Астанада Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі басталды.
Бас партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында партиялық органдардың есебі тыңдалып, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы талқыланады. Сонымен қатар, саяси ұйымның жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, партия Саяси кеңесінің құрамы жаңартылады.
«Аталған съездің партиямыздың 20 жылдығы аясындағы басты іс-шара боларына және алдағы жылдардағы мақсат-міндеттерді анықтап, біздің саяси ұйымның одан әрі жаңғыруына тың серпін беретініне сеніміміз мол» деп жазды партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, кеше Астанада «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінің қарсаңында аймақтардан жиналған партия мүшелеріне арналған тақырыптық сессиялар өтті. Қазіргі уақытта еліміздің ең ірі саяси ұйымының барлық өңірлерде 1 млн-нан астам азаматтың басын қосатын 247 филиалы және 5600 бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейді.