Бүгінде елімізде тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Мемлекеттен субсидия алу арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге қол жеткізуге болады. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады. Бұл үшін:
- банкке нарықтан бастапқы тұрғын үй сатып алу мақсатында жеңілдетілген кредит алу үшін ипотекалық қарыз алуға құжаттарды (бастапқы тұрғын үйдің және өзінің жеке құжаттары) және субсидия алуға өтініш беруі тиіс;
- ішкі құжаттарымен белгіленген процедураларға сәйкес банк төлем қабілеттілігін және ұсынған кепілдікті бағалайды;
- ипотекалық қарыз беру туралы оңтайлы шешім қабылданған жағдайда, банк 3 жұмыс күні ішінде Қазақстан ипотекалық компаниясына субсидия беру туралы қолдаухат жолдайды;
- Ипотекалық компания 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың бағдарлама талаптарына сәйкестігін тексереді және субсидиялау туралы шешім қабылдайды;
- шығарылған шешімнің негізінде банк қарыз алушымен банктік қарызы, төлеу кестесін, ипотекалық келісімін жасасады.
Бұл бағдарлама бойынша Астана, Алматы қалаларындағы тұрғын үйдің әр шаршы метрінің бағасы 180 мың теңге, ал еліміздің басқа аймақтарында 140 мың теңге болмақ.
Бүгінде тұрғын үй бағдарламаларының ішіндегі ең тиімдісі – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Өйткені несие мөлшерлемесі 5%. Сатып алатын үйіңіздің толық бағасының 20%-ын төлеп, 3 жылдан 25 жылға дейін несие алу мүмкіндігі бар.
Одан бөлек, банктің құрылыс компанияларымен бірлескен «7-20-25» бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның «Нұрлы жерден» айырмашылығы – несие мөлшерлемесінің 7% болуында. Бұл бағдарлама «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Еуразиялық Банк», «RBK Банк», «Халық Банк» сынды бірқатар банкпен серіктестік арқылы жүзеге асырылады. Толық соманың 20%-ы төленген тұрғын үйдің қалған ақысы 25 жылға дейін аталған банктер арқылы несиеге беріледі.
Жоғарыда айтылған бағдарламалар арқылы үй алу үшін ҚТҚЖБ банкінің салымшысы болуы қажет. Банк депозиттерінің көлемі әртүрлі. Соған байланысты ай сайынғы жарнаның да мөлшері белгіленген.
Дайындаған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»