Елбасы кітапханасында Жастар жылына арналған «Ұлы дала жастары» атты мәдени-көрмелік іс-шаралар топтамасының салтанатты ашылуы өтті. Мәдени шара – Қазақстан бейнелеу өнерінің заманауи үрдістерімен танысуға мүмкіндік беретін бірден-бір жоба.
Жиынға белгілі отандық суретшілер мен мүсіншілер, музыканттар, Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілері мен дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, елордалық университеттердің жетекшілері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов салтанатты жиынды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Елбасы кітапханасы Жастар жылына арналған ауқымды іс-шаралар топтамасын бастайды. Солардың қатарында «Жастар – ел тірегі» кешенді тақырыптық көрмемізді, заманауи суретшілеріміздің, мүсіншілеріміздің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріміздің, өнертанушыларымыздың шығармашылығын насихаттауға, қолдауға бағытталған байқауымызды жариялаймыз. Жас ұрпақтың тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ендеше, бүгінгі көрмеміз де, алдағы уақыттағы өнер туындылары жайлы іс- шараларымыз да әсіресе жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып қана қоймай, ел экономикасы мен ғылымын дамытуға да күш салу керек. Олай болса, құрметті байқауға қатысушы жастар! Сіздерді бүгін бастау алған байқау жұмысына белсене қатысуға шақырамын, – деді ол.
Сондай-ақ «Астана қаласының суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанұзақ Мүсәпір сөз алып, жобаның талантты жастарды танытатын берері мол бағдарлама екенін айтты.
– Елбасы кітапханасы мен Астана қаласының Суретшілер одағы үлкен жобаны қолға алып отыр. Бұл – біздің жастардың алға қойған мақсаттарын, өнер саласындағы ойларын дамытудың бір тетігі. Біздің алға қойған мақсатымыз – жастарды өнерге баулу, олардың шығармашылықтарын халыққа жеткізіп одан әрі әлемге таныту. Болашақта басқа да ауқымды шараларды бірлесе жүзеге асырамыз, – дейді Жанұзақ Мүсәпір.
«Жастар – ел тірегі» атты кешенді тақырыптық көрмеде Қазақстанның жастар әлеуетін іске асыратын білім, ғылым, қоғамдық қызмет, мәдениет пен спорт сынды негізгі салалар қамтылды.
– Менің сурет өнерімен айналысып келе жатқаныма жиырма жылдан асты. Былтыр өзімнің жеке көрмемді өткіздім. Жастар жылына орай ұйымдастырылған бүгінгі көрмеге «Тіршілік қамы» деген туындымды ұсындым. Мұндай көрмелер өзім сияқты жас суретшілерге таптырмас тәжірибе дер едім. Өйткені осындай мәдени шараларға қатысу арқылы көп нәрсені үйреніп, шабытымызды шарықтата түсеміз, – деп ой бөлісті жас суретші Рүстем Беркінбаев.
Көрме барысында хабарланғандай, жас суретшілер, мүсіншілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен өнертанушылар арасындағы ең үздік көркем шығармалар байқауы жарияланды. Маусым, желтоқсан айларында қорытындыланатын байқау нәтижесі негізінде үздік шығармалардың көрмесі ұйымдастырылып, байқау жұмыстарының каталогы басып шығарылады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»