Астанада «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінің қарсаңында аймақтардан жиналған партия мүшелеріне арналған тақырыптық сессиялар өтті. Қазіргі уақытта еліміздің ең ірі саяси ұйымының барлық өңірлерде 1 млн-нан астам азаматтың басын қосатын 247 филиалы және 5600 бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейді.
Соңғы жылдары ғана оның нәтижесі бойынша партияға 140 мың өтініш түскен. Бұл – партияның 20 жылдық тынымсыз еңбегінің жемісі. Сондықтан саяси ұйымның 2030 жылға дейінгі бағдарламасында Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары мен мемлекеттік маңызды бағдарламаларды жүзеге асырудағы партияның рөлі нақты көрсетілген.
Съезд қарсаңындағы бес сессияның бірі Назарбаев Университетте «Білім сапасын, азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру, жастарды қолдау» тақырыбымен өтті. Бұл жиынды «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов жүргізіп отырды.
Іс-шарада баяндама жасаған Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері Елбасы тапсырмаларының және мемлекеттік бағдарламаларды орындаудағы «Нұр Отан» партиясының рөліне байланысты мәліметтерімен бөлісті. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі мемлекеттің әлеуметтік саясатының негіздері бойынша баяндама жасады.
Ал «Дені сау адамдардың мықты ұлтын қалыптастыру» атты сессияда Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау шаралары, еліміздегі медицина деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар талқыланып, қоғамдық денсаулықты нығайту, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жобаларының жүзеге асуы туралы айтылды.
Отырысқа Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және спорт министрлігі, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» басшылары қатысты.
Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатында медицина ұйымдарын ақпараттық жүйелермен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Осы мақсатта емханаларда құжаттамаларды электронды форматқа көшіру жолға қойылған.
Сонымен қатар министрлікке дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін жаңа учаскелер ашу міндеттелген.
– Елімізде 15 медицина университеті бар. Жыл сайын университеттердің мыңдаған түлегі дәрігерлер қатарын толықтырып отырады. Алайда ауруханалардағы кезек азаяр емес. Халық үнемі толассыз кезекке шағымданады.
Бұл – дәрігерлердің жүктемесінің көптігінің дәлелі. Президент тапсырмасымен жүйелі шаралар қамтылған кешенді жоспар әзірледік. Осы орайда дәрігер жүктемесін азайтуға негізделген жаңа жүйе қолға алынды. Былтыр 2000 жаңа учаске ашып, кезекті азайтуға мүмкіндік алдық. Негізгі межеміз – 2700 учаске ашу, – деді Е.Біртанов.
Жиын барысында тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылайтын комитет құрылатыны мәлім болды.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен «Жаңа үлгідегі мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру» тақырыбындағы сессияда Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде қозғалатын, партияның
«Азаматтардың мүддесі үшін мемлекеттің тиімділігін арттыру» жобасы аясында мемлекеттік қызмет көрсетуді реформалау мен жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланды.
Жиынға мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарынан келген 150-ге жуық делегат қатысты. Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты, партияның «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша партиялық кураторы Майра Айсина «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтады.
– Бүгінде «Нұр Отан» партиясы еліміздің жетекші партиясына айналды.Партияның аймақтарда 240 филиалы қарқынды жұмыс істеп жатыр. Съезд қарсаңында сіздермен бірге мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз, – деді ол.
Өз кезегінде сөз алған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев бүгінде республика бойынша 487 мың адам пәтер кезегінде тұрғанын атап өтті.
– Олардың тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін 4 триллион 887 миллиард теңге керек. Ол үйлерге инфрақұрылымдар жүйесін жүргізуге қомақты қаражат қажет, – деді вице-министр.
Қатысушылар мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы партияның атқаратын айрықша рөлін атап өтті. Сондай-ақ өкілетті мемлекеттік органдардың басшылары партияның жаңа бағдарламасының жобасында көрсетілген мақсаттарын іске асыру, жүргізіліп жатқан жұмыстарды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.
«Мемлекет басшысы Жолдауында, бес әлеуметтік бастамада атап өткен және «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасында көзделген тапсырмаларды іске асыру аясында экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру, халықтың кірістерін және өмір сүру сапасын арттыру» тақырыбында өткен жиынға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстары және Шымкент қаласынан келген 200-ге жуық делегат, Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары, Ұлттық экономика, Қаржы және Энергетика министрліктерінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары қатысты.
Сессия жұмысын ашқан Мәжіліс депутаты, партияның сайлауалды бағдарламасының «Кәсіпкерлікті қолдау» бойынша кураторы Мейрам Пішембаев партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы ұйымның проактивті әлеуметтік саясатқа көшу идеясын ілгерілететінін, макроэкономикалық саясатты сақтау шараларын іске асыратынын, технологиялық модернизацияны және ұлттық экономиканы цифрландыруға серпін беретіндігін атап өтті.
Өз кезегінде жиында баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Альберт Рау партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталды.
– Ең күрделі кезеңде Елбасы «қиын болады, бірақ біріге отырып, осының бәрінен аттап өтеміз» деп серт берген еді. Бүгінде күні өткенге көз тастай отырып, өте көп еңбектің жасалғанын, ең алдымен Елбасының уәдесі жерде қалмағанын көреміз. Бізді кейде «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағидат үшін сынап жатады. Бірақ, экономикалық өсім барда әлеуметтік мәселелерді шешу оңайға түсетіні рас екеніне келісетін боларсыздар. Біздің алдағы он жылдағы мақсат – әрбір қазақстандықтың өмір сапасын арттыру бағытында елімізді жүйелі түрде жаңғырту, – деді А.Рау.
Ал Ұлттық музейде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған идеялары төңірегінде азаматтардың бірігуі тақырыбын қамтыған сессия өтті.
Жиынға Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері және басқа да ұйымдар мен мекемелердің басшылары қатысты.
Отырысты ашқан Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуын қадағалауды Елбасы «Нұр Отан» партиясына тапсырды», деді.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова «2017 жылдан бастап әлеуметтік жаңғыруға бағыт алдық. Оның негізі Мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жалпыұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегі болды. Осы тұста, Мәдениет және спорт министрлігі ең алдымен мәдениет пен өнердің барлық салалары мен бағыттарын белсенді өзгертуге бағдарланған мәдени, саяси тұжырымдамасын қабылдап оны жүзеге асырып келеді», деп атап өтті.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы жанындағы саяси менеджмент академиясының директоры Жанар Боқанова партияның позициясын нығайту жөніндегі негізгі факторлар туралы айтып берді.
Серік ӘБДІБЕК,
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»,
Мөлдір РЫСХАНҚЫЗЫ,
студент