Әлеуметтік қолдауға бағытталған шаралар аясында Атырауда «Isker Ana» жобасы бастау алды. Көп балалы, жалғызбасты және әлеуметтік әлсіз топтағы аналарды қолдаудың жаңа бағыты бойынша 300 адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл бастаманы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындармен есептік кездесуі кезінде мәлім еткен болатын. Аз уақыттың ішінде жобаға қатысуға ниет білдіргендер саны 115-ке жетті. Қазір «Ғасыр» оқу орталығында 30 әйел жаңа мамандықтарды меңгеруде.
Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы Азаматтық орталықтың басшысы Әйгерім Досқалиеваның айтуынша, аймақта көп балалы, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік әлсіз топтағы аналарды қолдауға бағытталған шара негізінде әйелдерді қысқа мерзімді курстар арқылы жаңа мамандыққа тегін оқыту көзделіп отыр.
-Курстарды Азаматтық орталықтың мамандары әзірледі. Біздің мақсатымыз – әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сол арқылы өз істерін бастап, өмірлік мақсаттарын айқындауға, ары қарай дамуларына қолдау көрсету. Оқу мерзімінің ұзақтығы - бір аптадан бір айға дейін, - дейді Әйгерім Досқалиева. –Қазір үш топта оқу басталды, 30 адамды қамтып отыр. Қатысушылар негізінен тігіншілікке және аспаз-кондитер, визажист мамандықтарына қызығушылық танытуда.
Оқу курстары шаштараз ісі, маникюр, визаж, емдік массаж, бухгалтерия, интернет-сауда дағдылары, SMM секілді басқа да мамандықтарды қамтиды. Жаңа кәсіп үйренуге қадам жасағандар қатарында көп балалы ана Әлия Тәженова да бар. Бала күтіміне байланысты демалыста отырған Әлия уақытын тиімді пайдаланып, визажист-стилист мамандығына оқып жатыр. «Үйде жұмыссыз отырған аналар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Сұлулық әлемінің сырларын үйреніп алғаннан кейін өз ісімді бастау мақсатымда бар. Бүгінде мемлекет тарапынан көп балалы аналарды қолдауға бағытталған шаралар қатары артып келеді. Осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек»,-дейді Әлия Тәженова.
Ұйымдастырушылар жоба қатысушыларының арасында белсенділік танытқандарға арнайы грант қарастырылатынын да айтады.
АТЫРАУ