Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыста қаралатын мәселеге орай Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады.
Министр Е.Тұрғымбаев полиция қызметкерлерінің құқықтық-әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі Елбасы мен Үкімет қолдауының арқасында шешіліп жатқанын жеткізді. Алайда, жаңа форматтағы полицияны құру бірқатар мәселелерді шешуді қажет етеді. «Ең алдымен, полиция қызметкерлерінің жалақысы төмен. Мысалы, полиция сержантының орташа жалақысы бүгінде 87 мың теңге, ал лейтенанттан майорға дейінгілер 110 мыңнан 147 мың теңгеге дейін айлық алады», деді ол. Оның сөзіне сенсек, бұл сома өзге органдардағы дәл осындай шенді қызметкерлердің жалақысынан 10-50 пайызға төмен.
Министр кадрлық жағдайға да тоқталды, мамандардың тұрақсыздығы жұмыс сапасының артуына кедергі келтіруде. «Былтыр 8800-ден астам маман қызметтен кетті. Соның 42 пайызы өз еркімен шыққан. Бүгінде 11200 полиция қызметкері жеткіліксіз. Бұл 14 пайызды құрайды. Ішкі істер министрлігінде жұмыс осы себепті толыққанды атқарылмай отыр», деді Е.Тұрғымбаев.
Мемлекет басшысы өткен жылы: «Полиция мен тұрғындардың арасындағы байланыс ескірді. Өкінішке қарай, біздің елде реформа жасауда кенжелеп қалған осы ішкі істер органы болып отыр», дей келе, жедел түрде реформа жүргізуді және штаттық бірлікті қысқартып, үнемделген қаржы есебінен полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырған еді. Осыған орай, министр Е.Тұрғымбаев отырыстағы баяндамасында: «Қазіргі таңда министрлік Үкімет бекіткен Ішкі істер органдарын жаңғырту жөнінде жол картасын іске асыруда. Оның шеңберінде ішкі істер органдарының штат саны 10 пайызға, яғни 10 мың 860 бірлікке, осының ішінде басшы құрамының саны 1 мыңға қысқартылды», деді. Министрдің мәліметінше, осы қысқартудан үнемделген 16 млрд теңге қызметкерлердің жалақысын өсіруге жұмсалады.
Бұдан бөлек, комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов Ішкі істер министрлігіндегі реформаға талдау жасау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымынан арнайы сарапшы келетінін айтты. «Бұл маман құқық қорғау, сот органдарындағы адам құқығының сақталуына сараптайтын болады. Ол біздің реформамызды зерделеп, одан кейін соның негізінде сараптама жасайды», деді ол. Айта кетейік, БҰҰ сарапшысы елімізге мамыр-маусым айларында келмек.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»