• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2010

ОЛИМПИАДА АЯҚТАЛДЫ. ҚАЙ ЕЛ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ?

775 рет
көрсетілді

Биатлоннан өткен эстафеталық сайыста Қазақстан құрамасы сапында Ян Савицкий, Диас Кенешев, Николай Брайченко, Александр Червяков өнер көрсетті. Алайда, олар 18-орында қалып қойды. Шаңғыдан 30 шақырымдық әйелдер эста­фе­та­сында да орташа өнер көрсеттік. Ең дұ­рыс нәтижеге Оксана Яцкая қол жет­кізді. Ол 19-орын алса, Елена Ко­ломина, Марина Матросова және Све­тлана Малахова соңғы лекте кө­рінді. Соңғы күні ерлер 50 ша­қы­рым­ға жүгірді. Бұл ретте біз Алексей Полтораннинің тілеуін тіледік. Бұған дейін екі қашықтықта 5-орынға табан тіреген жер­лесіміз шешуші сәтте жасындай жар­қырауға тиіс деп үміттендік. Сондай-ақ, марафонда Евгений Ве­личко жарыс жолына шықты. Өкінішке қарай, жерлес­те­ріміз топ жара алмады. Полторанин 27-орынды иеленсе, Величко 39-сатыға табан тіреді. Ең қызықты тартыс шайбалы хоккейден өтті. Жартылай финалда АҚШ құрамасы Финляндияны тас-талқан етіп ұтты. Америкалықтардың алғашқы кезеңде салған алты шай­ба­сына скандинавтар біреумен ғана жауап қайырды – 6:1. Канада мен Словакия қатты тіресті. Әу баста ай­дын иелерінің қарқыны тым күшті еді, алайда уақыт оза қонақтар да на­мысқа қамшы басты. Ақыры матч 3:2 есебімен аяқталды. Жеңіске жет­кендер финалға шықты да, же­ңіл­ген­дер қола медаль үшін таласты. Бұл матчтың екеуі де өте тартысты өтті. Үшін­ші орынға таласқан ко­ман­да­лар­дың тартысы қызыққа толы болды. Скандинавия түбегінің саңлақтары матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 5:3. Ақтық айқаста Канада мен АҚШ кездесті. Көршілес мемлекеттер ара­сын­дағы текетірес өте тартысты өтті. Екі жақ бір-бірінің ұзағанын қаламай, үнемі та­разы басын теңселтіп отырды. Бі­рін­ше кезеңде канадалықтар алға шықты. Үзілістен кейін қос команда бір реттен нысананы дәл көздеді. Үшінші кезеңнің соңына дейін шабуыл­шы­лар­дың бар еңбегі зая кетті. Десек те соңғы се­көндт­­тер­де америкалықтар нысананы дәл көздеп, есепті теңестірді. Ал овер­тайм­да Сидни Кросби салған шайба Канада құрамасының мерейін үстем етті. Есеп – 3:2. Командалық есепте 26 медальді жеңіп алған Канада қара үзіп кетті. Олар 14 алтын 7 күміс және 5 қола жүлдемен көш бастады. Егер спорт тарихына жүгінсек, бір Олимпиадада осыншама көп мөлшерде бас жүлде алған команда болмаған екен. 1976 жылы Инсбуркте КСРО және 2002 жылы Солт Лейк Ситиде Норвегия құрамасы 13 алтынға қол жеткізген. Ал канадалықтар Ван­куверде олардың барлығынан асып түсті. 2-орынды алаң иелерінен төрт медалі көп болса да төрт алтын жүлдені кем иеленген Германия еншіледі. Олардың бұдан басқа тағы 7 күміс және осыншама қола медалі бар. 3-орынға биылғы Олимпиадада ең көп медальді жеңіп алған АҚШ құрамасы жайғасты. Биылғы бәсекеден америка­лық­тар­дың қор­жы­нына 9 алтын, 15 күміс пен 13 қола ме­даль түсті. Ал біздің көр­шілеріміз Қытай мен Ресейге ке­лер болсақ, оның бі­рін­шісі 11 жүлде алып, 7-орынға табан ті­реді. Шы­ғыс­тағы көршіміздің еншісінде 5 алтын, 2 күміс және 4 қола бар. Биылғы Олимпиадада Ресей құра­ма­сы лайықты деңгейде өнер көрсете алған жоқ. Соңғы үш қысқы ойындарда дәстүрлі түрде алғашқы бестікке кіріп жүрген солтүстіктегі ормандай ел осы жолғы жарыста әрең дегенде жетті десек болады, 3 алтын, 5 күміс және 7 қола медальді жеңіп алды. Барлығы – 15 жүлде. Жалпы, Олимпиада кезінде ресейліктердің “ТВ Ц”, “Россия 24”, “Рос­сия” сияқты телеарналарындағы “Посткриптум”, “Вести” бағдарла­ма­ла­рында отандастарының өнерлеріне риза болмай, биылғы Олимпиаданы соңғы кездері болған ең сәтсіз жарыс, Ресей бәсекелер басталған күннен бері қонақ күту, түрлі кештер өткізу мен әншілер ша­қырып концерт қоюдан ғана бірінші орын алып отыр деп берген бағаларына қосылуға болады. “Сырт көз – сыншы” дейді. Олимпиада кезінде біздің байқағанымыз дәл осылай болды. Енді солтүстіктегі көршіміз осыдан сабақ алып, келесі жолы өз алаңында өтетін Олимпиадаға сақадай-сай болып дайындалатынына сенгіміз келеді. Ал ТМД және Балтық жағалауы елдерінің арасынан Беларусь 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен турнир кестесіндегі 17-орынды иеленсе, 1 күміс жүлдені қанағат тұтқан Қазақстан мен Эстония 25-орынды бөлісті. Қорыта айтқанда, Қазақ елінің қысқы ойындар сияқты төрт жылда бір келіп, қыруар еңбекті талап ететін бәсекеде отыздыққа кіруі оңай шаруа емес деуге болады. Бұған дейін бол­ған үш Олимпиадада қор­жы­ны­мыз бос қайтқан күндерді ескерсек, Үй­ең­кі жапырақты елде ұлттық құ­раманың күміс жүлдені Ұлы дала еліне арқалап келе жатқаны халық­ара­лық сахнада Қазақстанның бе­де­ліне бедел қосатын жетістік екені сөзсіз. Сөз соңында биылғы Олим­пиадаға 82 елден 2 766 спортшының жарыстың 15 түрі бойынша 86 медаль жиынтығын сарапқа салғанын ескерткіміз келеді. Ғалым СҮЛЕЙМЕН, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін –Ванкуверден.