• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2019

Несие комиссиясының қайтарымы бола ма?

738 рет
көрсетілді

Таяуда Ұлттық банк еліміздегі екінші деңгейлі банктерге тұрғын­дарға несие беру кезінде комиссия белгілеуге және алуға тыйым салды. Бұл ереже ай сайынғы займ беруге және қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, жеке тұлғалармен арада жасалатын келісімшарт бойынша займды банк есепшотына аударғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға қатысты. 

Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап банктер кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ, тек ипо­тека­лық тұрғын үй займын өтеу­ге байланысты сыйақы мен өсім- ақыны белгілі бір мерзімнен кейін талап етуге де құқылы емес. Бұл келісімшарттағы мерзімнен 180 күн өткеннен кейін салынатын өсімақыға қатысты талап. 

Өкінішке қарай, банктердің несие беру кезінде белгілейтін комиссияларына қатысты кілти­­­пандары осымен толық шешілді деуге әлі ерте. Қазір екінің бірі банкке берешек екені белгілі. Баспана бола ма, басқа бола ма, әйтеуір бір мұқтажын жабу үшін банктен несие алмаған адам жоқ шығар. «Қарыз күліп келіп, жылап кетеді» деген қағидаға қарап, кредит алушыларды кінәлай беруге тағы болмайды. Біріншіден, берілетін несиелердің сыйақы пайызы жоғары. Әр банктің жылдық сыйақы мөлшері әртүрлі. Екіншіден, несиені рәсімдегені үшін бір реттік комиссияның өзі қалтаға салмақ салады. Үшіншісі, жоғарыда Ұлттық банк салған тыйыммен тікелей байланысты комиссия. Оны банктер «Несиеге қызмет көрсетудің комиссиясы», «Займға қызмет көрсетудің комиссиясы» деп түрліше атайды. 

Банк істері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев бірнеше жылдан бері заңсыз ко­мис­сияларды қайтарумен айналысып жүр. Біз оған хабарласып, несие алушылардың кезін­де банктердің есепшотына өз қолымен аударған заңсыз комиссиясын қайтарып алу жолдары туралы сұрап көрдік. 

– Мен бұрын банк секторында жұмыс істегенмін. Осы іспен айналысуыма бір жағдай себеп болды. 2013 жылдың соңында аяқастынан ақша керек болып, экспресс-кредит алдым. Мен де осы негізсіз белгіленген комиссияны өтеуге мәжбүр болдым. Алайда, несиені толығымен өтеп болғаннан кейін заңсыз комис­сия­ны қайтарып алуға бел будым. Сөйтіп банкті сотқа беріп, жеңіп шықтым, – дейді Н.Бияқаев. 

Бұрын-соңды мұндай тәжі­рибе болмағандықтан, сот­тағы­лар да алғашында түсінбестік та­нытып, алдымен банктердің пайдасына шешім шығарыпты. Алайда, аппеляциялық шағым түсірген Н.Бияқаев банктердің заң­сыз әрекетін ақыры дәлелдеп, заң­­сыз ұсталған комиссияның соң­­ғы тиынына дейін санап ал­ған. 

Осыдан кейін ол өзінің туыс-туған, таныстарына осындай заңсыз комиссияларын қайтарып беруге көмектесе бастады. Ал­­ға­­шында бұл талапты мойындаудан бас тартқан банктер кейін өздерінің кінәсін мойындап, қаржыны қайтарып беруге көне бастапты. Айта кетейік, заңсыз комиссия белгілеген және тұрғындардан он жылдан астам уақыт бойы алып келген қаржы институттарының арасында Кас­пий, Сбербанк, АТФ, Казком, Еуразиялық банк бар.

Нұржан Бияқаев соңғы 5-6 жылда мыңнан астам адамның заңсыз комиссиясын қайтарып беруге және басқа да банктік мәсе­лелерін шешуге қатысты. Сотта жеңіп шыққанын, банктердің заң­сыздығын айғақтайтын құжат­тарды Ұлттық банкке жіберіп, мәселені Ұлттық банк деңгейінде біржола шешуге де тырысып көрген. Алайда, Ұлттық банк Н.Бия­қаевтың талабы орынды екенін көре тұра, істі аяқсыз қал­дырды. Депутаттарға хабарласып, бұл мәселенің Парламент деңгейінде көтерілуіне де ықпал етті. Соған қарамастан, бүгінге дейін бұл іс шешімін тапқан жоқ. Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге тұрғындарға несие беру кезінде комиссия белгілеуге және алуға тыйым салу туралы шешім шығарғанының өзі банк­тердің әрекетінің заңға қайшы еке­нін көрсетеді. 

Н.Бияқаев қана емес, осы жұмыспен айналысатын, несие алушылардың құқын қорғай­тын басқа да заңгерлердің қата­ры кө­беюде. Оған қо­са тұрғындардың да белсен­­ді­­лігі уақыт өткен са­йын кү­­­­­ше­йіп ке­леді. Бірнеше жыл бұ­рын өтел­ген несиелерінің келісім­­­­шарттарын тауып алып, банк­терден сұратып алып, тиісті қаржыларын қайтарып алуды көздейтін адамдардың қатары көп. Сарапшының айтуынша, өкінішке қарай, банктер бел­гі­­­леген заңсыз комиссияны қай­тарып алудың осыған дейін же­міс берген жалғыз жолы – сот­қа шағым түсіру, жеңіп шығу. Ал ұзақ уақыт бойы заңсыз тө­ле­ген комиссиясын қайтарып алу­дың қамын жасамағандардың қар­жысы банктердің жемі болып қала бермек. 

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»