Күллі әлем жанкүйерлері көз тіккен футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалының алғашқы кездесулері осы аптада аяқталды.
Бүгін түнде Мадридтің «Атлетикосы» өз алаңында Туриннің «Ювентусын» қабылдады. Қос команда қанша жанталасқанымен, бақандай 77 минут бойы бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Тек содан кейін ғана алаң иелерінің үстемдігі байқалды. Хосе Хименес пен Диего Годин соққан голдар «Атлетикоға» жеңіс сыйлады – 2:0.
Келесі матч Германияның Гельзенкирхен қаласында жергілікті «Шальке-04» мен «Манчестер Сити» клубтары арасында өтті. Әу баста ағылшындар алымды көрінді. Дамылсыз шабуылдар 18 минутта Серхио Агуэроның голымен аяқталды. Одан кейін қонақтар өздерінің айып алаңында екі мәрте ереже бұзды. 11 метрлік нүктеге келген Набиль Бенталеб екі ретінде де мүлт кеткен жоқ. Ол аздай 68 минутта Николас Отаменди алаңнан қуылды. Десек те бұл жағдай «МС» ойыншыларының сағын сындыра алған жоқ. 85 минутта Лерой Сане және 90 минутта Рахим Стерлинг мергендік танытып, Тұманды Альбион елінің өкілдері жеңіс тойын тойлады – 3:2.
1/8 финалдағы алғашқы ойындар мынадай нәтижемен аяқталған болатын: «Манчестер Юнайтед» – ПСЖ 0:2, «Рома» – «Порту» 2:1, «Тоттенхэм» – «Боруссия Д» 3:0, «Аякс» – «Реал» 1:2, «Лион» – «Барселона» 0:0 және «Ливерпуль» - «Бавария» 0:0.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»