Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты.
«Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқан тапсырмасын орындау мақсатында, министрлік тарапынан өңірлердегі бірқатар жобалардың құрылысын жандандыруға ұсыныстар әзірленді. Осы орайда, біздің ұсыныстарымыз бойынша 2019-2025 жылдарға қосымша 187 млрд теңге талап етіледі. Соның ішінде, 2019-2021 жылдарға 55 млрд теңге қаралуы тиіс», деді Қ.Бозымбаев.
Министрдің айтуынша, 4 газ тарату желісін салу үшін 84,7 млрд теңге бөлу ұсынылады. Оның ішінде Астананың газ инфрақұрылымын салуға 44,4 млрд бағытталып, жоба нәтижесінде 370 мың адам газбен қамтылады.
«Сонымен қатар, бірнеше газ желісінің құрылысын қолдауды сұраймыз. Атап айтсақ, Қарағанды облысында, яғни Қарағанды, Теміртау, Жезқазған және қосымша 5 елдімекенге 28,7 млрд теңге қажет. Бұл жоба 270 мың адамды қамтиды. Ал, Ақмола облысында 10 млрд теңгеге 100 мың адам көгілдір отынға қол жеткізеді. «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу барысында аталған жобаларды да іске асыру өте маңызды. Жалпы, газбен қамту жобаларын іске асыру нәтижесінде еліміздің шамамен 740 мың тұрғыны газбен қамтылатын болады», деді Министр.