсы жағдай жасалса адамдар ауып, басқа жаққа көшіп кетпес пе еді... Дегенмен бұл жазбамызда өзі тұралап тұрған мекенді тұқыртпай, басқа жұрт үлгі тұтар үрдістерін көрсетсек дедік.

Бүгінде ауылдық аумақта «Айыр­­тас», «Қаныш», «Еспе», «Ораз­бек», «Қайырбек», «Ақыш», «Нұржан», «Мақсат» сияқты 63 шаруа қожалығы және 1 серіктестік жұмыс істейді. Оның арасында 3 асыл тұқымды ірі қара, 1 асыл тұқымды жылқы шаруашылығы бар.

Тұрғындарды мазалайтыны − жол, су сияқты әлеуметтік мәсе­ле­лер, тасымалмен оқитын бала­лар. Былтыр қос кәсіпкер Қобланбек Қожа мен Марат Назар­ба­ев Лекер мектебін жөн­деу­­ге үлес қосты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, қандай қиындық болса да, Қызылтау ауылдық аума­ғы­ның негізгі ерекшелігі – жастар ауылда қалған. 

Өзара тату олар көкпар­дан «Қызылтау» құрама командасын құрған. Бұл күндері аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысуда. Жуырда барлығы ауыл маңындағы көк­пар алаңына жиналып, атқа міну, жабағы үйрету, көкпар, қыз қуу, аударыс­пақ сияқты қазақ­тың ұлт­тық ойындарына арнал­ған ша­ра өткізді. Тіпті арнайы бейнероликтер түсіріп, шалғайдағы ауылдық аумақтың ұлттық ойындарды дәріптеудегі кереметін көрсетті. 

Қызылтау баурайында қазақ­тың біртуар ұлдарының бірі – Жүсіпбек Аймауытұлы дүниеге келген, жазушының Дәндебай атасының қыстауы да осында. Жергілікті жұрт оны Әулиетау деп те атайды.

Ауыл тұрғыны Бақытжан Бердібеков ағамыздың айтуынша, Нұржан, Ерсайын, Дидар Қалиевтер, Асылбек Сағындықов, Мұрат Ағжан, Жолболды Ерасыл, Дархан Жақыбай, Еркебұлан Әблешов, Ермек Иманзайып, Дамир Ғалижапаров, Ердос Жұмағали, Аспандияр Тасыбаев, Бақытбек Байкин, Батырбек Қошқарбаев, Асылбек Сламбеков, Еркебұлан Сейітқұлов, Мәрлен Адамқұлов сияқты жігіттер көк­пар қызығынан қалған емес. Көкпаршылар командасын бапкер Алдияр Тасыбаев басқарады. Бас төреші – Нұржан Қалиев. 

Ауылдық әкімдіктің маманы Әсел Бөкеева атап өткендей, көкпаршыларға облыстық, респуб­ли­калық жарыстарға бару үшін ауыл әкімдігі, аумақтағы шаруа қожалықтары да демеушілік көрсе­туде. 

Ауылда жастарды қолдайтын, ұлттық ойындар, салт-дәстүр жанашыры, бүркітші, құсбегі Иман­зайып Тасыбаев тұрады. Ол қазір Баянауыл Ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде еңбек етуде.

– Қызылтаудың жастары ата­ла­рының жүйрік ат, қыран құс, құмай тазы, бүркіт баптайтын жолын жалғастырып, ұлттық салт-дәстүр, өнер жолын құрметтеуде, – дейді Иманзайып аға. 

Иманзайыптар отбасы ғана емес, бүкіл Баянауылдың ауылдарында отырған, қысы-жазы көрген­дері тау-тас болған балалар кішкентайынан ат үстінде ойна­ған аңшы, бүркітші. Табиғат сырына қанық, құс пен аңның тілін біледі. Иманзайыптың ұлы Ермек те қазір ержетті, ол кішкен­тайынан Қызылтаудың аң-құсы­ның барлығын жатқа айтып беретін-ді. Ермек әкесімен бірге бүркіт ұстап, баптауды үйренген. Қайсар атты бүркіті бар.

– Ұлым бүркітті қолға шақыру, кедергіден өткізу, құстың еркін самғап ұшуы, шырғаға салу, қоянға салу, түлкіге салу сияқты түрлі шарт­тарын өте жақсы біледі. Кей­бір жарыста әкесінің бүркіті Найза­қарадан Қайсар басым түсіп жүрді, − дейді И.Тасыбаев. 

Ауылдың әр ұланы ұлттық ойындар түрінен сынға түсуде бірінен бірі өтеді. Аударыспақ ойын түрінен жас балуан Мұрат Ақжан республикалық турнирлерде бірнеше мәрте жүлдегер атанды, Ақтөбе облысы әкімінің кубогына арналған бәсекеде 2-орынға ие болды.

Ал ауылдың белсенді жас­тары­ның бірі Батырбек Қошқарбаев Ж.Аймауытов атындағы ауылда тұрады. Алматыдан оқу біті­ріп, жоғары білім алған, қазір ауданның «Тұма» жастар қоғам­дық бірлестігін басқарады. 

– Атам Көпен кезінде ат жаратып, құмай тазы ұстаған екен. Өзім де қазір ата жолын қуып, күміс ертоқым, ағаш үзеңгі, өрме жү­ген, өрме қамшы, ат әбзелдерін жи­най­мын. Ауылымызда көк­пар тар­тып, бүркіт баулып, құ­май та­зы ұстайтындар аз емес, − дейді Б.Бердібеков. 

− Алдағы жылдары Қызыл­тау­дың жеріне ел қонса, әлеуметтік ны­сан­­дар жөнделсе, жастарға жақсы жағдай жасалса, ауыл тұр­ғын­­­дары да азаймас еді, − дейді тұр­ғындар.

Қасиетті Қызылтаудың биігінде бүркіт, түлкі, қоян, қасқыр, қарсақ, арқар, бұлан, сілеусін сияқты аң-құстардың түр-түрін кездестіресіз. Жартастан жартасқа секірген, «Қызыл кітапқа» енген аңды қорғау, сақтау үшін қорық қызметкерлері күні-түні еңбек етуде.

– Бүгінгі қысқы шара, ұлттық ойындар қызығын ауыл тұрғын­дары­мен бірге өткізу­де­міз. Биылғы қыс керемет. Айнала аңшыларды шақырып тұрғандай. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген осы дейді, − қызылтаулық жігіттер. 

Әрине Баянауылдың қай ауы­лы болмасын қасиетті, киелі. Ал Қызылтау ауылдық аумағы халқымыздың ұлттық ойындарын, көкпарын, салбурын, құсбегілік, бүркітшілік жолын, салт-дәстүрдің көне түрлерін сақтап, қолдап ұрпағына жеткізіп отырған бірден-бір ауыл. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы