Шымкенттік 13 жасар бала екі баланы өрттен құтқарып қалды. Көршісінің кішкентай қызы Арайдың жанұшыра көмек сұраған даусын естіген бойда бала батыр Бақытжан сынған қолына қарамай қызыл жалын шарпыған үйден екі баланы сыртқа алып шыққан.
«Арайдың даусын естіген бойда үйге кіріп бардым. Қою түтін аралас өрт ішінде бір бұрышта көршімнің 6 жасар қызы мен 3 жасар ұлы қатты қорқып жүре алмай отыр екен. Жарақат алған қолыма қарамастан дереу біреуін көтеріп, екіншісін жетектеп қауіпсіз аймаққа алып шықтым. Су беріп, құтқару шараларын жасадым. Қайғылы жағдайдың алдын алуыма мектеп қабырғасында өрт қауіпсіздігі туралы оқып-үйренгендігімнің пайдасы тиді», дейді Бақытжан Құдайқұлұлы.
Батыр бала анасына 101 желісіне хабарласуын ескерткен. Алайда, өрт сөндіру қызметкерлері жеткенше үйді лаулаған өрт құшағына алып үлгерген. 16 ақпанда Абай ауданының Құрсай шағын ауданындағы үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама сағат 16.39-да келіп түсті. Өрт сөндіру қызметінің 14 адамнан құралған тобы Жаңақұрылыс көшесіндегі уақытша салынған үйдегі (времянка) 60 шаршы метрді шарпыған өртті 2 сағатта сөндірді.
Төтенше жағдай қызметі таратқан ақпарат бойынша өрт салдарынан адам шығыны орын алған жоқ. Бұған басты себепкер – құтқарушы бала», дейді мамандар.
Осылайша айдың-күннің аманында көрші баланың ержүректігінің арқасында екі бүлдіршін ата-анасымен қайта қауышты. «Балалардың қатты қорыққаны болмаса, жағдайлары жақсы. Өрт болған кезде үйде ата-анасы болған жоқ. Мамандар өрттің себебін анықтауда», дейді Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Мадияр Елеусізұлы.
Бақытжанның сынып жетекшісі Бақытгүл Лекерованың айтуынша, батыр бала төрт ағайынды баланың кенжесі екен. Сыныпта тек белсенділігімен көзге түсіп жүретіндігін жеткізді.
«Оқушымыздың бұл әрекеті өз қатарластарына үлкен өнеге болары анық. Себебі, жанып тұрған отқа жас бала түгіл үлкендердің өздері тіксінбей кіруі мүмкін емес. Сыныпта айналасына мейірім шуағын шашып жүретін Бақытжанның тәрбие сағаттарына қатысуы да белсенді. Білім ұясы осындай батыр перзенттермен мақтана алады», дейді сынып жетекшісі.
Қалалық ТЖД басшысы Нұрболат Дербісов батыр ұлды арнайы Алғыс xатпен марапаттады, сондай-ақ «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау үшін еліміздің ІІМ атына және арнайы алғыс xатпен марапаттау үшін қалалық әкімдікке ұсыныс жолдады.
Департамент басшысы ержүрек баланың бұл әрекеті бізге үлкен көмек болды дейді. «Болашақта дайын құтқарушы болуға сұранып тұр. Салалық жоғары оқу орындарына түсуіне кеңес береміз әрі қолдаймыз», дейді Н.Дербісов.
Өрттің неден туындағаны да кейіннен анықталды. Негізінде үйдегі алты жасар қыз бен үш жасар ұл оттықпен ойнап отырып, артынша өртке ұласқан. Өздері өшірмек болған өрт ұлғая түскен.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Кұрсай шағын ауданында бірнеше рет рейдтік іс-шаралар өткізген. Шаһардың шағын аудандарында өрт апаттарының жиі орын алатынының себебі, көптеген үйді жылыту үшін қатты отын пайдаланылады.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ