– Қырым аға, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған алтын, темір, қыштың кішкентай сынықтарынан тұтас тарих құрастырып шығаратын ғалымдар еңбегінің едәуір бөлігі реставраторларға тиесілі. «Қырым аралы» деп аталатын ғылыми зертханаңыздың құрылу тарихы өзінше қызық болар, қалай дүниеге келген еді? Атауы да өзгеше...
– Тоқсаныншы жылдың тоқырауында бүкіл ел ала қап арқалап, базар жағалап кеткенде, өзгелерден айырмашылығым, жұмыс үстелімді тастап кеткенім жоқ. Мен археолог емеспін. Негізгі кәсібім – зергерлік. Суретші-зергермін. 2000 жылдары аяқасты ірі тапсырыс алдық та, жедел түрде серіктестік ашу керек болды. Ашпақ болып ниеттенген жеке кәсібімізді «Атамұра», «Сарыарқа» секілді үйреншікті атаумен тіркетуге барсақ, бұл атаулардың бәрін де бізден бұрын иеленіп қойғандар бар болып шықты. Ертеректе Сергей Донцов деген журналист «Известия» газетіне «Остров Крым» деп мен туралы мақала жазған болатын. Осы «Остров Крым» есіме түсе қалды да, тағы да бірнеше атауды тізімдеп алып тіркелуге қайта бардық. Не керек, әлгі атаулардың ішінен жалғыз «Остров Крым» ғана жарамды болып шықты. Серіктестік болып тіркелгеннен кейін маған: «Бұл өзі Украинаның аралы ма?» деген секілді қитұрқы сұрақтар жиі қойылатын болды. Мен де әзіл сауалға: «Украинадағы жарты арал ғана ғой, ал біздікі бүтін арал» деп қалжыңмен жауап қататын болдым. Қырым деп атымды атам қойыпты. «Қырым» деген – көне түркі сөзі, «қырат», «қамал» атты мағынаны білдіреді, ал «арал» деген атау арқылы мен тәуелсіздікпен бірге өзімнің дербестігімді де өзім белгілеп алғандай болдым.
– Сіз музей құндылықтарының консервациясы мен қайта қалпына келтіру ісімен шұғылданасыз. Жеті қабат жердің астында ғасырлар бойы жатқан, ескірмек түгілі шіруге айналған жәдігерді аршып алып, не бұйым екенін анықтап, тарихи сипаттамасын жасап музейге қойылғанға дейінгі үдерісті атқаратын адамға «әрлеуші», «сырлаушы», «жаңғыртушы» дегеніміз тым тарлық етпей ме?
– Археологтар қазғаннан кейін бірнеше мың жыл бойы әлденеше жер қыртысының астында жатқан жәдігер, айталық, адамның сүйегінен бастап, оның әшекейі, киімі, ыдыс-аяғы, ат-әбзелі, қару-жарағы топырақ-құммен, лай-батпақпен араласып, адам түсінбейтін пішінде жатады. Ол топырақ шөгіндісі ме, әлде қаланың қирандысы ма, ағаш па, темір ме – адам айыра алмайтын белгісіз зат. Оның не екенін анықтап, қалпына келтіретін арнайы мекеме жұмыс істейді, дегенмен бізге келіп көмек сұрайтын ғалымдар көп. Қалпына келтіру жұмысының ең күрделі кезеңі 1999 жылы Қазақстан, Франция және Италия, үш ел бірігіп Шығыс Қазақстандағы Берел қорғанын қазған кезде көрінді. Алтайдан табылған қазба жұмысының басына барсақ, лай аралас топырақтың арасында бірі шіріп, бірі сақталған ат пен адамның сүйектерімен бірге түсініксіз тағы біраз нәрсе жатыр. Бұған қоса, тастан, сүйектен, алтыннан жасалған әшекейлер, қару-жарақ, бірнеше ат, оның әбзелдері, еркек пен әйелдің киімдері бар. Тоң ішінде мумияланып, «мұрты да қисаймай» мың жылдардан соң аман жеткен байлықты қалай да сақтап қалу керек еді.
Француздардың кеңесімен кеңестік рефрижератор тоңазытқыш алдық. Тоңазытқышқа тиеп біздің зертханаға әкеле жатқан жолда рефрижератор сынып, ішінде мұз болып қатып тұрған берелдік жәдігердің суы еріп, тамшылап аға бастады. Француз археологтары көрген бетте, «бұдан енді ешнәрсе шықпайды» деп түңіліп, қолдарын бір-ақ сілтеді. Көз алдымызда айырылып қалғалы тұрған жәдігерлерге ішіміз удай ашып қарап, ақырғы рет қоштасқандай, соңғы рет суретке, фильмге түсіріп, керекті мәліметті алдық. Жәдігердің едәуір бөлігі тап әлгі жерде-ақ жарамсыз болып қалды.
– Жиі барып жұмыс істегендіктен, Эрмитаждың сіз үшін өз үйіңіз секілді болып кеткені белгілі, Луврда жұмыс істеген жылдарыңыз да жеміссіз болмаған екен, соның арқасында «Қырым аралының» өз ноу-хауы дүниеге келген болар?
– Әрине өз технологиямызды ойлап тауып тығырықтан шықпасақ, шетелдің сұраған бағасы онсыз да жұқа қалтамызға салмақ салатын болды. Себебі ол кезеңде, тоқсаныншы жылдардағы алмағайып ауыр күндерден енді-енді ес жиып келе жатқан елімізде археологияға ақша қайдан табылсын? Реставрация ісіне қажетті жабдықтың соқа басының өзі жүздеген миллион тұрады, оны іске қосып, жұмыс істейтін ғалымдар, мамандар және керек. Осының бәрін есептей келе, су мен спиртті қосып, өзіміздің қоспамызды дайындап шығарудан басқа амалымыз қалмады. Құрамы қарапайым қоспамыздың заттарға тигізетін еш зияны жоқ, керісінше, мәңгілікке сақтай алатын күшке ие. Бұл ойлап тапқан әдісіміз шетелдікіне қарағанда әрі арзан, әрі тиімді, ең бастысы, мұражайда сақтауға өте қолайлы болып шықты.
Мұражайда да ауаның ылғалдылығын, құрғақтығын, жалпы температурасын қадағалайтын арнайы аппараттары болады. Техника болғаннан кейін олардың өзі де уақыты жетпей шетінен сынып, істен шығып жататындары бар. Бұдан кейін де мейлі ағаш болсын, мейлі тері, киіз, мата, сүйек, темір болсын, әрқайсысы үшін қолданатын мұндай қоспалардың неше түрлісін ойлап шығардық. Олар үшін алынған алуан түрлі патенттеріміз бар. Енді басқа мемлекеттердегі әріптестеріміз біздің тәжірибемізден үйреніп, бізге тапсырыс беріп, Қазақстанға келіп жасататын жағдайға жеттік. Жәдігерді қалпына келтіру жұмысы өте ауыр кезеңдерден тұрады, алдымен материалды рентгенге түсіреміз, томографиясын жасаймыз, анализдерін аламыз. Әр жәдігерге жеке-дара әдіс қолданамыз, біріне сұйық қоспа, біріне қоюырақ, біріне азырақ, біріне көбірек дегендей, қай әдісіміз лайық келеді, соны пайдаланамыз.
Біздің жұмыс істеу тәсіліміз тура медицинадағыдай. Науқастың тарихына арнап парақша ашатын емханадағы сияқты әр жаңадан табылған жәдігер үшін жеке төлқұжат ресімделеді, одан 30-40-қа жуық анализ алынады, диагнозына қарай қандай ем қолданылатыны анықталады. Көп жәдігерлердің бұзылмай сақталып қалуына барынша күш салдық. Тез бұзылып кететін тері, мата, киіз секілді материалды сақтап қала алмасақ, олардың жанындағы негізгі компонент – сүйек, ат әбзелі, қару-жарақтар түсініксіз болып қалады. Мұның бәрі бір дәуірдің тарихи шындығын көрсететін, бір-бірінен бөліп-жарса, мәнінен, шындығынан ажырайтын тұтас кешенді жәдігер. Жай жәдігер ғана емес, ақпарат тасымалдаушы құрал. Бір-бірімен тығыз байланысты жәдігерлерді қалпына келтіргенде, әрқайсысы өз орнын тауып, тізіліп, өздері туралы сөйлей бастайды. Әшекей болсын, ат әбзелі болсын, әрқайсысы өз алдына жеке бір дастан. Қарап отырып оқуға болады. Әрбір аң, оған жалғанған қанат құдды жазу сияқты қызықты сыр шертеді. Тарихшыларымыз оқи бастағанда, мәдениетіміз бен тарихымыздың жаңа парағы ашылып, ғылым көкжиегі кеңейе түседі.
– Жақында сіздер «Үржар сәуегейі» атты өте сирек кездесетін жәдігерді Ұлттық музейге орналастырдыңыздар. Үржарлық ханшайымның сәуегей болғанын, дәрігер екенін қандай дәлелге сүйеніп айтып отырсыз? Ғылымның дәлдікті сүйетінін білеміз, бірақ мұншама батыл байлам жасау үшін қандай себептерді атайсыз?
– Үржарлық сәуегей әйел Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолын жасап жатқан кезде кездейсоқ ашылды. Жолды кеңейтіп қазып жатқан жұмысшылардың күрегі басқа түсті топыраққа тіреліп, 3 метр тереңдікке түскен кезде тас қорапқа кездескен. Тастардың арасы лаймен бітеліп жапсырылған, ішіне кіретін саңылау жоқ. Өрмекшінің торынан өзге бір түйір топырақ та түспеген. Алғашында біз оны алтын адам деп ойладық. Бірақ рентгенге түсіріп зерттей келе, мұның басқа адам екенін білдік. Мұндай байлам жасау үшін әлбетте, ең алдымен, әйелдің жанынан табылған заттарға сүйенеміз. Біз үржарлық әйелді зертханамызға сол саркофагта жатқан күйінде топырағымен бір-ақ көтеріп алып келіп, зерттеу жасадық. Анализдері, томография, рентген нәтижелерінің бәрі осы сауалға өзі-ақ жауап беріп, көкейдегі көп күмәнді сейілтті. Қаңқа сүйектің жан-жағында алуан түрлі дәрілік шөптер, неше түрлі өсімдіктің тұқымдары жиналып тұр. Әйелдің бас киімінде таза алтыннан жасалған папоротник жапырағына ұқсас қауырсын қанат тәжі бар және қолына да дәл осы жапырақты ұстап жатыр. Тіпті бұл жапырақты рентгенге түсіргенде ұлу сияқты айналып, енді ғана бүр жарып келе жатқан балғын күйінде көрінді, ал мұндай өрнек бұрын да кездескен болатын. Біз осы уақытқа дейін оны өрнек деп ойлап келдік, ал оның жаңадан бауырын жазып келе жатқан жапырақ екеніне тек осы жолы көз жеткіздік. Бұл жапырақ туралы мәліметті жинақтай келе, оның «жүз бір түрлі» ауруға шипа екеніне көз жеткіздім. Онымен емдеуге болады, оны тамақ ретінде пайдаланады, оның апиын секілді миға әсер беріп, көңілді көтеретін қасиеті бар.
Оны айтасыз, бұдан да батылдау ойымды дәйектеп айтайын, сәуегей әйел ақсақ болған. Ол емін орнынан тұрмай, отырып жасайтын. Жасы 18 бен 25-тің аралығында. Әйел өмір сүрген кезеңдегі жерлеу салтын еске түсірсек, егер ол патша болса жанында қызметшілері, нөкерлері, қымбат заттары, жауынгер болса қару-жарағымен бірге жерленетін болған. Дәстүрге сай бұл әйел де ағаштан, қыштан жасалған тостаған-табақтарымен, от жағып, дәрі қайнатуға арналған кішкентай ғана төртбұрышты темір қазандығымен, емдік шөптермен бірге жерленген. Осының бәрін зерттей келе, басына киген алтын тәжін есепке ала отырып, бұл әйелді қоғамда биік мәртебесі бар, шөппен емдейтін емші деп ұйғарым жасауға тура келді. Консервациясын, реставрациясын, реконструкциясын, музификациясына дейін жасап, толықтай қалпына келтірдік. Ғылым үшін бұл өте маңызды жаңалық.
Қазір Ұлттық музейде тұрған «Үржар сәуегейін» тамашалауға келіп жатқан көптің қарасы қалың. Біз бұған дейін талай археологиялық қазба жұмыстарына қатыса жүріп, бұрын-соңды дәл мұндай дәрігер, емші, балгер болған жәдігерге жолыққан жоқ едік. Әрине соңғы сөзді тек біз ғана айтпаймыз. Келешекте бізден кейінгі ғалымдарымыз тағы да анализдерін алып, тереңдетіп зерттей түсуі үшін консервациясын жасап, әрі қарай зерттеуіне мүмкіндік беріп отырмыз. Басқа ғалымдар да өз пікірін айтсын. Тарихшылардың болжамы бойынша, біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІV ғасырларда өмір сүрген «Үржар сәуегейінің» басқа да құпиясы болса, ашсын, ғылымға жаңалық енгізсін, ол үшін барлық жағдайды әзірлеп қойдық.
– Соңғы жылдары интернетті ашып қалсақ, «сүйінші, алтын адам табылды» деп алақайлаған хабардан аяқ алып жүре алмайтын болдық. Алайда, мемлекетіміздің символы болып отырған «Алтын адам» бізде біреу ғана, ол – Есік қорғанынан табылған Сақ ханзадасы. Сол табылған алтын адамдарға атау берудегі археологияның асықпайтын самарқаулығы, бізді алаңдататын жағдайға жеткізіп отыр. Соларға «Сармат ханшайымы», «Үржар сәуегейі» секілді әдемі атау сыйлауға не кедергі?
– Есік қорғанынан табылған алғашқы алтын адам ғылымдағы жаңа дәуірдің есігін ашқан Қазақ елінің баға жетпес бәсіре жетістігі, ұлттық байлығының басы болғандықтан қатты қуанған Кемал Ақышевтің өзі де, күллі Қазақ елі де бірден оны «Алтын адам» атандырып жіберді. Ханзаданың киімі тұтас алтынмен қапталған, сондықтан алтын атандырмасқа амалың да жоқ. Бірақ осы «Алтын адам» деген атаудың өзі маған дұрыс емес секілді көрінеді. Осы үрдіспен кейінгі табылып жатқан жәдігерлерді де археологтарымыз алтын деп атап жатыр. Себебі олардың да әшекейі, қару-жарағында, киімдерінде өте көп алтын бар. Сондықтан археологтар да өзінің тапқан қазынасына мақтанып, сондай дәрежеге жеткізгісі келетін алып-ұшқан көңілінің әсерімен осылай атауға асығады деп ойлаймын.
Алтын адамдар неге көп? Өйткені қазақ жерінде қай заманда да алтынның қоры көп болған. Алтын осы аймақта мекендеген мемлекеттердің экономикасынан да, мәдениетінен де көрініс тапқан. Бұл – бір. Екіншіден, басқа органикаға қарағанда алтын шірімейді. «Алтын адамнан» кейін тоналмай осы күнге аман-есен жеткен алтын жәдігер Батыс Қазақстан облысындағы Тақсайдан табылған «Алтын ханшайым». Қолында айнасы бар, жанында тостағаны бар, айналасына өте ықпалды, беделді сәуегей әйелді сирек кездесетін жәдігерлердің санатына жатқызуға толық негіз бар. Дәл осындай алтын адамдар Ресейдің Орынборынан, Тывадан да табылып жатыр. Заманында мұның бәрі де бір-ақ мәдениет, бір мемлекет болған. Археология мен тарих осынысымен қызық.
– Археологтармен бірге қазба жұмыстарын жүргізе жүріп, жүздеген жәдігер тауып, қайта қалпына келтірген жәдігерлердің ішінде сізді ерекше таңғалдырғаны қайсы?
– Археология – ұжымдық жұмыс. Ол ұжымның төңірегіне әртүрлі бағытта ізденіп жүрген табиғаты да, ізденетін тақырыбы да ұқсамайтын ғалымдар топтасады. Мұны жалпақтау тілмен түсіндірсем былай: ғалымдар тарих үшін қажетті дәлел, әлдеқандай ғылыми тұжырымды дәйектейтін түйін іздейді. Тапқан дүниесін бізге алып келеді. Біз сараптамасын әзірлеп берген соң ғалымдар әрі қарай ізденісін жалғастыра береді. Алтын адамдармен жұмыс істеу реставраторлар үшін қиын емес, ең қиыны – органикамен жұмыс істеу. Ол тез бұзылады. Жердің астында жүзжылдықтарды жастанып жатқан жәдігер қазылып алған соң күн сәулесі түскенде жарты-ақ сағаттың ішінде бүлініп кетеді. Демек, мамандарды дер кезінде шақырмағаннан кейін алтыннан басқа органика заматта құм болып үгітіліп кетеді. Себебі ғасырлар бойы жердің астында жатқан жәдігер судың, ылғалдың арқасында ғана сақталып тұрады, ал ол күн сәулесімен құрғай бастағанда, іске алғысыз болып қалады.
Археология тереңіне бойлатып, тылсымына тарта беретін ғажайып ғылым. Мысалы, құпияға толы, мәңгі тоң басқан Берел қорымынан табылған 2500 жыл бұрынғы ер-тоқымның жасалу технологиясын алайықшы. Негізі жастық тәрізді, ішіне жүн немесе шөп толтырылған, оның бетіне мата тартқан, оның сыртына киіз, киіздің үстінде мықты жіптермен асқан шеберлікпен аң, құс, гүл бейнесіндегі әдемі нәзік өрнек іздерін қуалап кесте тіккен. Әрқайсысына асықпай жеке-дара үңілсең, кино көргендей боласың. Осы жылқылардың арқасында ежелгі сақ тайпалары коммуникациялық мәдениет қалыптастырды. Алғашқы арғымақтар осы жерде қолға үйретіліп, басқа құрлықтар жылқыны білгенімен, императорларға тарту ететін, үйретілген, адамға, тіршілікке қызмет ететін аттарды осы аймақтан сатып алды. Ғылым үшін, біздің келешегіміз үшін керекті бай дүние бұлар. Осы жәдігермен-ақ тұтас бір дәуірді, оның мәдениетін толықтай дәлелдеп шығуға болады. Осыны сақтап қалғанымызды үлкен жеңіске балаймын. Біз заманауи технологияның күшімен көне жәдігерлерді зерттеп жатырмыз, ал бүгінгі техникаңыздың өзі күн сайын емес, сағат сайын жетіліп бара жатыр емес пе? Сондықтан мені таңғалдыратын дүние әлі ашылмаған, алда кездесетін дүние деп білемін.
– Астанадағы Ұлттық музей алғаш ашылған кезінен бастап үш жылға дейін «Ұлттық музейге сый тарту» атты акция жүргізіп, облыстағы, аймақтағы музейлерден, жеке тұлғалардан 3000-нан астам жәдігер жинап, қорын құнды қазыналармен толықтырғаны есімізде. Жаңа тұрпатты музей қорын толықтырудың бұдан басқа қандай жолын көресіз?
– Астанадағы Ұлттық музейге біраз жәдігерімізді біз де сыйға тарттық, тарту еткен сол бағалы заттардың көпшілігі біздің зертханада қайта қалпына келтірілген болатын. Қалыптасқан музейлеріміздің өзі оған жәдігер апарып сыйлайтындай жағдайда емес, себебі қолындағы бар бағалысын, бар асылын кезінде Мәскеу мен Ленинградтың музейлері өздеріне иеленіп алды да, жұтаңдау болып қалған музейлеріміз бертін уақыттан бастап қана дами бастады. Музейге сол ғасырдың жаңғырығын, үнін құлаққа жеткізіп, елесін көз алдыға әкелетін тірі дүние керек. Кез келген музейдің, кез келген жәдігердің қайталанбайтын аурасы, өзіне ғана тән энергетикасы болады. Өзі орналасқан қаламен бірге мәдениет пен тарих ескерткішінің жанын музей ғана жасай алады.
– Археология мен аруақтарды байланыстыруға қалай қарайсыз? Тылсымнан тон пішіп, шындық танығысы келетіндер бар. Бұған не дейсіз?
– Мұндайды менің де құлағым шалады. Берелді ашқаннан кейін, басқа қорған-обаларды қазғаннан кейін де табиғат өзгеріп кетті, өлім-жітім, ауру-сырқау көбейіп бара жатыр дегендей қисынсыз әңгімелер айтылады. Жалған сөз. Егер мәселеге дәл осы көзқараспен қарайтын болсақ, онда алдымызға қойған сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Өйткені сол сұрақтардың жауабының бәрі сол жәдігерлермен бірге көмулі жатыр.
– Қазақстандық реставраторлардың саны өте аз, қатарының қалыптаспай отырғанын немен түсіндіруге болады?
– Реставратор деген кәсіп иесі Қазақстан түгілі бүкіл әлемнің өзінде көп емес. Шетелдік реставраторлармен жыл сайын бірнеше мәрте халықаралық ғылыми конференцияларда бас қосып тұрамыз. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Сол жиындарда баяндама жасап, шеберлік сағаттарын өткізіп, бір-біріміздің алдымызда есеп береміз. Біздің жұмысымызда құпия болмайды, себебі бұл жұмыспен бизнестің қатысы жоқ. Керісінше, бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз. Кез келген елдің археологиясында табылған құнды жәдігер басқа елде баламасы жоқ, жалғыз-ақ дана болуы мүмкін. Рас, алғашында жас балалар реставраторлық кәсіпті үйренгісі келіп шеберханамызға құлшынып-ақ келеді. Бірақ мына шіріп жатқан дүниелерді көргеннен кейін, бір өзінің химик те, медик те, суретші де, зергер де болатынын білгеннен кейін, мынау сөрелерде кірпіш секілді қаланып тұрған кере қарыс кітаптардың бәрін тауысып оқуға тура келетінін, жұмыстың майдан қыл суырғандай асқан шеберлікпен сабырыңды сарқып отырып істелетін жұмыс екеніне көзі жеткеннен кейін түрі бұзыла бастайды да, ақыры қолын бір-ақ сілтеп кетіп қалады. Аз ақшаға осынша ауқымды жұмыс істегісі келмейді және ең қызығы, ол атқарылатын жұмыстың қашан аяқталатынын ешкім де дөп басып айта алмайды. Бұл жұмыс не үшін керек, айналысудағы мәні не, ол ақпарат кім үшін, не үшін керек – осы сұрақтардың жауабын білсеңіз және соның ақырғы нәтижесіне сенсеңіз ғана, шұғылдануға болады. Ал бүгінгі күндегідей тез ақша тауып, тез байығысы келетіндерге бұл кәсіппен шұғылданудың қажеті жоқ. Бұл тек біздің елге тән жағдай емес, Эрмитажыңызда да осы жағдай, басқа мемлекеттердегі қалпына келтіру жұмысында да осы қалып.
– «Қырым аралында» тұтас династияның жұмыс істеп отырғанын білеміз, бұл «жат жарылқамайдының» кері ме? Аралдың қожайыны жұмыс барысында қандай ұстанымға ден қояды?
– Әйелім, қыздарым бұрыннан осында жұмыс істейді, жалпы бұл «аралды» 15 адам мекендейді, көп жылдардан бері көне ғасырлардың жәдігерлерімен бірге өмір сүріп келеді. Бәрі де осы кәсіпке маманданған. Көпшілігі – ғалымдар. «Қырым аралы» – көне тарих мекені. Жұмыста тек адалдық пен кәсібилікті талап етемін. Күрделі әрі қиын жұмысты атқару үшін төзім де қажет. Бұлар болмаса жалғыз өзім не істей аламын, қалай бәріне үлгермекпін? Мен тек бағыт беремін, үйретемін. Қаншама жылдардан бері бірге жұмыс істеп келеміз, бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір жәдігердің «басынан бір тал шашы түскен» емес, ол кәсіби мамандардың арқасы. Консервациясы мен реставрациясын жасап, шетінен музейлерге өткізіп отырамыз. Халық тамашалап, ғалымдар зерттеуін жүргізіп жатыр, өз кәсібіне адалдықпен қарайтын адамға бұдан басқа не керек?
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ