Өзбекстанның қажеттілігі өтеледі
Аталған келісім екі мемлекеттің мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастығын ынталандыруды, Өзбекстанға шикі мұнайдың жеткізілуін ұлғайтуды, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігін күзгі-қысқы кезеңде табиғи газбен үздіксіз жабдықтауды көздейді. Сондай-ақ Өзбекстанның газ-көлік жүйесін пайдалану арқылы еліміздің оңтүстік аймақтағы газ қауіпсіздігін дамытуға ықпал етеді.
– Қазақстан алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұнай жеткізуге дайын. Ол шикізатты Шағыр стансасындағы теміржол цистерналарына ауыстырып, тиеу арқылы Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбыры бойынша жеткізіледі. Қазіргі уақытта осы бағыттағы тариф бір тонна үшін шамамен 25 АҚШ долларын құрайды, – деді Энергетика министрі.
Оның айтуынша, казіргі уақытта Өзбекстанның сұранысы бойынша Ресей тарапы жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай жеткізу мәселесін қарастыруда. Бұл ретте Қазақстан екі ел арасында транзиттік тарап ретінде қаралады.
– Жалпылай айтқанда, Өзбекстан жылына 5 млн тоннаға дейін мұнай сатып алуды жоспарлауда. Соның ішінде Қазақстаннан – 2 млн, Ресейден 3 млн тонна мұнай сатып алуға ниетті. Сонымен қатар Қазақстанның өзінен 5 млн тонна мұнай алуды да қарастыруда, – деді Қ.Бозымбаев.
Министрліктің деректеріне қарағанда, Өзбекстанға бес млн тонна мұнайды тұрақты жеткізу үшін көлік инфрақұрылымына біршама инвестициялар қажет. Атап айтқанда, Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы транзиттеу кезінде Түймазы – Омбы – Новосібір екі мұнай құбырының өткізу қабілетін 11 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға дейін кеңейту қажет болады. Сонымен қатар «Трудовое» мұнай құбыры стансасын қайта жарақтандыру талап етіледі. Бұған қажетті болжамды инвестициялар 70 млн АҚШ долларынан асады. Сондай-ақ Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін ұлғайту үшін қажетті инвестиция 120 млн АҚШ долларынан асады.
Оның үстіне еліміздің оңтүстігінен Өзбекстан шекарасына дейін қуаты жылына 5 млн тонна өткізуге қабілетті жаңа мұнай құбырын салуға 133 млн АҚШ доллары қажет.
– Қажетті инвестицияларды ескере отырып, Қазақстаннан Өзбекстанға мұнай тасымалдау тарифі бір тонна үшін шамамен 60 доллар болуы мүмкін. Ал Ресейден мұнай транзиті бір тонна үшін шамамен 38 АҚШ долларын құрауы мүмкін. Ол мұнайды еліміздің батысындағы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарынан жеткізуге болады, – деп атап өтті Қ.Бозымбаев.
Кеңесшілерге талап күшейеді
Жалпы, отырыста мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттар бастамашы болған заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасының негізгі нормалары конкурстық іріктеуден өткен және тиісті жергілікті атқарушы органдардың басшылары лауазымына тағайындалатын кандидатураларды орталық атқарушы органдармен міндетті келісу туралы нормаларды қолданыстағы бірқатар заңдардан алып тастауға, конкурстық комиссия мен бірыңғай конкурстық комиссия құру тәртібін нақтылау жолымен конкурстық ресімдерді жетілдіруге, уәкілетті органның мемлекеттік қызметшілерді басқа мемлекеттік органдарға іссапарға жіберу тәртібін әзірлеу жөніндегі функцияларын бекітуге, мемлекеттік қызметті тоқтату және қайта бастау мерзімдерін нақтылауға, сынақ мерзімін есептеу мен өткізу тәртібін және міндетті арнайы тексеру жүргізу тәртібін нақтылауға, саяси мемлекеттік қызметшілерді, сондай-ақ «А» корпусының кадр резервіндегі адамдарды «А» және «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындау тәртібін нақтылауға бағытталған.
– Бүгінде заң талаптарына сәйкес сынақ мерзімі арнайы тексерудің оң нәтижесі алынғаннан кейін ғана есептеле бастайды. Дәл сол кезден бастап конкурстан өтіп, қызметке кірген адам мемлекеттік қызметші болып саналады. Бұл ретте арнайы тексеру жүргізу мерзімі 3 айға дейін созылады. Ал сынақ мерзімі 3 айдан басталып, кейбір жағдайларда 6 айға дейін созылуы мүмкін. Соның салдарынан азаматтар 9 айға дейін тағайындаудан өтпей, қызметші өзіне тиесілі әлеуметтік қолдауларды толық ала алмайды. Соған байланысты депутаттар сынақ мерзімін еңбек шарты қолданыла бастаған кезден немесе конкурстан өткені азаматтың жұмысқа келген күнінен бастап есептеуді ұсынып отыр, – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов.
Отырыс барысында депутат Зағипа Балиева кеңесшілер институтының қызметіне қатысты сауалында, олардың қызметке тағайындаларда конкурстардан өтпейтіндігін, соған қарамастан мемлекеттік функциялар жүктеліп, құпия мәліметтермен жұмыс істейтіндігіне, үкіметтік байланыстар қызметін пайдаланатындығына тоқталды. Бұл сауалға берген жауабында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова: «Бүгінгі заң жобасы бірінші басшылардың кеңесшілері үшін тиісті шектеулер қою тұрғысында қызметті жетілдірудің бірқатар нормаларын қарастырады. Олар үшін қазіргі кезде мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігі бар, алайда осы санаттағы адамдардың әрі қарай өсуіне шектеулер қарастырылған. Егер де бұрындары шектеу болмаса, енді біз осындай шектеуді енгіздік. Атап айтқанда, кеңесші лауазымына тағайындалғаннан кейін, алдағы уақытта конкурссыз басқа қызметтерге мансаптық өсуіне жол берілмейді», деді.
Жалпы, отырыста сондай-ақ Тәжікстан, Қырғыз, Қазақстан республикалары мен Исмаилиттер Имаматы арасындағы Орталық Азия Университетін құру жөніндегі шартқа хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасымен бейінді комитетке жұмысты жалғастыру тапсырылды. Депутаттар, сонымен қатар «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»