• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Ақпан, 2019

Дұрысы – дене тәрбиесі

1562 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде «Дене шынықтыру» ұғымы жиі және ретсіз қолданысқа ие болды. Мәселен, жоғары оқу орындарында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бар. Жалпы білім беретін мектептерде «Дене шынықтыру» сабағы өтеді. Мәдениет және спорт министрлігіндегі комитетіміз «Республикалық спорт және дене шынықтыру істері комитеті» деп аталса, облыстарда «спорт және дене шынықтыру басқармалары» тағы бар. 

Негізінде, барлығы әу баста дұрыс қалыптаспаған ұғымдар. Сөзді төтесінен қойып айтсақ, «Дене шынықтыру» ұғымын қолда­ну дұрыс емес. «Физическая культура» термині, ұғымы қазақ тіліне «Дене мәдениеті» деп ауда­рылуы керек еді. «Мәдениет» деген сөзді «Шынықтыру» деген сөзбен ауыстыру арқылы ғана біз бүкіл «Дене мәдениеті» термині көрсете алатын кең, мән-мағыналы ұғымнан айырылып отырмыз. Өйткені «Дене шынық­ты­ру» деген сөз орыс тілінде «закаливания тела» деген мағынаны ғана береді.

Бұл қателік о баста қалай жі­бе­­­рілген? 

Менің ойымша, «дене шы­нық­­тыру» деген ұғымды дене тәрбиесі және спорт мамандары емес, тіл мамандары дене мә­дение­­ті саласының терең философия­сын түсінбей енгізген болуы керек. Спорт бапкерлерінің, дене тәрбиесі мұғалімдерінің беретін негізгі білімі − қозғалысқа үй­ре­ту. Спорт бапкерлері жарыс жаттығуларының техникасын үйретіп, жетілдірсе, дене тәрбиесі мұғалімі оқушыларға өмірге қажет қозғалыс шеберлігі мен дағдысын үйретеді. Теория­лық мағлұматтар береді, спорт­шы­лардың, оқушылардың дене қуаты қасиеттерін: күш, жыл­дам­­дық, төзімділік, ептілік, икем­ді­лі­гін дамытады.

«Физическая культура» деген термин орыс тілінің сөздік қорында XIX ғасыр­дың аяғында пайда болды. Оны кіргізген, 1827-1909 жыл­дары өмір сүрген орыс дәрі­гері, анатомы және педа­­гогы П.Ф.Лесгафт тарихта Ресей мемлекетінің дене мәде­ниеті жүйесінің негізін қа­лау­шы ретінде танылды. Ол 1874-1876 жылдары әскери министрліктің тапсырмасымен Батыс Еуропаның 13 елінің 26 қаласында болып, дене мәдениеті мен спортты, дене тәрбиесі мамандарын даярлауды зерттеді. Соның нәтижесінде 1888 жылы «Мектеп жасындағы балалардың дене тәрбиесі білімін басқару» атты бірінші кітабы жарық көрді.

«Культура» деген термин ла­тын­­ның «CuItura» деген сөзінен шыққан. «Тәрбиелеу», «білім беру», «дамыту», «сыйластық» деген мағыналарды береді. Қазіргі кез­дегі арнайы әдебиеттерде «мә­дениет» деген сөздің анық­та­масы – «қоғамға және жеке бас­қа құндылық әкелетін өзінің амалдары мен әдістері, әдістемелері бар адамның немесе қоғамның белгілі бір әрекет түрі» болып табылады. «Мәдениет» деген сөзді түсіну үшін оны «таби­ғат» деген сөзбен салыстырады. Таби­ғатқа, адамның араласуынсыз табиғи түрде пайда болған жан­ды, жансыз заттар жатады. Ал мә­дениетке жататындар, адам­­заттың пайдалануы үшін адам­­дар­дың күшімен жасалған нәр­се­лер.

Дене мәдениеті – жалпы мә­де­ниеттің бір саласы. Адам мә­дениеттің барлық саласын қолдан жасаса, оның денесіне, ағзасына әсер етіп, оны осы салаларды өркендетуге мүмкіншілік беріп отырған дене мәдениеті саналады. Біз ЖОО-дағы магистрант, студенттерге «Дене мәдениеті және спорттың теориясы мен әдістемесі» пәнінен сабақ беретін теоретик ғалымдар «Дене шы­нықтыру» деген ұғым­ды қол­дан­баймыз. Өйткені «шынық­ты­ру» деген сөздің мағынасында қозғалысқа үйрету деген сөз, ой жоқ (Менің баспадан басылып шыққан 15-тен астам оқу құралдарым, оқулық, монографиям бар). Бұл тек қана денені шынықтыруды білдіреді. Ал денені жаттығу орындап қана емес, суық суға түсіп, күнге күйіп те шынықтыруға болады.

Дене мәдениеті ұғымына анық­­тама берейік. Дене мәде­ние­­ті – адамдарды жоға­ры же­тіс­тік­терге, келешек мамандыққа да­йындайтын, денсаулығын нығай­та­тын, дене, мүсін сұлулығын, қи­мыл-қозғалыс әдемілігін, үй­ле­­сімділігін, дене қуатын, жан дүние­сін жетілдіруге қол­даны­ла­тын мемлекеттің, қоғам­ның материалдық және рухани бай­лы­­ғын құрайтын, халықтың жал­пы мәдениетінің бір саласы. Оның материалдық байлықтары – спорт сарайлары, стадиондар, бассейндер, спорт залдары, түрлі спорттық ғимараттар, құрал жабдықтар. Ал рухани байлықтары – дене тәрбиесі мен спорт саласындағы арнаулы білім, ғылыми зерттеулер, әдістемелер, тәжірибелер, идея­лар.

Дене мәдениеті негізінен 5 үлкен бөлімдерге бөлінеді: Олар – базалық, спорт, қолданбалы, сауықтыру және жеке бас де­не мәдениеті. Негізгі дене мәде­ние­ті­не балабақша, мектеп, колледж, ЖОО-дағы дене тәрбиесі сабағы жатады.

Мектептердегі «Физическая культура» сабағын да тек қана «Дене тәрбиесі» деп атау керек. Орыс тілінде де мектептің дене тәрбиесі сабағы «Физическая культура» деп дұрыс аталмаған. Л.П.Матвеевтің «Теория и методика физического воспитания» атты 1976 жылы Мәскеудегі «Физкультура и спорт» баспасы­нан шыққан кітабының 12-бетін­де «термин «физическая культура» имеет и другие, более узкие значения. Во избежание путаницы понятий есть смысл, поль­зуясь термином «физичес­кая культура» в частных значениях, добавлять соответствую­щее прилагательное: «личная физическая культура», «школьная физическая культура» и.т.д.» деп жазылған. Сондықтан біз мемле­кеттік тіліміздегі термин­дер­ді шатастырмай дұрыс қол­да­ну үшін, Ресей ғалымдары секіл­ді дене мәдениетінің кең мағы­насы, дене мәдениетінің тар мағынасы демей, мектептің дене тәрбиесі сабағын тек қана «дене тәрбиесі» деп атауымыз керек. Анықтама бойынша: «дене тәрбиесі дегеніміз – тәрбие­нің бір түрі, міндеттері қозғалысқа үйрету, дене қуаты қасиеттерін дамыту және дене тәрбиесі мен спорт саласында теориялық білім беру». Қазақ мақалдарында «Бірінші байлық – денсаулық», «Дені саудың жаны сау» делінген. Халық даналығын білдіретін, өте орынды айтылған сөздер. Демек «Дене тәрбиесі» сабағы дегеніміз – тек жаттығуларды орындау ғана емес, оқушыларды еңбексүйгіштікке, қажырлылыққа, төзімділікке, батылдыққа, батырлыққа, жігер­лі­лікке, патриоттыққа, отансүй­гіш­­­тікке тәрбиелейтін пән. Ол адам­ның тәнін ғана емес, жан дүние­сін, рухын тәрбиелейді. Демек, «Дене тәрбиесі» термині, ұғымы мектеп сабағының мәні мен мағынасын ашып, анықтап, көрсетіп тұр. 

Міне, дене тәрбиесі, жас­тар­ды, балаларды спортқа бау­лу саласында, оның білім беру жүйесінде дұрыс қалып­тас­пай отырған атаулар мен тер­мин сөз­дер­ге қатысты еске­ре­тін мәсе­лелер көп. Бізге не­гі­зі көп кешік­пей осындай кемші­лік­тер­ден арылу керек.

Еркін УАНБАЕВ,

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты

Шығыс Қазақстан облысы