Былтыр жыл басынан бері Шымкент қаласынан солтүстік облыстарға 173 отбасы көшуге ниет білдірген. Тіпті 50 шақты отбасы қоныс аударып үлгерген.
Жуырда Шымкент қаласына арнайы іссапармен келген павлодарлық делегация қалалықтарға өз ұсыныстарын айтып, теріскей өңірге жұмысқа шақырды. 40 шақты бос жұмыс орнын ұсынып отырған павлодарлықтар 100-ден аса отбасын баспанамен қамтуға әзір екендіктерін айтады. Әл-Фараби ауданы әкімдігінде жергілікті халықпен кездескен қонақтар солтүстікке қоныс аударуға арналған мемлекеттік бағдарламаны егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сондай-ақ қоныс аударатын отбасына бір реттік жәрдемақы мен баспананы жалға алу ақысымен қоса коммуналдық төлемдері де төленетіндігін жеткізді. Бұл игілікті іс Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асады.
Өткен жылы Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының мамандары өтініш білдірген 81 отбасының Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударуына ықпал етті. Осылайша жұмысқа қабілетті 300-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды, дейді мамандар. Олар бүгінде түрлі мамандық бойынша жұмысқа орналасып, тіпті жеке кәсіптерін де дөңгелетіп отыр.
Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандары сондай-ақ құнарлы солтүстік өңірде төрт түлікті түлетуге мүмкіндік мол екендігін айтады. Биыл жыл соңына дейін 54 отбасын қамтыған тағы 200-ден аса тұрғынды аталған өңірлерге қоныс аударту жоспарда бар.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ