• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Ақпан, 2019

Қазақстан экспортшыларына ҚХР, БАӘ және Иран нарықтарына шығу жеңілдейді

375 рет
көрсетілді

Қазақстан экспортшыларына Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері мен Иран нарықтарына шығу жеңілдейді. Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, экспортқа бағдарланған компанияларға Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаржылық қолдаудан тыс  көмек шаралары көрсетіледі.

«Экспорттаушыларға қолдаудың сервистік шараларын күшейту аясында ҚХР, БАӘ және Ираннан инспекциялық комиссияларды қазақстандық экспорттаушы кәсіпорындарға шақыру арқылы олардың нарықтарына оңай  шығуды қамтамасыз ету жоспарланған», - деді Ж.Қасымбек.  

Оның дерегінше, 2019-2021 жылдары экспорттаушыларды қолдау шараларын күшейту үшін 500 млрд теңге жұмсалады. Аталған соманың 470 млрд теңгесі қаржылық, ал 30 млрд теңгесі қаржылық емес шараларды құрайды.  Қаржылық және сервистік шараларды күшейту әкімшілік және сауда кедергілерін еңсеруге мүмкіндік береді. Бизнеске әлеуетті сатып алушыны таңдауға, көлік шығындарын төмендетуге жол ашады.

«Жоғарыда аталған шараларды табысты жүзеге асырған жағдайда шикізаттық емес тауар экспортының көлемін 2020 жылға қарай 1,5 пайызға, 22,4 млрд долларға жеткізу жоспарланады»,- деді министр.