Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы халықаралық байқаушылар миссиясы Кишиневте Молдова Республикасының ХХІ шақырылған Парламентіне өткен жексенбіде өткен сайлауы мен республикалық кеңесу референдумына мониторинг жүргізудің қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Байқаушылардың қорытындысы бойынша сайлау заңға сәйкес ашық, бәсекелестік тұрғысында болды. Молдова Орталық сайлау комиссиясының дауыс беруге әзірлігі мен оны өткізу жөніндегі кәсіби жұмысы ерекше атап өтілді. Барлығы 2143 сайлау учаскесі, оның ішінде 123-і шетелде ұйымдастырылды.
ТМД Парламентаралық Ассамблеясы байқаушылар тобының үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтың айтуынша, дауыс беру кезінде ТМД ПАА байқаушылары Кишиневте, Бельцыде, Гагаузия автономиялық аумақтық құрылымы мен елдің алты өңіріндегі 100-ге жуық сайлау учаскесінде болды.
«Біз парламенттік сайлау Молдова Республикасының сайлау заңнамасы мен халықаралық сайлау стандарттарына сәйкес өтті деп санаймыз. Дауыс берген күні біз Молдова Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары сайлау науқанының бар ауқымын белсенді түрде қамтығанына куә болдық. Сайлау учаскелеріне барған кезде біздің байқаушылар жекелеген ескертулер жасады, бірақ олар өте сирек болды. Біздің пікірімізше, олар дауыс берудің нәтижелеріне әсер етпейді», - деді Бектас Бекназаров.
Үйлестірушінің айтуы бойынша, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан өкілдерінен тұратын ТМД ПАА-ның барлық байқаушыларынан құралған мониторинг тобының қорытындысы бірауыздан мақұлданып, қол қойылды.