Бейсенбі, 26 шілде 2012 7:47
Жуырда біз қазақ жеріндегі тағдырлас, тарихы ұқсас түрік халқының өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасындағы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил АСИЕВТІ әңгімеге тартқан едік. Ол кісі күрделі өміріміз бен келелі тіршілігіміздің қарапайым формуласын мейлінше қара сөзбен жеткізуге тырысып, әрбір қазақстандық ұғына алатындай әңгіме қозғады.
Бейсенбі, 26 шілде 2012 7:47
Жуырда біз қазақ жеріндегі тағдырлас, тарихы ұқсас түрік халқының өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасындағы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил АСИЕВТІ әңгімеге тартқан едік. Ол кісі күрделі өміріміз бен келелі тіршілігіміздің қарапайым формуласын мейлінше қара сөзбен жеткізуге тырысып, әрбір қазақстандық ұғына алатындай әңгіме қозғады.
– Шахисмаил аға, жиырма жылдық белестің бедеріндегі Қазақ елі туралысізден сұрай қалса, не айтқан болар едіңіз?
– Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдың ішінде еліміз үлкен жетістіктерге жетіп, көп өзгерістерді бастан кешіргеніне куәміз. Дербес ел ретінде өз тізгінін қолына алған Қазақ елінің әу бастағы ұстанған саясатының тек Қазақстанды мекен еткен 130-дан астам түрлі ұлт өкілдерінің ғана емес, жалпы адамзаттың тыныштығы мен дамуын көздеген игі ниет екендігіне бүгінгі нәтижелерге қол жеткізу арқылы күллі әлем тәнті болып отыр. Құдайға шүкір, қазақстанды қазірде әлем мойындады. Дүниежүзілік, халықаралық ірі қауымдастықтарға мүше болып қана қоймай, сондай үлкен мінберлерден жалпы адамзаттық мәселелерді қозғап, ғаламдық мүдделі істердің басы-қасында жүру – кез келген мемлекеттің басына қона бермейтін бақ. Әрине, мұның бәрі ертеңгі күнді болжай білетін, кең ауқымда пайым жасап, жас мемлекетті дамыған қоғамдарға мойындата алатын басшының ұстанған сындарлы саясатымен байланысты.
Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс алып мемлекеттердің өзінде мемлекетішілік келеңсіздіктерді тудырды. Дүниежүзілік саяси және экономикалық жүйеге өзіндік ықпалы бар елдердің өзі амалсыздан әлемге танымал ірі зауыттарын жауып жатқан кезде, Қазақстанда халықты жұмыспен қамту үшін жаңа жұмыс орындарын ашу саясаты қарқынды жүргізіліп жатты. Рас, дағдарыстың сызы бізге де тигенімен, ел болып ес жию жолында баршамыздың басымызды қосып, бір мүддеге жұмылдыра білу үшін шебер саясаткерлік қабілеттің керек екендігін мойындау қажет.
– Алайда, егемен ел болдық деген тұстакәнігі саяси қайраткерлер де, белгілісарапшылар да бүгінгі күнді болжайалмай, сенімсіздік танытып еді ғой…
– Елбасымыз кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы тапсырма беріп, әр аймақта ірі жобаларды қолға алу, тұрғын үй мәселесі төңірегіндегі түйінді мәселелерге тікелей ықпал етіп жатқанда, былайғы жұрттың ол іспен шаруасы болмады. Бұқаралық ақпарат құралдарына үңілсеңіз, көретініңіз ереуілге шыққан кеншілер, жалақысын көтеруді талап еткен мұғалімдер мен дәрігерлер, азық-түлік бағасы мен зейнеткерлердің жеңілдіктері секілді тек көзге көрініп тұрған қиыншылықпен әуре болып жатқан қоғам мен уәдені үйіп-төгіп беретін басшыларды ғана көруші едік. Мұндай жағдай тек бізде ғана емес, тағдырлас республикалардың барлығының басынан кешкен күй екені тағы да рас. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуекел еткен істерінің, батыл бастаған бағытының осы күнге қабырғамызды сетінетпей, қаймағымызды шайқалтпай жету үшін жасалған қадам екеніне, Қазақ елінің ертеңі не болар екен деп іштен де, сырттан да сынай қарап отырған күллі жаһан алдында абыройымыз асқақ, жүзіміз жарқын болуға бағытталған ұстаным екеніне көбіміздің өреміз жете де бермепті.
Астана төрінен бой көтерген Бейбітшілік және келісім сарайы бүгінде адамзат игілігі үшін қызмет етіп тұр. Барлық дін өкілдерінің басын қосып, бір шаңырақтың астында мәмілелі әңгімеге жинау азуы алты қарыс алып державалардың ойына кірмеген іс еді. Ақпараттық майданның нәтижесінде қырғи-қабақ болып келген барша діни конфессиялар өкілдерінің Астанаға келгенде рухани түсіністік тауып, адам баласының көңілі көксейтін пікірлерін ортаға салуы, келешек ұрпақтың бейбіт өмірі жолында пәтуаласуы Қазақстанның және қазақ халқымен ниет қосып отырған діні бір, тілі бір, тағдыры бір барлық мұсылман қоғамының да жетістігі. Баршамызға ортақ абыройлы, айбынды істер атқарып отырған, жоғымызды түгендеп, барымызды биікке шығара білетін Қазақ елі мен оның басшысына, атажұрттағы қаны бір, жаны бір қазақ бауырларымызға алғысымыз шексіз, тілегіміз түзу. Осы ниетіміздің айғағы іспетті, Қазақстан мемлекеті өзінің тәуелсіздігін жариялағанда ең алғашқы болып түбі бір түрік жұрты, оның ішінде Түрік мемлекеті шексіз қуанғаны белгілі. Тарих тақтасына бедер салған сол кезден бері бауырлас екі ел мен оның президенттері тығыз қарым-қатынасын нығайтып, өзара татулығымен елге үлгі болып келеді. Қазақ жеріндегі түрік диаспорасы өзінің өткенін ұмытқан емес. Біздің ата-бабаларымыз тағдырдың талқысымен осы елге, осы жерге тап болды. Жері де, жүрегі де кең қазақ ұлты бізге пана болып, өз баласындай бауырына тартты. Бір ғана түрік ұлты емес, Қазақстандағы барша ұлт өкілдерін бөле-жармай қабыл алған қазақтар әлемге руханият пен берекеліліктің, тұрақтылық пен дамудың үлгісі ретінде мағлұм болды. Қолындағы бір үзім нанын өзгемен бөліп жеген, басқаның қиыншылығын бірге бөліскен қазақы пейілге Алла Тағала да сұңғыла басшы беріп, мемлекетін мәртебелі етті. Бір кездері бабалары арып-ашып қазақ даласына жеткендердің бүгінгі балалары «Қазақстан – менің Отаным!» деп сенімді айтатын болды. Тарихи отанына кеткендер қазақтың дәмі тартып, қайта көшіп келуде. Егер бұл ел жаман болса, сөйтер ме еді?!
– Қазақ жеріндегі түрлі ұлт өкілдері ортақ Отанымыздың көркеюіне үлесқосып жатыр. Бауырлас түрік ағайындардың не қосары бар?
– Елбасы Жолдауы баршамыздың ұстанар бағытымызға, тіршілік етер қағидамызға айналды. Биік мінберден айтылған ресми мәлімет емес, әрбір қазақстандықты бұралаң жолға түсірмей, жарқын болашаққа бастайтын тарихи бағдаршысы екеніне көзіміз жетіп отырғандықтан да, Елбасының әр жылда Қазақстан халқына жасаған Жолдауын өмірлік ұстаным етіп алудамыз. Кеңес дәуірінде шағын отбасылық тұрғыда ғана атап өтіп, кеңінен көрсете алмаған ұлттық мерекелеріміз, салт-дәстүрлерімізді бүгінде жария түрде, ел болып, Қазақстан жұртшылығы бір отбасы мүшелеріндей емен-жарқын мерекелеп келеміз. Осының барлығы – шынайы демократиялық дұрыс бағдардың жемісі. Қарияларымыз біздің бүгінгі өмірімізді арман етіп келді. Осы күнімізді көріп олар тәубе етеді.
Түрік халқы, қазақ жеріндегі түрік этномәдени бірлестігі де барынша Қазақстанның гүлденуіне үлес қосуға аса ынталы. Осы күнге дейін біз қазақ жерінің әр аймақтарында 32 қазақ-түрік лицейін ашуға ұйытқы болдық. Соның бірі, жуырда ғана Талғар қаласында аз қамтылған отбасылар үшін 480 орындық оқу ордасын халық игілігіне қостық. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің басшысы Зиятдин Касановтың Түркия премьер-министрі Реджеп Ердоғанмен болған кездесуінен кейін іске асқан шара. Бұған дейін бұл мектепке 146 оқушы қабылданды. Жетпіске тарта ұлттың өкілі білім алып отырған бұл оқу ордасының ауқымын үлкейте беруді, білімді, елін сүйгіш жас талаптармен Қазақстан азаматтарының санын арттыруды көздеп отырған жайымыз бар. Назарбаев университетінің талаптарына сай біліммен оқуға қабылданған түлектердің денін біздің лицейді бітірген жастар құрайтынын мақтанышпен айта кеткенді жөн көріп отырмын. Бұдан өзге Талғар қаласы аумағында балабақшасы, спорттық-сауықтыру кешенімен жабдықталған «Алтынсай» атты мәдени орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, жыл сайын 45-50 адамды орталықтың қаржылай көмегімен қажылыққа апару ісін де жолға қойдық.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ жеріндегі өзге ұлттардыңшоғырланған жері ғана емес, мемлекеттің бір бөлшегіндей болып кеттідесек, артық айтқанымыз болмас. Көңілді қозғап, көз жеткен жердегібарлық іс-шараның басынан этномәдени орталықтардың өкілдерінбайқап қалып жатамыз…
– Еліміздегі әрбір қуаныш, әрбір кездейсоқ жәйтті бір шаңырақ астында болғаннан кейін бірге көтерісу барлығымыздың борышымыз. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған топ, еліміздегі этномәдени бірлестіктерінің өкілдері табиғи зардап шеккен Оңтүстік Қазақстан облысында іссапармен болдық. Су көшкіні жүріп өткен 4 ауданның халқымен кездесіп, қолымыздан келген көмекті, рухани демеуді білдіріп, азаматтық борышымызды танытып қайттық. Мұның барлығы қазақ халқына, қазақ елінің басшылығына көрсеткен құрметіміз және елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтауға қосқан кішкене де болса үлесіміз деп ойлаймын.
Ел ішіндегі рухани-діни сауатты көтеруге қосқан үлесіміз ретінде 23 мешіт ашқанымызды және ол діни ордаларда дін Исламмен қатар саламатты өмірді насихаттап жатқан Қазақстанның ортақ мүддесіне қызмет көрсететін сауатты мамандарымыздың баршылығы да қуаныш туғызады. Біз саналы да, сапалы елдің мүшесіміз! Сондықтан да, қазіргі таңда қит етсе «Ислам терроризмі» деп дініміз бен ділімізге, тегіміз бен түрімізге қара күйе жаққысы келіп отырған керітартпа топқа үлкен соққы болардай берер жауабымыз – біз Қазақстан елінің бейбіт те бауырмал азаматымыз, біздің қоғамда, біздің түсінікте ондай айдапсалғыш мүддеге орын жоқ дегіміз келеді.
«Ахыска» этномәдени бірлестігі аясында 17 спорттық зал жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін өз жұмысын толассыз ұйымдастырып келеді, сондай-ақ мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ауқымын кеңейту шарасына да атсалысып, жыл бойы біздер «Қазақ тілін және мемлекеттік тілді үйрену» шарасын өткізіп келеміз. Мәселен, өткен 2011 жылғы біз өткізген Алматы қаласы бойынша мемлекеттік тілді меңгеру шеберлігі сайысында ауған ұлтының өкілі бас жүлдені иемденді, бірінші орынға бесінші сынып оқушысы грек ұлтының өкілі ие болды. Біз өз кезегімізде мемлекеттік тілді меңгеріп, отанына деген сүйіспеншілігі мен діліне қосқан үлесі үшін осы азаматтарды бағалы сыйлықтармен марапаттадық. Спорттық сайыс түрлерінен біздің этномәдени орталық жыл сайын көптеген шаралар ұйымдастырып отырады. Соның барлығына да жергілікті басқару орталықтары бізге өз көмегін танытып, ел жастарының саламатты өмір сүруіне жағдайдың барынша жасалғандығына кең жол ашуда.
– Түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ үйіндей, тілі, түрі бөлек болса да тілегі бір жұртты ұйытып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздің көзқарасыңызда қандай құрылым?
– Қазақстанның демократиялық ұстанымы бүгінде ТМД құрамындағы елдерді аса қызықтырып отырғанын айта кеткеніміз жөн. Тағдырлас, көршілес елдер біздің жүйемізді өз елдеріндегі ұлтаралық татулыққа кепіл болады деген сеніммен жөн-жоба сұрап отыр. Егемендік алған көршілес елдер әу бастан тікелей ұлттық мәселелермен айналысып, жалпыхалықтық, тағдырлас этностар мәселесін ақсатқандығынан ішкі саяси ахуалына ұлтаралық қатынастың ықпалы тиетіндігін бүгін байқап отырғандай. Экономикалық қыспақтан азат болумен қатар, рухани-мәдени тепе-теңдігімізді сақтай білуіміздің арқасында былайғы жұртқа үлгі болуымыз, бұл да ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістік деп толық мақтана аламын. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясы, оны өмірге келтіріп, жүзеге асырған басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүз отыздан аса ұлт өкілін бір мүдде аясында біріктіре білуі, сөз жоқ, «қазақстандық құбылыс».
Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР,«Егемен Қазақстан».Алматы.