• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2019

Қостанай облысында Бірыңғай жиынтық төлем жинала бастады

419 рет
көрсетілді

Биыл қаңтардан бастап, Бірыңғай жиынтық төлем төлеу жүйесі енгізілді. Елімізде азаматтардың құқын қорғау бағытындағы іс-шаралар үздіксіз жүргізіледі. Белгілі жұмысы жоқ, күнкөрісіне қажетті қаржысын өзі табатын азаматтар басы ауырып, балтыры сыздағанда, қарттығы келгендегі зейнетақысын ойлағанда, өмірде ауыр жағдайларға жолығып қалғанда немесе жас отбасылар сәбилі болғанда, әйелдер баламен үйде отырып қалғанда не істемек керек?  

Әрине, осындай жағдайларда құқы сақталуы үшін мемлекеттің ғана емес, әркім­нің өз тарапынан да іс-қи­мыл бол­уы тиіс. Осы мәселені оң­тай­лы шешу үшін елімізде халықтың формаль­ды емес жұмыспен қамтылған бөлі­­гіне құқықтық мүмкіндік беруге бағыт­талған механизм жасалды. Мұны – Бірың­ғай жиынтық төлем (БЖТ) меха­низ­­мі. 

Жыл басында облыс әкімі аппараты мәжілісінде әлеуметтік және еңбек құқы­ғының толық пакетін ұсыну үшін өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды формализациялау қажеттігі, ал облыс­та ондай жандардың саны 18 мың екені, бұл үшін халыққа түсін­ді­ру жұмыстары жүргізілуі тиіс екені айтыл­ды. Қазір облыс аудандары мен қала­ларында өзін өзі жұмыспен қам­тып отырған адамдарға БЖТ төлеуді түсін­ді­ру жұмысы жаппай жүріп жатыр. 

Алдымен «өзін өзі жұмыспен қамту» дегеннің не екенін жұрт біледі. Еш жерден белгілі жалақы алмай, сау­­да жасаса да, ауылда қолдағы бір-екі сиырының сүтін, адамдардың сұра­нысы­­­на орай киім тоқып, бәліш пісіріп сатса да, жеңіл көлігімен жолаушы тасыса да ешкімге алақан жаймай, күнін кө­ріп отырған жандар баршылық. Бірақ олар ешқандай салық төлемейді. Бірың­ғай жиынтық төлем – салықтың төрт түрін, яғни жеке табыс салығын төл­еуге, әлеуметтік және медициналық сақ­тандыру қорларына, сондай-ақ бірың­ғай жинақтаушы зейнет­­ақы қорына аудар­ымдар жасау­ға мүмкіндік береді. 

– Әлеуметтік медициналық сақтан­ды­ру қорынан төлемдер тек 2020 жыл­дан бастап жүзеге асырылады. Қазір тек жинақтау жүріп жатыр. Осы­ны көп адамдар түсіне бермейді. Бір­ың­ғай жиынтық төлемнің 40 пайы­зы осы әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорына кетеді. Адамдар қалта­сы­нан шығын шыққандай көреді. Мы­са­лы, ауылдық жердегілер төлейтін Бірың­ғай жиынтық төлемнің 505 теңге­сі әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру қоры­на түседі. Есесіне айына 1 мың теңгенің медициналық қызметін алып отырады. Ал әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру қоры төлем жасайтын 2020 жылдан бастап, осы айына 505 теңге төлеп отырған кісілер ауырып, ота жасататындай жағдай туғанда осы қордан емінің құнына қарай қаржы бөлінеді. Ол аз да емес. Мысалы жүрек­ке жаса­ла­тын операциялар кемін­де 1,5 мил­лион теңге тұрмай ма? Мұнан ар­тық мемлекет жасайтын мүм­кін­дік қандай болуы керек? – дейді Әлеу­мет­­тік медициналық сақтандыру қоры облыс­тық филиалының директоры Сәуле Аймағамбетова. 

Бірыңғай жиынтық төлемнің не еке­нін түсі­ніп болмағандар оны қалта­сын қағатындай көреді. Алтынсарин ауда­нын­­­дағы Большая Чураковка ауылын­да тұратын Гүлнар Сәфиева – өзін өзі жұмыс­пен қамтып отырған жан­ның бірі. Алматыға барып, азын-аулақ киім-кешек әкеліп сатады, үйін­де 4 сиы­ры бар, оны сауып, сүтін өт­кізе­ді. Күй­еуі де қолға іліккен жұмыс­­ты қай­тар­­май, күнделікті бала­ла­­рының нәпа­­қасын табады. Отбасы екі бала өсі­ріп отыр. 

– Мұны түсінбегендіктен «мемле­кет жұмыссыздардың өзінен салық алып жа­тыр» деп ойлайтынымыз рас еді. Аудан­дық жұмыспен қамту бөлі­мі­нен маман­дар келіп түсіндірді. Мұның алдымен әркімнің өзіне қажет дүние еке­нін түсіндім де, мен БЖТ тө­леу­ге бір­ден келістім. Ауылда тұ­ра­­тын­­дар­ға ай сайын төлейтін 1263 тең­ге ешкімге жал байламайты­ны анық, жаныңа тимейді. Есесіне қоғамда бар екенің­ді сезінесің, әлгі қорлардан керек уақытында жүгірмей көмегіңді аласың, – дейді Гүлнар. 

Аудандар мен қалалардағы мамандар өзін өзі жұмыспен қамтыған әр адаммен сөйлесіп, БЖТ-ның тиім­ді­лігіне олардың көзін жеткізуге тыры­сып отыр. 

– Ауданда 800-ге жуық белгілі жұмы­сы жоқ адамдар бар. Әр ауыл­дық ок­руг­терге барып, ондағы тұрғын­дар­ға тү­сін­діру жұмыстарын жүргізу оңай емес. Адамдар әртүрлі ғой. Қа­зір­­гі уа­­қыт­­та ауылдағылар үшін 1263 теңге көп ақша емес. Көптеген жандар тү­сін­ген болды, төлемін төлеп те жа­тыр. Тіпті, түсінгісі келмей­тін­дер, арқа­­ны кең­ге салған, масыл­дық психо­ло­­гия­дан әлі де арыла алма­ған жауап­сыз жандар «төлейтін еш­теңем жоқ, Үкімет далаға тас­та­мас» деп есігін жауып алады. Бірақ түсін­діру жұмыстары барынша жүріп жатыр, – дейді Алтынсарин аудандық жұмыс­пен қамту орталығының директоры Қойшы­ғара Оспан.

Өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткен қала тұрғындарына да Бірыңғай жи­ын­­­тық төлем туралы түсіндіру жұмыс­та­ры аз емес. «Суына дейін сатулы» қала­да қарап отырған адам­ның күні өтпейтіні аян. Сонау 90-шы жылдары жұ­мыстан қысқарып кеткен­нен кейін Анна Грещенконы өзінің қолөнері – тоқыма асырап келеді. Қарап отыратын күні аз. Сұраныс та жоқ емес. Дүкен толы киім болса да, қолдан тоқы­­ған бұй­ым­­ға қызығушылық біл­ді­ре­тіндер жет­кі­лікті. Бірақ Анна са­лық та, зейнет­ақы қорына төлем де төле­ген емес. Содан өзін ауада ілі­ніп тұрған­дай сезініп жүретін. «Жер бетінде жүрсек, қарттық қайда қаша­ды, ол да келер. Сонда күнкөріс қалай болар екен?» дегенді ойламайды емес, ойлап қояды. Бірақ бүгінгі күнкөріс қамы ондай ойды серпіп жібере береді. Денсаулық бәрінен де қымбат. Сондық­тан әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру туралы Анна соңғы кезде кө­бірек ойланатынын жасырмады. 

– БЖТ туралы өткен жылдан бері ес­тіп келемін. Әлеуметтік ме­ди­ци­на­­лық сақтандыру, зейнетақы жинақ қор­ларына төлемдер де осы Бірыңғай жиын­тық төлем құрамына кірді дегенге елең ете қалдым. Соның анық-қанығын білсем деп едім. Бірыңғай жиынтық төлемге кіретін төрт төлем де керек. Қалалықтар үшін 2525 теңге қалтаңды қағатын қаржы емес ғой. Әрине, айына төлеп отыруға болады, – дейді Анна. Бір Анна емес, естігенмен әлі анық-қанығына көзі жетпей, дүдәмал жүргендер бар­шы­­лық, бәлкім. Тиісті орындарға түсін­ді­ру жұмыстарының жолын көбірек қарастырып, тиімділігін арттыра түсу керек секілді.

Жыл басынан бері облыс аумағында 700-ден астам адам Бірыңғай жиынтық төлем төлепті. Әрине, бұл көп емес, істің бастамасы ғана. Бүгінде ақпарат заманы. Жұрттың көзі ашық. «Бір­ың­ғай жиынтық төлем» дегеннің не екенін телефоннан түспейтін қа­уым интернетті ашып жіберсе де біліп алады. Адамдар­дың әлеуметтік тұрмы­сының жақ­саруына мемлекет тара­пынан жасал­ған мүмкіндіктерді әр­кім дұрыс пай­далануды түсінетін кез жетті. Халқы­мызда: «Көрпеше төсе­сең, өзіңе төсейсің» деген сөз бар. Бірыңғай жиынтық төлем механизмі халықтың осы даналығын еске салады. Бұл – мемлекетті жарылқау емес, әркімнің өзі үшін, алдағы өмірінің қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрмысының қалыптылығы үшін өз қамын өзі жеуі деп түсінгені абзал. Дегенмен сең қозғалғандай...

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

ҚОСТАНАЙ