Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясындағы факультеттер қатары «Ұлттық өнер» деп аталатын жаңа факультетпен толықты. Факультет Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының аясында ұлттық музыка өнерін, қолданбалы өнер мен қолөнерді дамыту және дәріптеу, оған қызмет ететін жас мамандарды даярлау мақсатында құрылды. Факультет құрамында «Дәстүрлі музыка өнері» және «Сәндік-қолданбалы өнер» кафедралары бар.
Рухани құндылықтың түпкі мәні – ұлттық өнер. Әр халықтың рухани әлемі ең алдымен оның дәстүрлі өнерінен көрініс табады. Қазақ елінің мәдениетін, рухани байлығын әлемге танытуда ұлттық дәстүрлі өнердің алар орны, атқарар қызметі ерекше екені сөзсіз. Бүгінде «Дәстүрлі музыка өнері» мен «Сәндік-қолданбалы өнер» кафедраларының түлектері, ел мәдениетін әлемге әйгілеп, халықаралық, республикалық өнер додаларында топ жарып жүр. Студенттерге республиканың мақтанышына айналған Р.Стамғазиев, П.Момынов, Н.Жанпейісов, М.Абуғазы, Т.Мұқышев, С.Бапанова, Р.Базарбаева, Е.Даубаев сынды кәсіби мамандар бастаған, тәжірибелі оқытушылар білім береді.
ҚазҰӨА ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың айтуынша, факультетті ашудағы мақсат – жоғары білім сапасын қамтамасыз ету, студенттердің ғылыми-теориялық дайындығы мен орындаушылық шеберлігін арттыру, сондай-ақ, оқу-тәрбие үдерісін тиімді әдіс-тәсілдермен басқару, ұлттық өнерді оқытудың заманауи үлгілерін пайдалану. Қазақстанның мәдениет мекемелері мен білім беру ұйымдарын халықаралық бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету.
Ұлттық өнердің бүгінгі және келер ұрпаққа түпнұсқасы бұрмаланбай, табиғи тұрғыда бізге жеткен мұралардың сақталуына және насихатталуына ықпал ету барысында факультет ұжымы үлкен жұмыстарды жоспарлап, іске асырмақ ниетте.
«Ұлттық өнер» факультетінің деканы болып Олжас Қанатұлы Ибраев тағайындалды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ