• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Ақпан, 2019

Ана тілінің абызы, академик Әбдуәли Қайдар өмірден озды

1160 рет
көрсетілді

Белгілі түркітанушы ғалым Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы 95 жасында дүниеден өтті.

Қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Түркияның «Türk Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), ҚР Президенті жанындағы ішкі саясат комитетінің мүшесі (1995), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы өзінің саналы ғұмырының кейінгі жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласында үзбей қызмет етті.

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанды. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітірген. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР ұлттық Ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы) Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағы астында өтті.

Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегін оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көруге болады.

Солардың ішінде жеке кітап түрінде монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен кітапшалардың жалпы саны 60-тан асады.