• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2010

ӘКЕ МЕН АНА БОЛУ БАҚЫТЫ

3689 рет
көрсетілді

Тәңір тіршілікті жалғассыз етіп жаратса, мына шексіз әлемді баяғыда қара түнек басқан болар еді. Адам өмірінің де мәні – ұрпақ. Пәниде жасаған мәнді әрекеттеріміздің барлығы – перзентімізге бағышталған. Бала – пенделердің ғана емес, мына дүние біткеннің мұрагері. Махаббаттың өзін де сұрыптайтын болсақ, ана мен баланың махаббатынан тұрлаулы не бар? Алайда, аналық махаббатты сезінбей, құрсағын жарып шыққан шаранасына мейірімі төгілмей, бір балаға зар болып отырған отбасы қаншама?! Қазір елімізде қиылған әрбір 100 некенің 16-сы бедеуліктің қасіретін тартуда. Дегенмен, экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі бойынша біраз ерлі-зайыптылар бақытқа бөленіп, балалы болуда. Мұны адамзат тарихындағы төңкеріс десе де болады. Осыдан 30 жыл бұрын ғана балаға зар әйелдер осы әдіс туралы армандап та көрмеген еді. Өз елімізде мойындарына бұршақ салып, әулие-әмбие аралап, үмітпен өмір сүргендерге сәби сыйлап жатқан “Экомед” клиникасының жетекшісі, дәрігер-эмбриолог, медицина ғылымдарының кандидаты Салтанат БАЙҚОШҚАРОВАНЫ білмейтіндер некен-саяқ. Ендеше еліміздің түпкір-түпкірінде ана болуды армандағандар көкейіндегі көп сауалды  Салтанат БЕРДЕНҚЫЗЫНА қоямыз. – Салтанат ханым, әдетте ағзадан тыс ұрық­тандыру әдісіне ісі түсіп көрмегендер, құтыда пайда болған балалардың аяқ-қолы бүтін, ақыл-есі дұрыс болып туылатындығына күмән келтіріп жатады... – Бұл әдістің тиімділігі дүние жүзінде дәлел­денген. Экстракорпоралдық ұрықтандыру жолымен дені сау, ақыл-есі бүтін сәби өмірге келеді. Егер дәрігерлер бұл балалардың дамуында физикалық немесе психологиялық ауытқуларға кездесіп жатса, оған баяғыда-ақ тыйым салынған болар еді. Біз қуаныштың орнына адамдарға қасірет сыйлағымыз келмейді. – Қолдан ұрықтандыру арқылы 1978 жылы дүниеге алғашқы болып келген қыз бала қазір 30-дан асыпты. Біздің балаларымыздың алды қаншаға келді? – ЭКО-ның арқасында туылған тұңғыш сәби Англияда доктор Р.Эдвардстың зертханасында “жасалған”. Ресейде қолдан ұрықтандыру 1988 жылы қолға алынса, араға 7 жыл салып біздің зертха­на­да дүние есігін ашқан нәрестенің кіндігі қиылды. – Биыл елімізде осы әдістің қолданыла бастағанына 15 жыл толады екен. – Осы оқиғаға орай Астанада конференция ұйымдастырғалы отырмыз. Италиядан Дүниежүзілік адам ұрпағын өрбіту ассоциациясының президенті Сибирина, сондай-ақ Израиль, Ресей, Германия елдерінен профессорлар келгелі отыр. Мұндай жиындар дәстүрге айналып келеді. Біздің саланың мамандарын қазірге арнайы университеттерде дайындамайды. Сондықтан біз гинеколог, биолог мамандарға өзіміздің және дүниежүзілік тәжірибені үйретіп, баулып отырмыз. Оған қоса “Репродук­т­о­логия” деген журнал шығара бастадық. Ғылыми ізде­ністеріміз, шешілуі тиісті мәселелер осы журналда жа­рық көруде. Және Адам ұрпағын өрбіту ассоциа­циясын құрдық. Мұның бәрі осы салада жұмыс істеп жатқан акушер-гинекологтар мен биологтардың білімін жетілдіруді мақсат тұтады. Осы бастамалар арқылы Адам ұрпағын өрбіту институты деңгейіне дейін көтерілдік. Бірнеше ғылыми жұмыстар жалғасып, зерттеулер жүріп жатыр. Үкіметтен қаржы алмай-ақ, осы ғылымға қызығушылық танытқан мамандарды шетелдік мамандардан кем етпей, халқымызға пайдамызды тигізіп отырмыз. – Қазір Қазақстанда қанша зертхана бар? – Қазір экстракорпоралды әдіспен бойға бала бітіретін 8 орталық бар. 2-уі – мемлекеттікі, қалғаны – жекеменшік. Алдыңғы жылы Астанадағы пациенттердің сұра­нысы бойынша тағы бір орталық аштық. Онда да зертхана жасақтадық. Астанада да егіз балаларымыз туылып жатыр. Ең алғашқы үшемге әкім И.Тас­ма­ғамбетов пәтер бергізді. Сол сияқты Тараз қаласында тағы бір орталық ашылды. Оны ашу да оңайға түскен жоқ. Біраз уақытым осыған кетті. Былтыр еркектер арасындағы бедеулікті зерттеу, жаңа технологиялар қолдануға байланысты Астанада конференция өткіздік. Бірқатар шетелдермен байланыс орнаттық, әсіресе Израиль және Германия елдерімен. – “Экомед” клиникасының зертханасын ашып, жұмысын жолға қоюға жұбайыңыз Батыр Бекмұсаев көп еңбек сіңірген екен. – Және клиникамыздың қазірге дәрежеге жетуіне Мәскеудегі ЭКО орталығының директоры, профессор В.Здановкийдің және Қазақстан Прези­денті Іс басқармасы медицина орталығының бас дәрігері, профессор Б.Құралбаевтың көмегі аз болған жоқ. 1996 жылы осы әдіспен орталығымызда алғаш­қы бала дүниеге келді. Профессор М.Здановский өзінің бір сұхбатында “Жұмысты бастай салып, тоғыз айдан соң құты арқылы баланың өмірге келуі – ТМД елдерінің бірінде болмаған жағдай. Аз уақыт ішінде мұндай нәтижеге өз ісіне жетік, кәсібін сүйетін бірбеткей маман ғана қол жеткізе алатын болады” деп бағалаған болатын. – Салтанат Берденқызы, репродуктология бір орында тұрған ғылым емес екендігін нақты мысал­дармен дәйектеп отырсыз. Бірақ, қолдан ұрықтандыру әдісі – күрделі әрі қымбат. Әлі де болса ауылдық жерлерде қаржы тапшылығын көріп отырған ағайындар аз емес... – Көптеген адамдардың бұл әдіске жүгінуге шамалары келе бермейтіні рас. Біздің технологиялар үнемі үлкен қаражат қажет етеді. Неғұрлым ақшаны көп салсаң, солғұрлым нәтижесі жоғары. Сондықтан сұраныс пен адамдардың әлеуметтік жағдайы сәйкес келмей жатады. Ал, өзіміздегі қалталы азаматтар қолдан ұрықтандыру, іштей ұрықтандыру тәсілдерін шетелдерге барып жасатып жатады. Бала әп дегеннен бола салмауы мүмкін. Әркімнің ағзасы, биологиялық жаратылысы, денсаулығы әртүрлі. Сосын бізге келіп жасатады. Сәтін салып, келіншектері бірден құрсақ көтерсе, қуанып әрі таңқалысып жатқаны. Бір мысал. Жаңа жылда ғана бір елге танымал адамның қызы Израильге барып, ағзадан тыс ұрық салғызып келді. Ол ел Жаңа жылды атап өтпейді ғой. Тура 1 қаңтар күні өз кезегін күтіп отырып, сол елдің өзімен мұңдас келіншегімен тілдесе кетсе, оның сол орталыққа алтыншы рет қолдан ұрықтандыру әдісіне жүгініп келген беті екен. Жерлесіміздің сол жолы құрсағына бала бітпей, өзімізге қайтып келді. Осы жерде ел мына бір нәрсені түсінуі қажет. Көп адамдар соңғы ақша­сын жинап алып келіп, біздің орталыққа берсе, бала көтеремін деп ойлайды. Бала бітпей қалса психо­логиялық күйзеліске түсіп, болмаса ерлі-зайыптылар бірімен-бірі жанжалдасып жатады. Сон­дықтан біздің орталықтың есігін ашқан отбасылардан алдымен жағдайлары қандай екендігін сұраймын. Алғашқы әрекеттен жүкті болатындар аз. Бұл қадам қаражатты ғана емес, төзімді, сабырлы болуды да тілейді. – Бәрі бір Жаратқанның қолында дейсіз ғой. Дегенмен әлемдік Ислам лигасының қолдан ұрықтандыруға қатысты өз пәтуалары бар көрінеді. – Бұл мәселе біздің Парламент Мәжілісінде де қаралған. Нәтижесінде Қазақстан азаматтарының репродуктивтік құқығы туралы заң қабылданған. Мұсылман елдерінің заңдары бірдей емес. Ең бастысы, біз де иманнан аттап кетпеуге ұмтыламыз. Адамдардың тағдырына араласып отырғанымызды ұмытпаймыз. – Салтанат ханым, бірқатар ерлі-зайыптыларға тегін көмектескен кездеріңізде болыпты. – Былтыр ауыл адамдарына маусым-шілде айларында акция өткізіп, 40-50 пайызға жеңілдік жасап, 70 адамға көмектестік. Соның тең жартысы екіқабат болып, бала сүю бақытына ие болды. – Қалайша? Қазір дамыған елдердің өзі бұл тәсілдің тиімділігін 40 пайызға ғана көтеріп отыр. Алғашқы жылдары ЭКО әдісімен балалы болуға ұмтылған әрбір 20 бағдарламаның біреуі ғана жүктілікпен аяқталып отырғанынан хабардармыз. – Солай болды. Біздің бұл әрекетімізді Құдай қолдаған болар. Сирек болатын жағдай. Бірақ, үнемі жеңілдік жасауға мүмкіндік бола бермейді. Биыл Үкіметімізде 100 әйелге тегін жасау туралы жоба ұсынып отыр. Әр адамға мемлекет 675 мың теңге бөлмек. Бұл әдіске бізде 190 мың теңге кетеді және түрлі дәрі-дәрмектерге 200 мың теңге қажет. Яғни, қолдан ұрықтандыруға бір рет жүгінудің өзі 300-400 мыңға барып жығылады. Ал мемлекетіміз осы мақ­сат­қа әр адамға айтарлықтай қомақты қаражат бөлмек. – Сіздер қанша отбасының сауабын алмақсыздар? – Бұл жоба тұңғыш рет қолға алынып жатқан­дықтан, біз қазірге оған қатысудан бас тартып отыр­мыз. Оны бірінші болып мемлекеттік зертханалар жүзеге асырады. Нәтижесі жыл аяғында белгілі болады. Бірақ, тегін акция барлық баласыз әйелдерге бір-ақ рет жасалынады. Олардың жасы 25-35 жас аралығында болуы қажет. – Әр облыстан 5-6 әйел ғана осы жобаға қатыса алады екен. Тым аз емес пе? – Аз. Күн сайын осы мәселеге орай менің телефоныма қаншама адамдар хабарласып, үміттеніп жатады. Бұл мәселе орталық және облыстық денсаулық сақтау мекемелері арқылы реттеледі. Қазір еліміздегі ең көкейкесті мәселенің бірі де осы ма деп ойлап қалдым. Бір ғана бала тауып, одан кейін құрсақ көтере алмай жатқандар да жеткілікті. Дегенмен, бұл жоба енді қолға алынды. Жыл өткен сайын осы бастама құлашын жайып, көптеген адамдарды қамтиды деп ойлаймын. – Елімізде осы әдіспен дүниеге келген сәбилердің саны қанша? – Осы 15 жыл ішінде Қазақстанда 5 мыңға жуық бала ағзадан тыс әдіспен дүние есігін ашты. Қазір жыл сайын өмірге 500-дей бала келіп жатыр. Бүгінде елімізде репродуктивті медицина саласында жүзге жуық маман жұмыс істеп, тәжірибелерін байытуда. Олардың көпшілігі халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, әлемдік деңгейдегі сертификаттарға ие болған дәрігерлер. Қазақстан бұл үрдіске кенжелеп қосылса да, кәсіби тұрғыда тоқырап қалған жоқ. – Медицина бедеулікті емдеуде дәрменсіз емес. Алайда, ерлер арасында болсын, әйелдерде де осы дерт белең алып келе жатқан сияқты әсер қалдырады. – Бедеулік жыл өткен сайын азаюдың орнына көбейіп келеді. Дүниежүзіндегі отбасылардың 15-20 пайызының басын ауыртып, балтырын сыздататын да осы. Біріншілік бедеулік деген бар, бұл – мүлде бала көтермегендер. Екіншілік бедеулік деген – бір баланың бетіне қарап қалғандар. Бұрын түсік жасатқан қыз-келіншектер осының зардабын тартып өтуі әбден мүмкін. Мүмкін біздің осы сұхбатымызды оқып отырған адамдар ойланып, түсік жасатудан бас тартса, біздің осы әңгімеміздің талайларға сауабы тигені деп біліңіз. Сондықтан түсік жасатар алдында он рет ойланып, мың рет толғануға кеңес берер едім. Сол сияқты еркектер мен әйелдердің бедеулік деңгейі теңесті. Әйелдер арасында бедеулік көбінесе суық тиюден, жыныстық қатынастардан, түсік жасату немесе түсік тастаудан пайда болған аурулардың қабынуынан болса, еркектер ерте немесе кездейсоқ жыныстық қатынастар кезінде жұқтырған жұқпалы аурулардың асқынуынан, суық тиіп, қабынудан өзінің репродукциялық қабілетін жоғалтып жатады. – Желдің өтінде, жаңбырдың астында, қыстың аязында ауыр еңбек еткен ата-бабаларымыздан гөрі, қолын жылы суға малып отырған замандастарымыз белсіздік пен бедеулік тақсіретін тартып отырғаны шындығында да ойлантады? – Өткенде бір конференцияда айтылған деректер мені шошытты. Мысалы, 2001 жылы ерте жыныстық қатынасқа түсудің орта жасы – 16 жас болса, былтырғы деректерге көз салсаңыз, бұл көрсеткіш 12 жасқа дейін құлдырапты. Оған БАҚ-тың да әсері бар. Әрине, мұндай оспадар қылықтарды өзіміздің мемлекеттік телеарналар көрсетпейді. Бірақ, жүгенсіз кеткен спутниктік арналар бар емес пе?! Соны жақында, тіпті күндіз бір шетелдік арнадан көріп, талып түсе жаздадым. Екі әйелді отырғызып, кәдімгі банан арқылы жыныстық қатынасқа түсу “өнерін” үйретіп жатыр. Осыны көрген бала­ларымыз не істейтінін өзіңіз пайымдай беріңіз. Мұны 12 жастағы емес, 5 жастағы бала да көріп отыр ғой... Ал 12 жаста жыныстық қатынасқа барған жеткіншектер әрине, жүктілікті тежеу үшін гормондық препараттар ішеді. Болмаса түсік жасатып тынады. Жыныстық аурулар жұқтырады. Осыдан кейін бедеу болмай көр... Бедеулікке экологияның да, жеп отырған тама­ғы­мыздың де әсері бар. Осының бәрінің денсаулық­қа салмағы түседі. Өркениеттің де, жаһанданудың да жақсылықтарымен қоса өтеуі де бар екендігіне көзіміз жетті. Жалпы, балалы бола алмай жатсаң, оған Үкімет те мемлекет те кінәлі емес. Әр адам өз тіршілігін жасап, бау-бақшасын егіп, табиғи тамақ ішіп, еңбектенсе, неге ауру болады? Уақтылы тісі­мізді емдетіп, дәрігерге қаралып тұруға мойнымыз жар бермейтінін қайтерсің. – Сіздерге келетін әйелдердің орта жасы шамамен қаншада? – Бізге балалы болудан үміттеніп келгендердің дені қырықтан асқан әйелдер. – Осыны сұрайын деп едім. Біраз жыл бұрынғы сұхбатыңызда жасы келген ерлі-зайыптылар сіздің орталықтан құрсақ көтеріп, бақытқа бөленгені туралы қуана баяндап едіңіз... – Біздің орталықта ең жасы үлкен, жүкті болған әйелдің жасы – 51-де, маған келгенде оның жасы 47-де, жолдасы 49-да еді. Алғаш келгенде бірден аяғы ауыр болып, оның қадірін білмей, түсіріп алды. Оңтүстік өңірінен келген басқа ұлттың адамдары болатын. Қазақшаға да судай еді. 47 жастағы әйелде гормондық жетіспеушілік міндетті түрде болады, берген дәрі-дәрмектерімізді толық қабылдамаған соң, бойға біткен бала 8-9 апталығында түсіп қалыпты. Мен оған маман ретінде де, адам ретінде де қатты ренжідім. Оның үстіне бірден жүкті болғанына қуанып жүр едім. Ондай жаста бұл сирек кездесетін оқиға. Бір жылдан соң жаңағы кісілер келейік деп, қайта хабарласып тұр. Еккен егінімді өртеп жібергендей болған соң, оң қабақ таныта қоймап едім, жалынып-жалбарынып жүріп, ақыры келді Алматыға. Әйелдің жатырында миома бар екен. Басқа дәрігерге жібердім. Жақсылып емделіп, жарты жылдан соң қайта келді. “Менің айтқанымды бұлжытпай орындасаң қайта әрекет етіп көреміз. Бұрынғыдай жүйкемді тоздыратын болсаң, текке қаражатыңды шашпа. Мен де өз еңбегімнің нәтижесін көргім келеді” дедім. Олардың 47 жасында алынып, қатырылып қойған эмбриондары болатын. Соны қайта қолдандық. Сөйтіп, тағы да жолымыз болды. – Бала да адамның пейіліне беріледі деген рас па? – Рас-ау, жаңағы адамдар бала біткен күннен бастап менің айтқанымды екі етпеді. Солар бір рет маған ақша жоқ, көмектесіңіз деген емес. Түрлеріне қарасаң қарапайым, киімдері де жұпыны. Ұлды болған соң, қандай қызмет істейсіңдер деп сұрадым. Ері кәуап пісіріп сатады екен. – Әңгіме жасы қырықтан асқандар туралы еді? – Иә, көп қандастарымыз жасы қырықты орталап, амалдары таусылғанда ЭКО орталықтарына келеді. Кіргеннен жағдайларын айтып, жылайды. Жасы өтіп кеткендіктен де ұрық жасушалары жоқ. Осы уақытқа дейін не істеп жүргендерін сұрасаң: “Той жасадық, Қайнымыз үйленді. Пәленшенің асы болды, түгенше сөйтіп қалды” деп бір жырды бастайды. Қолдарында менің 5-6 жыл бұрын бір газетке шыққан, жыртылуға жақындаған мақалам жүреді. Біз барлық керек-жарақты Еуропа елдерінен сатып аламыз. Олар бізге тегін бермейді, жеңілдік жасамайды. Адамның баласын жай ыдыста, жай бөлмеде өсіру мүмкін емес. Мұның бәрі өте жетіл­дірілген, әбден сынақтан өткен технологиялармен жасалынады. Оның бәрін қолданылып болған соң, қанша қымбат болса да тастауға тура келеді. Біз даму үшін, үнемі технологияға қаражат салып отыруымыз қажет. Осының бәрін пациенттерге айтып, түсіндіру қиын. “Біз бизнесмен емеспіз ғой” деп шыға келетіндер бар. Бизнесмен оңай ақша тауып отыр деп кім айтты? Бізді саудаласып шаршататындар бар. Осындай ойдан арылатын кез жетті. Шетелдік әріптестеріміз ешкімнің көңіліне қарап, жағдайларын сұрап, уақыт өлтірмейді. Өз шаруаларын ғана біледі. Біз қанша дегенмен қазақпыз ғой. Аяушылық сезім бар. Алайда, мемлекеттік мәселені бір адам, бір орталық шеше алмайды. Қазірге Қазақстан ЭКО-ны 40 рет болса да мемлекет қаражатына 44 жасқа дейін тегін жасап беретін Израиль емес. Израиль осыған орасан қаржы бөліп отырған жалғыз ел. Соның өзінде жекеменшік орталықтарға барып, өз қаражатына балалы болғысы келетіндер бұл елден де табылады. – Бізде шәует сақтайтын бірегей криобанктің жоқ екендігі айтылып жүр. Ұрпақ сүйгісі келген еркек мүлде ұрықсыз болса... Сіз журналистердің жиі қоятын сұрағын қайталап отырсыз. Ұрығы жоқ еркектер сирек те болса кездеседі. 10 пайыз азаматтарымыз ұрықсыз болып келеді. Бірақ, олардың жұмыртқасын тесіп, микро­инъекциялық әдіспен ұрық алуға болады. Мұнан да түк шықпаса, өз тәжірибемде бірге туған бауырынан ұрық алуға ұсыныс беремін. Біріншіден, олардың гендері бір. Моральдық жағынан дұрыс болып көрінбеуі де мүмкін. Дегенмен, түрік ағайындар бұл мәселені тек осылай шешіп отыр. Донорға жүгіну де қиын, қазір түрлі жұқпалы аурулар көп. Донор боламын деп келген жүз жігіттің біреуі ғана барлық талаптарға сай болуы мүмкін. Донор ұрығын 5 айға карантинге қойып, толық тексеру керек. Бірақ, бөтеннің аты бөтен. Тұқым қуалайтын дерттер көп. – Қазір шетелдік мамандармен қоян-қолтық жұмыс жасап, көптеген технологиялар мен препараттардың сырттан тасылып жатқанын айтып отырсыз. Әлемде репродуктология ғылымында қандай ілгерілеу бар? – Жылдан жылға бедеулік мәселесі күрделеніп те келеді. Қолдан ұрықтандыру тәсіліне тек табиғи жолмен бала бітпейтініне әбден көз жеткізгенде ғана жүгінеміз. Медицинада адамды клондаудан басқа, діңдік талшықтан еркек ұрығын жасау мәселесі қолға алынып, зерттелуде. Егер қазір қолданылып жатқан әдісті кесте бойынша айтсаң, оңай сияқты. Ұрықты еркек пен әйелден алдың, екеуін құтыда қостың, жатырға салдың, одан бала пайда болды. Шын мәнінде ондай оңай емес, технологияның қыр-сыры көп. Және бұл гинекология емес, бірнеше маман­дықтың тоғысқан жері. Бір танысымның: “Соғым сой­ып, екі үй бөлісіп алып едік, жартысы дәмді бол­ды, жартысы дәмсіз болды” дегені бар десем, мәселе етті тұздағанына, баптағанға байланысты. Сондықтан әрбір орталықтың, әрбір зертхананың өзіндік ерек­шеліктері бар. Неғұрлым жақсы нәтижеге жету үшін инемен құдық қазғандай жұмыс істеу керек. Жалпы, табиғатта адамның бала көтеру қабілеті төмен. – Жас келіншек әрең дегенде аяғы ауыр болып, алайда көп ұзатпай түсік жасатқанын бір кездескенде күйзеле айтып едіңіз... – Бұл соңы түсік жасатумен аяқталған сорақы оқиға болды. Бір келіншек басқа орталықтарда ЭКО әдісіне үш рет жүгінген екен. Біздің орталықта бірден жүкті болды. Бір күні “Аборт жасатайын деп едім” деп келіп тұр. Бұл да сирек болатын оқиға. Не болды дестік, өре түрегеліп. “Бұрын бала көтере алмай жүргенде күйеуім ішіп, басқа әйелдермен қыдыратын. Қазір де сол қылығын тыйған жоқ. Оған бала керек емес. Отбасымыздың кикілжіңіне бұл себеп емес екен” дейді. “Бала оған керек емес болса, өзіңе керек. Ақы­мақ болма. Ішіңдегі шарананы қалай қиып өлтіресің” дейміз. “Мен өзіме де, оған да бала көтере алатынымды дәлелдедім. Сізге ризамын, көмектескеніңізге рахмет!” дейді. Тілім жеткенше ақылымды айтып жібердім де біраз күн өткен соң, райынан қайтқан болар деп хабарлассам, баласын алдыртып тастапты. Сол кезде көз алдыма балалы бола алмай зар еңіреп, көздері боталап отыратын қаншама әйел келді. Жақында біздің орталыққа тағы бір жұп келді. Келіншегі 22-де, ері 32-де, үйленгендеріне бір жыл болыпты. Үйлерінде күнде ұрыс-керіс. Екеуінің де кикілжіңнен жүйкелері тозған. “Бала соншама керек болса, 30-дан асқанша неге үйленбедің? 22-дегі әйелдің табиғатта бала көтеру мүмкіндігі бір айда 15-20 пайыз ғана” дедім. “Ойбай, біз тойға барудан қалдық. Менің құрдастарымның 2-3 баласы бар” дейді жігіт. “Біздің орталық тауықтың жұмыртқасына мөр басатын цех емес, шыдам, сабыр керек” десем де қоймаған соң, қолдан ұрықтандырдық. Сонымен сәті түсіп, әлгі келіншек жүкті болды. Араға аз күн салып пациентіміз әйелімен келіп тұр. “Баланы алдырып тастаңыз. Әйелім екіқабат болғалы бері қанымды ішіп бітті. Ананы жегісі келеді, мынаны жегісі келеді. Шешеммен де керіседі. Мінезі жаман екен...”. Көрдіңіз бе? Кикілжіңмен басталған тірлік – солай бітеді. Бірін бірі сүйетін адамдар қандай қиындық болса да айырылмайды. Бес баламен де, он баламен де ажырасқандарды табуға болады. Әрине, әйел жерік болады. Біреулерде токсикоз өте ауыр жүреді. Кейбіреулерде керісінше. Сондықтан да әйелдер де аяғым ауыр болды екен деп, тым жөнсіз еркелемегені, міндетсімегені дұрыс. Шыдам керек, шірене берме, тым артық кеткенді еркектер де көтере алмайды. Ақылды еркек, түсінігі мол ата-ене құрсақ көтерген келіншекке онсыз да жағдай жасайды. Айтайын дегенім, ауызбіршілігі жоқ отбасын бала да біріктіре алмайды. Менің бұған маман ретінде де, адам ретінде де көзім жетті. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен, Айнаш ЕСАЛИ,Алматы