• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2019

«Барыс» – «Торпедо»: кімнің бәсі жоғары?

430 рет
көрсетілді

Бүгін астаналық «Барыс» хоккей клубы мен Төменгі Новгородтың «Торпедосы» бақ сынайды. Екі команда Гагарин кубогының 1/8 финалында кім мықтыны анықтамақ. 

«Барыс» үшін Құрлықтық хоккей лигасының биылғы біріншілігі сәтті аяқталды. Чернышёв дивизионында топ жарған елордалықтар жартылай финалға дейін алғашқы матчтарды өз айдынында өткізуге мүмкіндігі бар.

Оның үстіне, «Барыс» орта есеппен әр ойында 3 шайба соққан үздік бес клубтың қатарына еніп отыр. Қазіргі таңда астаналықтар 190 гол салған. Бұл – біріншілік ҚХЛ жеңімпазы ЦСКА-дан бір шайбаға ғана кем.

Ендеше, елордалықтардың шабуылы нағыз бабында деуге толық негіз бар. Тіпті, былтырғы сұрмерген Найджел Доустың командадан кеткені де «Барыстың» шеберлігіне нұқсан келтіре қойған жоқ.

Мәселен, команда сұрмергені Даррен Дицтің бір өзі 53 ұпай жинады (15 шайба+38 ассист). Ол үздіктер тізімінде 9-орынға тұрақтады. Оған қоса, Диц «Барыс» ойынына жаңа леп әкелген бірегей хоккейші екенін айта кеткен жөн.

«Торпедо» биылғы біріншіліктің басында ешкімге дес бермеген болатын. Алайда уақыт өте олардың ойыны қожырай бастады. Әйтеуір, чемпионат соңында соңғы күшін жинаған команда плей-оффқа берілетін жолдаманы жеңіп алды.

Бүгінге дейін екі клуб өзара 24 кездесу өткізді. Соның 13-інде «Барыс» басымдық танытқан болатын. Қалғанында «Торпедоның» асығы алшысынан түсті. Айта кету керек, елордалықтар 11 мәрте негізгі уақытта жеңіске жеткен еді.

«Барыс» қарсылас қақпасына 71 шайба соқса, «Торпедо» ойыншылары 68 мәрте мергендік танытқан. Екі команда соңғы рет былтыр 14 қыркүйекте кездесіп, «Барыс Аренада» өткен матчта елордалықтар 4-1 есебімен жеңіске жетті.

Матч Астана уақыты бойынша 19:30-да «Барыс Аренада» өтеді

Кездесуді Qazsport және КХЛ-ТВ HD арналары тікелей эфирде көрсетеді.

Жанкүйерлер үшін «Барыс Аренадан» қатынайтын автобустар қарастырылған.