Сенбі, 7 шілде 2012 7:34
Біздің дәуірімізде сан алуан ұлттар мен халықтардың интеграциясы, үлкенді-кішілі мемлекеттердің саяси, экономикалық, әскери ынтымақтастығы жаңа ғасырдың басты нышанына айналды. Әлемді «өркениеттердің қақтығысы» емес, өркениеттер мен мәдениеттердің үнқатысуы ғана құтқарып қалатындығына көзіміз анық жеткендей.
Сенбі, 7 шілде 2012 7:34
Біздің дәуірімізде сан алуан ұлттар мен халықтардың интеграциясы, үлкенді-кішілі мемлекеттердің саяси, экономикалық, әскери ынтымақтастығы жаңа ғасырдың басты нышанына айналды. Әлемді «өркениеттердің қақтығысы» емес, өркениеттер мен мәдениеттердің үнқатысуы ғана құтқарып қалатындығына көзіміз анық жеткендей.
Бұл, әсіресе, дамыған елдердің ізін басқан, дамушы немесе Батыс «үшінші дүние елдері» атандырған мемлекеттер үшін аса маңызды әрі қажетті ақиқат. Бұл мемлекеттер үнемі әлемдегі геосаяси, сауда-экономикалық, әскери теңсіздіктерден зардап шегумен келеді. Тіпті, соңғы уақытқа дейін Солтүстік атлантикалық одақтан өзге барлық елдердің осы кепті киіп келгені жасырын емес. Алайда, соңғы он жылдықтағы болжап болмайтын өзгерістер бір полюсті әлемдік тәртіптің де топсасы босай бастағанын көрсетіп отыр.
Уақыттың қатаң сүзгісіне түсіп жатқан әлемдегі ауқымды интеграциялық үрдістер осының айқын дәлелі. Еуропалық Одақ, БРИКС, МЕРКОСУР, Шығыс Азия елдерінің ассоциациясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Латынамерикалық интеграциялық ассоциация және басқа да осы тектес үдерістер қазірдің өзінде ынтымақтастықтың жаңа қағидалары мен талаптарын қайта түзіп жатыр.
Бұл әлемдік үрдістен ешбір мемлекет тыс қалмақ емес. Қазақстан бұл ретте ерте қамданған мемлекет. Біз аймақтағы, әлемдегі ең ауқымды да маңызды халықаралық ұйымдардың белді мүшесі, белсенді қатысушысымыз. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері құрған Біртұтас экономикалық кеңістіктің мән-маңызы өлшеусіз.
Белгілі қоғам қайраткері, дипломат, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Бас хатшысы Тайыр Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы» атты жаңа кітабы Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды осы бір ұлы бастаманың тарихынан сыр шертеді. Әрі кітапта Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына, біздің халқымыздың тағдыры мен мемлекетіміздің дамуына тікелей қатысы болған әлемдік, халықаралық үрдістер, ішкі, сыртқы саясаттағы елеулі оқиғалар боямасыз, нақты әрі қызғылықты жазылған.
Кітаптың құндылығы да сонда, мұнда тарих үшінші жақтан емес, сол тарихқа куәгердің өз аузымен баяндалып отыр.
«Президент Назарбаев – бірқатар республикалардың басшыларының ішіндегі аса ірі тұлға. Қазақстан көшбасшысы – ретіне қарай қатал, өмірге бейім, шапшаң және батыл адам. Бұрынғы Одақ республикалары бағалап, мойындағандай ұнамды да талантты және табанды көшбасшы. Республиканы Назарбаев басқарып тұрғанда Қазақстанның табысқа жету мүмкіндігі айтарлықтай мол екені сөзсіз».
Аталмыш кітапта «Сингапур ғажайыбының атасы» Ли Куан Юдың Қазақстан Президенті туралы айтқан осы пікірі келтіріледі. Әлемдегі ең беделді саясаткерлердің бірегейі санатындағы Ли Куан Юдың Елбасыға қарата айтылған ақжарма сөзі біздің елімізге, мемлекетімізге деген шексіз құрметтің риясыз көрінісіндей, аса жылы әсер қалдырады.
Автордың өзі де: «Әлемде болып жатқан оқиғалардың ішкі мән-мазмұнына үңіле қарайтын болсақ, онда кейінгі он жыл көлемінде тарихи үдерістердің күрт өзгерісті кезеңінде жаһандық қиындықтарға лайықты жауап бере алатын саяси көшбасшылардың тұлғалық сипаттағы рөлдерінің артып отырғанын аңғарамыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарына жатады», – деп ағынан жарылады.
Жоғарыда айтқанымыздай, соңғы уақытта халықаралық саяси сахнада, экономикалық кеңістікте, қаржы нарығында орын алған түбегейлі өзгерістер халықтар мен мемлекеттердің «жабық жүйеде», жеке дара өмір сүре алмайтындықтарын көрсетіп берді. Бүкіл әлем бүгінгі таңда интеграциялық үрдістердің алып құшағында қалды. Және бұл үрдістің басында әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің жетекшілері, озық ойлы, парасатты саясаткерлер, ғалымдар мен қайраткерлер тұр. Солардың алдыңғы шебінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бар екені барша қазақстандықтар үшін әрдайым мақтаныш.
1994 жылы, Мәскеуде, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Н.Назарбаев жария еткен «Еуразиялық мемлекеттер одағы» идеясы бүгінгі таңда өміршеңдігін дәлелдеді.
Т.Мансұров «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы» кітабының екінші, үшінші тарауларында бұл туралы кеңінен тоқталады. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы үміттен гөрі күдікке, сенімнен гөрі үрейге толы уақыт. Жарты әлемді алып жатқан КСРО-ның күйреуі. Саяси, экономикалық, әлеуметтік байланыстардың күрт үзілуі. Бұрынғы алып империяның кейбір аумақтарын шарпыған этникалық, ұлтаралық жанжалдар, азамат соғыстары.
Осындай алмағайып заманда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразиялық мемлекеттер одағын» құруға шақыруы, сол кездің түсінігіне салғанда көзсіздік болып көрінсе де, бүгінгі таңда көрегендікке айналды.
Жүзеге асуы он жылдықтарға созылған осы бір бастаманың басы-қасында болған автор өз тұжырымын былайша баяндайды: «Расында уақыт өте келе экономикалық мақсат ұстанымы белең алды. Посткеңестік аумақтағы интеграция – бұрынғы КСРО республикаларының өз бетінше экономикалық және саяси дамуына ешбір қайшы келмейтін, обьективті үдеріс болып шықты. Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі посткеңестік кеңістікте дезинтеграциялық үдерістер дамып бара жатқан тұста, уақыттан озып, жаңа онжылдықтағы әлемдік басты құбылыс – аймақтық державалардың түрлі блоктар мен ұйымдарға бірігуін сезімталдықпен көре білуінде болып отыр».
Кітаптың соңғы тарауларында автор Біртұтас экономикалық кеңістік, Кедендік, Одақ ауқымындағы бүгінгі таңдағы нақты іс-шараларға жан-жақты шолу жасайды. Тайыр Мансұров Еуразия кеңістігі аясындағы бұл интеграциялық үдерістердің әлемге үлгі болатынын және оның басында әрдайым Қазақстан мен оның Президенті тұрғанын ұмытпауды ескертеді. Бір сөзбен айтқанда, белгілі дипломаттың жаңа кітабы саясаткерлер мен ғалымдар үшін, қалың оқырман үшін де тағылымды әрі пайдалы боларына ешқандай күмән жоқ.
«Еуразияшылдық – бұл болашақтың идеясы. Бұл бүгінгі күні жаһандануды қажет етіп отырған интеграциялық үдерістердің тәжіндегі алмас». Кітапта келтірілген ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осы ұлағатты сөзі Қазақстанның, қазақ халқының тағдыр таңдауын, тарихи таңдауын білдірсе керек.
Дархан КӘЛЕТАЕВ, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры.