Қарағандыдағы «Достық үйінде» зейнеткерлерге арналған «Белсенді өмір орталығының» ашылғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, аз ғана уақыт ішінде аталған орталық құрметті еңбек демалысында жүрген қариялардың сүйікті орнына айналып үлгерді.
– Өз уақытын заман талабына сай тиімді өткізу қариялар үшін ғана емес, ең алдымен келешек ұрпақ үшін маңызды. Үлкендеріміздің ұлық жасын қадірлеу баршамызға парыз. Еліміздің дамуына үлес қосқан әр саланың ардагерлері немесе зейнетке енді шыққан ардагерлеріміз үшін «Достық үйінде» ашылған бұл орталыққа келушілердің саны көп болады деп ойлаймыз. Сондықтан да, дүние танымы терең ардақты аға-апаларымыз бен жас ұрпақ арасында байланыс орнап, қарияларымызға деген қамқорлығымызды арттыруды, олардың өмір сапасын жақсарта түсіруді мақсат еткен «Белсенді өмір орталығының» ашылуы ізгі бастама деп білемін, – дейді орталыққа үнемі тілекші болып жүретін Мәжіліс депутаты Альберт Рау.
Жаңадан ашылған орталықта зейнеткерлер кез келген уақытта бас қосып, әңгіме-дүкен құра алады. Мұнда мәдени-рухани клубтар, мемлекеттік, ағылшын тілін оқыту сабақтары және компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Сондай ақ, кітапхана, шахмат ойыны, демалыс, денсаулық залдары бар. Қолөнермен шұғылданам деушілерге шығармашылықты дамыту орталығы аптаның кез-келген күнінде жұмыс істейді.
– Орталықтың ашылуы – өте маңызды оқиға. Мұнда егде адамдар сергек жүріп, өзін-өзі дамытып, қоғамдық пайдалы істерге қатысады. Бір уақыт қоғамға өзінің керек екенін сезініп, жаңашылдыққа үйренеді. Шығармашылығын дамытуға да үлкен мүмкіндіктер жасалған. Жалпы, «Достық үйі» барлық этностардың жылы ұясы айналды, – дейді ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Сәлима Нұрмағамбетова.
«Белсенді өмір орталығын» Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы бірігіп ашқан.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды