Бүгінде жер-жерде орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің 220 жылдығына байланысты мерекелік іс-шаралар легі басталып кеткені белгілі. Адамзаттың ортақ мақтанышына айналған алып тұлғаны айдай әлем әспеттеп жатса жалғанның жарығындағы жақсылықтың аты озғаны болар. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ қауымы да дүниені дүбірлеткен мерейтой бағдарламасынан тыс қалмаса керек. Өйткені біздің өнбойымызда дана Абай қалыптастырған өзгелердің өнегелі өрендерін дәріптей білу дәстүрі бар.
Осы ойымыздың айғағындай болып жуырда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Пушкин портреттері» атты көрме ашылды. Оған қойылған отыз шақты туынды Мәскеудегі мемлекеттік А.С.Пушкин музейінен әкелінді. Мәртебелі мәдени мекеменің бас қор сақтаушысы Елена Усованың айтуынша, мұражай меншігінде үш мыңның үстінде Пушкин суреттері бар көрінеді. Мына ғажайып дүниелерді Астанадағы Ресейдің мәдениет және ғылым орталығы өкілдері таңдап алыпты. Фотоға түсірілген портреттерді баспаханадан шығаруға аз ақша жұмсалмайтыны әмбеге аян. Әйтсе де алдағы уақыттарда бұл көркем шығармалардың түпнұсқалары астаналықтар назарына ұсынылатын секілді. Тек, сәтін салсын деңіз.
Көрмемен танысу барысында байқағанымыз, бейнелеу өнеріндегі пушкиниада тарихы екі ғасырды құрайды екен. Астын сызып атап өтерлігі, кейбір суреттер поэзия сүлейінің көзі тірісінде салыныпты. Одан бергі замандардағы қылқалам шеберлерінің елеуге тұрарлық еңбектері қаншама. Ең соңғы портрет былтыр маусым айында кенеп бетіне түсіпті. Әлі талайы жазылары тағы анық. Халықтың маңдайына басқан марғасқалар тағдыры – таусылмайтын тақырып.
Пушкин иконографиясының тырнақалдысы он тоғызыншы ғасырдың бас жағында дүниеге келгені дәлел дәметпейді. Оның авторы – қабілетті жазушы әрі әуесқой суретші Ксавье де Местр. Ол ақынның отбасымен тонның ішкі бауындай араласқан адам. Қасында болмағандықтан қайдан білейік. Шынымен солай шығар. Әйтеуір әр нәрсеге мұқият зерттеушілер осындай деректі алға тартады.
Жыр дүлдүлінің кең тараған кейпін бейнелеген В.А.Тропинин екені мәлім. Ең қызығы, суретші оны қарсы алдына Александр Сергеевичтің өзін отырғызып қойып салған. Сурет сонысымен де құнды. Көпшіліктің көзіне ыстық көрініс. Тәмам ел Пушкинді осы бейнесі арқылы таныды. 1827 жылы жазылған портрет кейіпкердің сыртқы келбеті ғана емес, жұмбақ жан-дүниесін де жайып салғандай ма, қалай? Еркіндікті сүйетін суреткердің ерек мінезінен белгі бергендей. Үстіне үйішілік желбегей халатын жамылған. Ақ жейдесінің жағасы – жайлауда. Мойнына шарф-галстукты қалай болса, солай байлап, бос тастаған. Жарқын жүзі жабырқаулы. Тұңғиық көзі мұңға тұнып тұр.
Пушкиннің Орест Кипренский жасаған картинасы (1827 жыл) да ерекше тартымдылығымен сипатталады. Куәгерлердің жеткізуінше, Шереметьев сарайында Пушкиніңізді шірентіп қойып салуға тапсырыс берген Дельвиг досы көрінеді.
Ал енді Е.Гейтманның гравюрасымен ортасынан озық туған қаламгердің «Кавказ тұтқыны» поэмасы басылған кітап безендіріліпті. Өлең жинақтарын өрнектеу мақсатында кейбір суретшілерге Пушкиннің өзі өтініш білдіріпті.
Бірер суреттер жайында ақын ағынан жарыла пікір айтыпты. Мәселен, Е.Гейтанның жас Пушкинді кескіндеген керемет туындысын былайша бағалапты: «Александр Сергеевич асқан шеберлікпен литографияланыпты. Бірақ ұқсай ма, жоқ па? Білмеймін...» Мақтағаны ма әлде даттағаны ма? Мықты болсаң, түсініп көр кемеңгердің көкейіндегісін.
Кипренскийдің картинасына таңдай қаға тамсанып «Өзімді айнадан көргендей күй кештім» депті жарықтық сүйсінісін жасыра алмай. Еріксіз елең еткізген тағы бір жайт, көптеген суреттердің астына арғы-бергідегі атақты адамдардың Пушкин туралы айшықты сөздері жазылыпты. Кәнеки, кім не айтыпты?
В.Жуковский: «Ажалының алғашқы минуттарында оның бет-бейнесінен байқаған осыншама терең, ұлы, салтанатты ойларды мен ешқашан көрген емеспін».
А.Блок: «Ақын рөлінің жеңіл еместігіне және анау айтқандай көңілді бола қоймайтынына қарамастан Пушкин өзінің шығармашылық ауыр жүгін сондай жеңіл әрі көңілді ауанда арқалай білді».
А.Ахматова: «Жантүршігерлік жайсыз хабарды естіген мыңдаған адам ақын үйіне қарай ағылды және бүкіл Ресеймен бірге сонда мәңгілік қалып қойды».
Әттең-ай, осынау қанатты сөздердің қатарына қазақ Олжас Сүлейменовтің мына бір өлең жолдарын кіргізгенде тіпті қатып кететін еді-ау. «Поэт красивый должен быть, как бог. Кто видель бога? Тот, кто видел Пушкина». Ақынды бұдан асырып асқақтату сірә, қиындау болар... Албырттықпен артықтау кетсе, ағамызды Құдай кешсін!..
Талғат БАТЫРХАН,
«Egemen Qazaqstan»