«Еуразиялық банк» «Астана Банкі» клиенттеріне 35,2 млрд теңгеге жуық сомаға кепілді өтемақы төледі. Бұл «Астана Банкі» салымшылары алдындағы 37,5 млрд теңгеге тең міндеттемелерінің жалпы сомасынан 93,7%-ды құрайды деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Ақы төлеу 2019 жылғы 26 қаңтарда басталды, осы уақытта банк «Астана Банкі» 41 866 клиентіне қызмет көрсетті. Бір салымшыға қызмет көрсетудің орташа уақыты 5 – 15 минут аралығында болды.
Бұдан басқа, 3211 клиент төлем картасына қашықтан тапсырыс беру мүмкіндігін таңдады, оларға шамамен 2,1 млрд теңге есептелді.
«Астана Банкі» клиенттері ағынының айтарлықтай азаюына байланысты банк Қазақстанның ірі қалаларында «Астана Банкі» салымшыларына арналған 9 арнайы ақы төлеу орталығын жапты.
Өтемақы төлеу бөлімшелердің жұмыс режиміне сәйкес банктің жеке тұлғаларға қызмет көрсететін барлық бөлімшелерінде 2019 жылғы 26 шілдеге дейін жалғасады.
Банктің веб-сайтында - eubank.kz – онлайн режимде бөлімшелерде кезекте күтіп тұрған клиенттердің санын қарауға болады, сондай-ақ төленуге тиіс кепілді өтемақы сомасын тексеруге болады.
Өтемақы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаражатынан – жинақталған сыйақыны ескере отырып «Астана Банкі» клиенттерінің салымдары, ағымдағы шоттары және төлем карточкалары бойынша төленеді.
2019 жылғы 26 шілдеден кейін агент банктің бөлімшелеріне жүгінбеген салымшылардың өтемақы төлеу туралы өтінішті тікелей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына беріп, өтемақыны қолма-қол емес аударым арқылы алуға мүмкіндігі болады.