Бүгін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин халыққа есеп беру кездесуін өткізді.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін шешу және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттер үдесінен шығу үшін облыста бірқатар маңызды шаруалар атқарылуда. Ол жайында облыс әкімінің «Ақмола облысының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылға арналған негізгі міндеттер туралы» есебінде толық қамтыды. Баяндамашы өз сөзінде облыс экономикасының үдемелі дамуы, Елбасымыз қойған барлық міндеттерді табысты іске асыру үшін жеткілікті негіз құрылғандығын екпін түсіре айтып өтті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі бағыттарда оң нәтижелерге қол жеткізіліпті. Экономиканың бес базалық саласының өндіріс көлемінің өсуі есебінен қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105 процентті құраған. 478 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, 4700-ден астам отбасына тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берілген. Орташа айлық жалақы 9,4 процентке өсіп, 120523 теңгені құрады. 12,7 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Шағын және орта бизнесті дамыту – кез-келген ел экономикасының негізі. Жыл сайын мемлекет бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсартып, жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуда. 2018 жылдың қорытындылары бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында 132,7 мың адам немесе облыстың экономикалық белсенді халқының 31 пайызы жұмыспен қамтылған. (2017 жылға қарағанда 6 процентке өсті). 6614 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс бюджетіне шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 2017 жылға қарағанда 3,8 процент өсіммен 37,1 миллиард теңге түсті. Жалпы өңір өнімінің үлесі 27 процентті құрап отыр. «Бизнестің жол картасы» бағдарлама аясында 2018 жылы 3,4 миллиард теңге бөлінді, 353 жоба қолдау тапты. 479,4 миллион теңге салық төленді, 797 жұмыс орны ашылды. Шағын бизнесті дамыту үшін кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өз ісін ашуына қайтарымсыз үш миллион теңгеге дейін алуға мүмкіндік беретін гранттық қаржыландыру маңызды құрал болып табылады. 18 кәсіпкерге 40 миллион теңге қаржы бөлінді. Екінші деңгейдегі банктер шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 67,8 миллиард теңге көлемінде несие берді.
2018 жылы 478 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бойынша барлығы 4707 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2018 жылы тұрғын үй құрылысына 8,1 миллиард теңге тартылды, оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,4 миллиард теңге, облыстық бюджеттен – 2,4 миллиард теңге.
Жеке тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 108 пайызды құрады. 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әр отбасына тұрғын үй сатып алуға өткен жылы жалпы көлемі 1,8 миллиард теңгені құрайтын 213 өтінім мақұлданды.
Баяндамашы өз сөзінде сыртқы экономикалық қызмет, аумақтық даму, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, жастар және ішкі саясат тақырыптарында қол жеткен табыстарды саралады. Алдағы міндеттерге тоқталды. Биыл баянды болған іс келер жылы жалғасын таппақ. Кездесуге жиналған жұртшылық тарапынан жол қатынасы, тұрғын үй мәселесі, ауыз сумен қамту тәрізді өзекті мәселелерге қатысты сұрақтар қойылды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы