Білім және ғылым министрлігі, Астана қаласының білім басқармасы «Ernst & Yong» компаниясымен бірігіп политехникалық колледж базасында техникалық және кәсіптік оқу орындарының студенттері арасында «Хакатон» идеялар байқауын өткізді. Шараның негізгі мақсаты – Қазақстан колледждерінің үздік студенттерін коммерциялық және өндірістік салалардағы өзекті мәселелерді шешуге тарту.
Байқауға қатысуға экономиканың құрылыс өнеркәсібі, электр энергетика саласы, мұнай өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар саласы (IT) бойынша қазақстандық іскерлік бірлестіктердің өкілдері және жұмыс берушілер шақырылды.
Аталған шара жұмыс берушілерге өз саласы бойынша үздік колледж студенттерін таңдап алуға, кәсібіне қажетті жаңа идеялар мен өзекті мәселелерге дайын шешім қабылдауға, брендті танымал ету және компанияның нарықтағы танымалдылығын арттыруға орасан зор мүмкіндік береді.
«Елордада тұңғыш рет «Хакатон» идеялар байқауы басталды. Бұл шараға еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері қатысуда. Ең үздік бизнес идеялар жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған грантқа ие болады. Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, IT мен мұнай-газ саласында өз тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік алмақ. Оларға қойылатын негізгі талап – өндіріс орнын дамыту және түйткілді мәселелерді тез арада шешу. Аталған жарысқа еліміздің 11 аймағынан 150-ге тарта студент қатысты», дейді Астана қаласы білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Салтанат Басықараева.
«Егемен-ақпарат»