• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2019

Мемлекеттік қызмет: шенеуніктер неге «комфорт-аумақтан» шыққысы келмейді?

724 рет
көрсетілді

Қоғамда шенеуніктердің бұқара халықпен жұмыс істеуіне қатысты сын көп айтылатыны жасырын емес. Әсіресе, басшылықтағы мемлекеттік қызметкердің ортақ іске емес, жеке жағдайына көбірек бөлуі тұрғындардың түсінбеушілігі мен ашу-ызасын да туғызатыны сөзсіз.

Сол келеңсіздіктің қатарында шенеуніктердің жұмыс кабинетін жасақтауға қатысты уәж бар. Және ол негізсіз емес екен. Жақында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті аймақтағы мемлекеттік мекемелерге арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсетілетін орындарға қатысты бірталай жайт анықталды. Мәселен, ақ жағалылардың дені атшаптырым кабинеттерде отыруды ұнатады екен. Жайлы кабинеттегі жұмсақ жиһаз бен жағымды атмосфера бұл жерге алғаш келген адамды мемлекет адамының қызмет орыны емес, жеке кәсіп иесінің демалыс бөлмесіне кіргендей әсерге бөлейді. Қызметтік тексеру аймақтағы сегіз жүзден астам мемлекеттік мекемелерді қамтыған. Нәтижесінде қызметтік ғимараттарды пайдалануға қатысты заң бұзушылық орын алғаны анықталып, 50 000 шаршы метр аумақ тиімсіз қолданыста болғаны дәлелденді. 

- Мемлекеттік мекемелердегі пайдаланылатын аумақ заңда белгіленген талапқа сай болуы тиіс. Олай болмағанда қазына қаржысына артық шығын әкеледі. Мысалы, Талдықорған қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы осыған дейін жалпы алаңы 206 шаршы метр ғимаратты жалға алып, оған әр жыл сайын 7 млн. 380 мың теңге ақы төлеп отырған, - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков.

 Тексеруден кейін бұл мекеме Талдықорған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратына көшіп, жалға берілетін қаражат үнемделді. Ал Текелі қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі де жекеменшік ғимараттан кеңсе жалдап, айына 100 мың теңге, жылына 1 млн 200 мың теңгені орынсыз жұмсаған.

Айтпақшы, осындай қолайлы аумақта ұзақ жыл отырып, басшылық етуге бейіл жандар білім саласында да жетіп артылады екен. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аймақтағы мектеп директорларының жұмыс кабинеттеріне де мониторинг жүргізген екен.  Нәтижесінде кейбір мектеп басшылары кабинеттерінің аумағы атшаптырым екендігі анықталды. Яғни, бұл бөлмелер де білім мекемесінде тиімсіз пайдаланылатын алаң қатарына жатқызылған.

- Бүгінде мемлекеттік қызметшілер мен ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының алдында өз жұмыс стилін қайта қарастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты жою міндеті тұр. Осыған орай, облыстағы білім мекемелеріне арнайы мониторинг жасадық. Нәтижесінде 740 мектеп диекторлары кабинетін зерделеді. Жалпы облыс бойынша аудан, қалалардағы мектеп директорларының кабинеттерінен жалпы көлемі 1500 шаршы метр нормадан асып тұр. Аумағы атшаптырым, көлемі заңда белгілерген талаптар артық 174  кабинет анықталды, - деді бізге департаменттің Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков.

Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті өз тарапынан жоғарыдағы мектеп басшыларына регламентке сәйкес жұмыс кабинетіне орналасуды міндеттеген. Бұл сынпқа ба лсыймай жатқан кейбір мектептердегі орын санын реттеп, басшылықтың да азаматтарға қол жетімділігін арттыруады. Тіпті, мектеп директорларының кабинетін мектептің бірінші қабаттарына көшіру ғимараттағы қарбалас кезінде жағдайды бақылауға мүмкіндік береді деп айтады мамандар,

Жалпы, мемлекеттік қызметкерлердің бюджет қаржысы есебінен үлкен кеңсе жалдап, «комфорт аумақтарда» жұмыс істеуге деген құмарлығы заң аясында жазалануы тиіс. Сонда бұл келеңсіз үрдістің жолы кесіліп, басшылардың да елге бет бұруына жол  ашылмақ. Бұл әдеттен бас тартудың тәсілі де жеткілікті көрінеді. Соның бірі, қазір қолданысқа кеңінен енгізіліп жатқан Open space жобасында қызмет көрсету үлгісі шенеуніктерді бұқара халықпен жақындатып, еркін қалыпта жұмыс істеуге бейімдеуде. Алматы облысындағы Үштөбе қласының әкімді осы жоба бойынша қызмет көрсетуді бастаған еді. 

Үштөбедегі «Сервистік әкімдіктің» тағы бір ерекшелігі, бұл жерде әдеттегідей кілем төселген дәліз бойына қаздай тізілген емен есікті кабинеттер жоқ. Есесіне, ұядай ғана ғимаратқа қажетті қызметтің 41 түрін ұсынатын Үштөбе қаласы әкімінің аппараты, білім беру, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімдері, Қаратал ауданы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы сияқты нағыз жұрт жиі іздейтін ресми органдардың жұмысына тұрғындар дән риза.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы