М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті шетелдік компаниялармен тиімді әріптестік қарым-қатынасты нығайтып келеді.
Еңселі білім ошағында Польшадағы “AGROS SP.zo.о.” компаниясы кадр департаментінің директоры Анастасия Белова болып, агротехнологиялық факультеттің оқытушыларымен кездесті. Онда университет ректоры Серік Өмірбаев шетелдік мейманға оқу ордасы жайлы айтып берді. Бұдан кейін Анастасия Сергеевна өзі жұмыс істейтін кәсіпорын туралы баяндады. Оның айтуынша, “G’s Fresh” атты ірі халықаралық агрохолдингтің филиалы болып табылатын “AGROS SP.zo.о.” компаниясы экологиялық таза көкөністер өндірумен айналысады.
«Агрохолдингтің Испания, АҚШ, Англия және Чехия елдерінде филиалдары бар. Біздің компания өз өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттайды. Фирмадағы жоғары технологиялық машиналар өнімді жинау, тазалау, орау және мұздату жұмыстарын бір мезгілде атқарады», деді А. Белова.
Өзара келісім нәтижесінде университеттің “Агрономия” және “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы” мамандықтарында оқитын студенттер Польшадағы компанияда өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Биыл 40 студент шетелге аттанады.
Мұндай әріптестік байланыстардың жастар үшін пайдасы мол. Шетел компаниясы солтүстікқазақстандық студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп, тегін тамақтандырады. Сондай-ақ, тәжірибе кезінде студенттерге еңбекақы төлеу жайы да қарастырылған. Сонымен қатар компания мамандары тәлімгерлер үшін дуальды оқыту және теориялық сабақтар жүргізетін болады. Агротехнологиялық факультеттің оқытушыларына да компания қабырғасында біліктіліктерін арттыру мүмкіндіктеріберіледі.
Аталмыш компания Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында алғаш болып жергілікті білім ошағымен әріптестік орнатып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы