– Төлен аға, сізді жұрт жақсы жазушы ретінде танығанымен кезінде белгілі палуан болғаныңызды екінің бірі біле бермейді. Сондықтан сіздің спорттық өміріңіз жайлы әңгіме өрбітсек дейміз. Ал енді сөз тізгіні өзіңізде…
– Жалпы ер баланың бойында, нақтырақ айтқанда жаратылысында мықты болсам, күшті болсам деген талпыныстың болуы заңдылық. Ондай талпыныс болмаса, одан ертең қандай жігіт шығуы мүмкін? Ер бала өзін ел қорғайтын жауынгер есебінде сезінуге тиісті. Өткен замандарда да осындай түсінік болған. Біз бала кезімізде «Батырлар жырын» оқып өстік. Әйгілі батырларға деген шексіз сүйіспеншілікпен ержеттік. Соларды мұрат тұттық. Солардай батыр болуды аңсадық. Бірақ батыр болу үшін, қайратты да батыл болу керек. Бұл екі қасиетті бөліп қарауға болмайды. Өйткені қайратың болмаса, құр батылдықпен не бітіресің? Қайратың болған соң, соған сеніп батыл боласың. Сондықтан ер бала екі жақты дамуға тиісті: бірі – рухани жағынан, екіншісі – күш-қайраты жағынан.
Ал мен болсам, жаратылысымда асып туған адам емеспін. Бойым да шағын, салмағым да аз. Сол олқылықтардың орынын бірдеңемен толтыру керек қой. Ол үшін спорттан басқа не бар? Менің спортқа деген құштарлығымды, мінеки, осылай деп те түсіндіруге болатын шығар.
– Дұрыс екен. Бала кезіңізде осындай болсам деп еліктеген, яғни үлгі тұтып өскен адамдар болды ма?
– Біреуді кумир қылдым деп айта алмаймын. Бірақ елде өзгелерге болыса білетін, өзін ешкімге басындырмайтын қарулы да жүректі жігіттерге балалар қызыға қарайтын. 1950 жылдардың орта кезінен бастап осындай аты шыға бастаған адам – Түзелбай Айсин деген мұғалім жігіт. Ол кезде біздің жақта маман спортшы жоқ секілді еді. Ал Түзелбай табиғи қуаты мол, жан-жақты әмбебеп спортшы болатын. Бокстан да, күрестен де хабары мол. Штанганы жақсы көтеретін. Ол турникте ойнағанда жерде тұрып басың айналады. Сол Түзелбайдың сырттан келген телі-тентектерді басындырмай, не бір айқастарда «жауды» жеңген ерліктері аңыз боп тарап жүрді.
Бірақ мен өз басым Түзелбайдың айқасын көрген жоқпын. Менің көргенім өз аулымдағы Қасым деген жігіт. Ол кезде елде МТС деген орнаған. Оған сырттан жүздеген механизатор келді. Олардың бәрі сотталған, лагерьде жүрген бәлелер. Шетінен жанкешті бұзықтар. Оларға қарсы тұру жергілікті халыққа оңай болмады. Жаңағы Қасым да сол сотталғандармен бірге біздің ауылға келді. Оның не үшін сотталғанынан біздің хабарымыз жоқ. Еңгезердей, көрікті жігіт еді. Келген бетте жергілікті қазақтарды әлгі бұзақылардан қорғап аты шықты.
Әлі есімде, ауылдан колхоз орталығына бір шаруамен келген болатынмын. Әлдеқалай дүкенге кірсем, іші у да шу. Қазақтар бір дембелше өзбектің (ол да сырттан келген механизатор) қасына топталып дабырласып жатыр. Әңгімеден ұққанымыз, бір бұзақы орыс сөреден үлкен бума матаны алып шығып бара жатқан. Жұрттың у-шуына қарайтын түрі жоқ. Абырой болғанда, жаңағы өзбек жүгіріп барып, бумаға жабысқан. Көмекке қазақтар да келген болу керек. Ақыры әлгі бұзақы матаны тастап, сыртқа шығып кеткен. Ең болмаса, қашса екен-ау, маған не істей аласыңдар дегендей, дәл дүкеннің қасында шалқайып темекісін бұрқыратып тұр. Кенет дүкенге Қасым кіріп келді. Іштегілер жамырап Қасымға шағым айта бастады. Бәріне түсінген ол жауар бұлттай түнеріп сыртқа шықты. Біз де шықтық. Қасым әлгі бұзақының қасына келіп, әлденені айтып зіркілдеп сөйлеп жатыр. Анау да тілін тартатын емес. Бойлары да шамалас екен. Бірақ Қасымның денелі екені байқалып тұр. Мен әлдебір дыбысқа елеңдеп бұрылып, қайта қарағаным сол еді, жерде құлап жатқан орысты бір-ақ көрдім. Қалай ұрғанын көре алмағаныма өкініп, жақындай түсем. Қасым тұра берген орысты теуіп қайта құлатты. Одан арғысын төбелес деп те айтуға келмейді, бір адамның екінші адамды сабауы ғана болды. Жұрт енді Қасымға жабылып, тоқтата алмай әлек. Қасым бес-алты адамды сүйреп келіп, жерде жатқан бұзақыны дәу бәтіңкесімен тепкен кезде, әлгіні өлтіріп тастар ма екен деп зәреміз ұшты. Бұдан кейін де Қасымның қазақтарға болысып, өзімен бірге келген бұзақылармен болған қырғын төбелестерде қалай жеңімпаз болғаны жайында, кәдімгі батырлар жыры секілді, аңыз-әңгіме ел ішіне тарап жүрді.
Біз де, ертең өскенде өзіңді де, өзгелерді де әділетсіздіктен, бұзақылардан қорғай алатын жаужүрек азамат болсақ деп арман қылдық.
Жалпы адамдардың тағдырына әсер ететін, өміріне мағына әкелетін бір нәрсе бар, оның аты – ерлік. Ерлікті аңсамайтын адам жоқ. Өмірінде бір ерлік жасап көрмеген адамды тұлға деп айту қиын.
Жасөспірімдердің спортқа ұмтылысында да ерлікке деген құштарлықтың нышаны бар деп айтуға болады.
– Бала кезіңізде ауылыңызда спортпен кәсіби түрде шұғылданатындай мүмкіндік болды ма?
– Бала кезімізде біздің ауылда спортпен кәсіби деңгейде айналысатындай мүмкіндік болған жоқ. Бірақ біз – ауылдың қарасирақ балалары көп алысып, көп күресетінбіз. Қарақоға дейтін ауылдық жерде бесінші сыныпты оқып жатқан кезіміз-тін, мектептің дәл қасында жұмсақ топырақты алаңқай болды. Сабақ арасындағы үзіліс кезінде бір топ бала жапа-тармағай кезектесіп күресті бастаймыз. Ішімізде әдемі күресетін балалар болды. Әр күн сайын балалардың әдіс-тәсілі жетіліп, кәдімгідей шеберлігі арта түседі. Жетінші сыныпта оқитын бір баланың маған қағысты үйреткені есімде. Тоғызыншы-оныншы сыныптарда оқып жүрген кезде жыл сайын болатын аудандық фестивальдарда күресіп жүрдік.
– Қай аудан ол?
– Қостанай облысының Жангелдин ауданы, орталығы тарихи Торғай қаласы, фестиваль сонда өтеді. Фестиваль бағдарламасында қазақша күрес түрі болды. Менің салмағым – 48 кило. Ауданның түкпір-түкпірінен небір мықты балалар жиналатын. Басты қарсыласым өзім шамалас Талап дейтін бала еді. Ақтық сында ол екеуміз сілкілесіп жеңісе алмай қиналамыз. Асқар Байжұманов жақсы күресетін. Кейін белгілі дәрігер-хирург болды.
– Орта мектепті тәмамдап Алматыға оқуға келген соң күресті жалғастырдыңыз ғой?
– Орта мектепті бітірген соң, 1959 жылы Алматыға келдім. Мақсатым – жоғары оқу орынына түсу. Ол кезде екі жылдық өтіл дейтін болды. Былайша айтқанда, он жылдықты бітірген соң екі жыл колхозда жұмыс істеу керек. Осындай өндірістен келгендерге жеңілдік берілетін. Менімен бірге барған қазіргі жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлы екі жылдық еңбек тәжірибесімен келді де, оқуға түсіп кетті. Бітіргеніме бір жыл болған мен түсе алмай қалдым…Енді не істеу керек?
– Иә, енді не істемексіз…
– Бір жылым босқа өтпесін деп бір жылдық оқу іздемеймін бе. Тағы біреулердің ақылымен кино механиктер даярлайтын мектепке бардым. Оған барған себебім: жатақханасы және стипендиясы бар. Бірақ оқуға құлықым жоқ. Жас кез, әуейлік басым, бәрін үйренсем деген арман… Оқумен қатар домбыра үйірмесіне қатысамын. Спортқа құштарлық боса-болмаса. Бір күні Сейфуллин көшесін бойлап келе жатсам, төбесінде «Еңбек» спорт қоғамы» дейтін үлкен жазуы бар ғимарат тұр екен. Кіріп бардым. Өзім қатарлы көбі орыс балалар сілкілесіп жатыр. Сұрастырсам еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы Сатсков (атын ұмыттым) деген орыс екен. Мән-жайды айтып, түсіндірдім. Бірден қабылдады.
– Ол кезде қазақша күреске арналған үйірме жоқ шығар…
– Еркін күреске бардым ғой. Күреспен шұғылдана бастағаныма тура төрт ай толғанда республикалық деңгейдегі училищеаралық біріншілік өтетін болды. Қатысушылардың көптігі сондай, үш күн күрестік. Ауылда жүргенде қазақша күреспен көп айналысқандықтан болар, стойкада (түрегеп тұрып) жақсы күресем де, партерде нашарлаумын. Сонымен қойшы, қарсыластарымды «стойкада» тұрып-ақ қағып түсіре бердім. Баяғы ауылда үйренген қағып тастау әдісіме көбісі шыдамады. Бірінші орынды жеңіп алдым.
– Салмақ баяғы 48 кило ма?
– Жоқ, 61 кило. Қандай бір жарыстың марапаттау кезі жақсы ғой. Мені тұғырға шығарып қойып, қолыма диплом ұстатып жатқан, біреу кеп артқы жағымнан қапсыра құшақтап, әкетіп барады. Айналып қарасам, қазіргі жазушы-ғалым Қойшығара ағаларың мен Бағда деген досым екен. Арада екі-үш ай өткенде квалификациялық жарыс ұйымдастырылды. Онда да бірінші орын алдым. Сөйтіп жүргенде оқуға түсу үшін емтихан тапсыратын кез де жақындап қалды.
– Иә, Алматыға келгендегі мақсат КазГУ-ге түсу еді ғой…
– Иә. КазГУ-дің филология факультетіне емтихан тапсыруға дайындалып жүрдім. Бір күні көше бойлап келе жатыр едім алғашқы бапкерім Сатсков ұшыраса кетті. «Қайда жүрсің?» дейді маған кейіп. «Емтиханға дайындалып». «Сен сөзді қой, ертең жаттығу залына кел, жарысқа қатысасың!» деді. Ертеңінде бардым. Өліп-тіріліп жаттығу жасадым. Келесі күні жарыс. Екі ай бойына жаттығуға келмегеннен кейін, денемнің бәрі салдырап, келесі күні, күреспек түгілі басыммен қайғы болдым. Тұңғыш рет жеңілістің дәмін таттым. Сондағы уайымдағанымды көрсең. Әжетханаға барып, ешкімге көрінбей жылап алғаным есімде.
– КазГУ-ге емтихан тапсырып өтіп кеттіңіз…
– Иә, сол жылы оқуға түстім. Түскеннен кейін бокс үйірмесіне жазылайын деп бардым. Менің күрестен спорттық разрядым бар екенін естіп, бокс бапкері, ұмытпасам, Рожков маған күреске бар деп ақыл берді. Сонымен не керек, Зифтириди деген тренердің тәрбиесінде университетті бітіргенше 5 жыл күрестік.
Үйірмеде менен басқа еркін күрестен «Спорт шебері» дәрежесін қорғап үлгерген Сағындық Жылқайдаров, Қайырбек Рымжанов, Роберт Рахимов, Атаев, Гагиев деген жігіттер бар. Негізінен алғанда еркін күрестен КазГУ-дің командасы өте мықты болды. Алматыдағы Дене тәрбиесі институтының командасын ұтып кететінбіз.
– Күрес болған соң қарсылас болары сөзсіз. Сіздің басты қарсыласыңыз…
– Қарсылас деген көп қой. Жарыстарда мен аттап өте алмайтын бір адам болды. Ол – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы Генадий Трунин. Өте мықты палуан. Шаршауды білмейді. Менің ең осал жерім – тынысым (дыхание) жетпей қалады. Екінші бір қателігім – кейде күресті тастап қойып домбыраға кетіп қалам, тағы да әртістік өнерді үйрететін үйірмеге қатысып тұрам. Күреспен бірбеткей айналысуға уақытым жетпейді.
Спорт деген өте бір қызық әлем. Республика бойынша күреске қатысып жүрген жігіттер бірін-бірі жақсы таниды. Өзіміз бір қауым ел сияқтымыз. Кімнің қалай күресетінін жатқа білеміз. Көшеде кездессек туысқанымыздай қуана көрісеміз. Осындай бір топ пайда болады екен.
– Жалпы кілем үстінде әртүрлі сәтсіздіктер де болып тұратын шығар?
– Әрине. Бір жарыста менің 1-орын алатын мүмкіндігім болып еді. Жоғары дәрежедегі әйгілі палуандар қатыспағаннан кейін, өз салмағымда негізгі үміткер мен болдым. Және қарсыластарымның бәрін жеңіп жақсы келе жатқанмын. Ең соңғы екі кездесуім қалған. Одан өтсем, келесі күні – финал. Осы кезде жаттықтырушымның жетіп келмесі бар ма. «Қазір мен сені төрешілерден сұрап аламын. Моңғол палуандарымен кездесейік деп жатырмыз. Соған барасың», дейді. «Ойбай-ау, алдымен мына жарысты бітіріп алмаймын ба?» деймін ғой. «Бұған ертең келесің ғой, анау деген халықаралық кездесу емес пе» деп бой бермейді. Ақыры бардым. Қарсыласым Олимпиада ойындарының жүлдегері өте мықты палуан екен, текетірескен ауыр кездесуден кейін мені ұпай санымен ұтып кетті. Иттей боп шаршап, жарысқа қайтып оралдым. Менің кеше болатын кездесуімді бүгінге ауыстырыпты. Қарсыласым шығысқазақстандық орыс жігіті болатын. Іштей жеңетінімді сезгенмін, бірақ анандай тарамыс, төзімді болар деп ойламаппын. Қатты қарсылық көрсетті. Әйтсе де, айқын басымдықпен жеңдім. Бірақ өзім де әбден шаршадым. Мен өзімнің жіберген қателігімді кейін сездім. Артымда соңғы кездесу тұрғаннан кейін, әлгіндей өліп-тіріліп күресудің керегі жоқ еді. Қажетті ұпайларды алғаннан кейін, күшті сақтап, жайлап күресу керек еді. Тәжірибенің аздығынан кейде ондайды ұмытып кетесің. Кездесуді аяқтап, демалатын жерге енді ғана отыра бергенімде, мені кілемге қайтадан шақырсын. Қалжыраған күйімде кілемге шықтым. Ұтылдым. Қолда тұрған жүлдеден осылай айрылдым. Кінәлі – алдымен өзімнің бапкерім. Мені басқа жарысқа алып кетпегенде, бәрі де басқаша болатын еді. Ал төрешілер болса, оларға керегінің өзі сол. Маған тынығуға еш мүмкіндік бермей, әдейі шығарғанын біліп отырмын. Бірақ оған не істей аласың? Соңғы қарсыласым Дене тәрбиесі институтының студенті болатын. Төрешілер сол институтта жұмыс істегеннен кейін, жарыс кезінде өздерінің төл шәкірттеріне қалайда бүйрегі бұрады.
– Сол кезде сізбен қатарлас-қанаттас күресіп жүрген палуандар кімдер еді?
– Бірге күресіп жүр дегенмен, палуандардың дәрежесі әр түрлі. Мәселен, Әбілсейіт Айханов, Амангелді Ғабсаттаров сол кезде КСРО чемпионы болатын. Амангелді, ұмытпасам, 19 жасында ұлы палуан Әли Әлиевпен тең түсіп, 52 килода КСРО чемпионы болса, Әбілсейіт Олимпиада чемпионы Иваницкийді жеңіп чемпион болды. Кейін Иваницкий өзінің кітабында Айхановтан қалай ұтылғанын бір жарым бетке тәптіштеп суреттеп жазғанын оқыдым. Айхановтың бойы – 1.91 метр, салмағы 100 килодай, 97 кило салмақ дәрежесінде күресіп жүрді. Кейін 64 кило салмақта Аманжол Бұғыбаевтың аты шықты. Ол да КСРО чемпионы болды. Жалпы қазақ палуандары өте мықты еді. Қазір сол мүмкіндіктен айырылыңқырап қалған секілдіміз. Сырттан келген легионерлерді пайдаланып жүлдегер атанғанмен, ол атақтың бәрі уақытша.
Ол кезде әлем чемпионы болғаннан гөрі, КСРО чемпионы болу қиын. Өйткені, әлем чемпиондарының көбі КСРО азаматтары. Жалпы тоталитарлық мемлекеттерде спорт жақсы дамитын бір ерекшелік бар ғой. Қазіргі Кубаны көрмейсіз бе…
– Республикадан тыс жерде өткен жарыстарға барып жүрдіңіз бе?
– КазГУ-дің үшінші курсында оқып жүргенде Белоруссияның Гомель қаласында өткен одақтық турнирге республика атынан бардым. Салмағым – 64 кило. Алматының қысына сай жұқалау пальтомен шыққанбыз. Гомельдің қысы қаталдау екен. Қонақүйден спорт сарайына жаяу жеткенше қатып қаласың. Бойымызды қыздыруға уақыт аз болды ма, әйтеуір алғашқы кездесуде-ақ, бірнеше жігіт біреуміз аяғымызды, біреуміз қолымыздың сіңірін созып ауыртып алдық. Мұндай жағдайда өз мүмкіндігіңді толық пайдаланып, қайрат көрсету қиын. Амал жоқ, осындай жағдайда күресуге тура келді. Бірінші кездесуде ұтылдым. Одан кейін екінші, үшінші қарсыласымды ұттым. Төртінші қарсыласымды ұтқанымды өзім білемін, бірақ төрешілер көрер көзге әділетсіздік жасап, менің ұпайларымды есептемей, қайта-қайта кілем сыртына қашып жүрген қарсыласыма ескерту жасамай, әбден зықымды шығарды. Ең соңында екеуміздің күресімізді тең қылып аяқтатты. Кейін білдім әлгі бала Минскіден екен. Төртінші кездесуде ұтылуға тура келді, өйткені қолымның созылғаны одан әрі дұрыстап күресуге мүмкіндік бермеді. Сол тойғанымызбен елге қайттық.
– Аманжол Бұғыбаев ағамыз күреске сізден кейін келді ме?
– Біз оқуды бітірген жылдары күреске алақұйындатып Аманжол Бұғыбаев келді. Оны алып келген Әбілсейіт Айханов. Екеуі бір ауылдың жігіттері. Әбілсейіттен «Бұғыбаев қандай?» деп сұраймын ғой. «Стойкадан бәрін қиратады» дейді ол. Содан кейін құлағыма сыбырлағандай болып: «Партерде кішкене шамалылау» деп күліп, ешкім естіп қоймасын дегендей жан-жағына қарап қояды. Аманжол шын мәнінде мықты палуан. Алматыда өткен КСРО чемпионатында Аманжол қола медальді жеңіп алды. Сол жолы дағыстандық Абдуллаев чемпион болды. Кейін ол Олимп биігін бағындырды. Осы Абдуллаевты Аманжолдың екі рет ұтқанын көзім көрді. Аманжол КСРО чемпионатында бір рет күміс медаль, одан кейін алтын медаль алды да тоқтады. Оны әлемдік үлкен додаларға жібермеді.
– Бапкерлер жайлы, жалпы бапкерлік мектеп жайлы не айтасыз. Бапкер болу өнер ме?
– Бапкерлік дегеніміз, өте күрделі жұмыс қой. Нағыз бапкер спорттың сыртында, жақсы педагог, психолог болуы керек. Мен өз басым бапкердің тәрбиесін көп көрдім деп айта алмаймын. Қатар жүрген жігіттермен араласу, солардан үйрену арқылы, өзімізбен өзіміз боп күн кештік. Бапкеріміз – Зифтириди кезінде өте мықты палуан болған, қайратты кісі еді. Біздің күресімізге жаны күйіп, жанашырлық танытып жүреді. Бірақ бапкерліктің нәзік қырларына мән бере бермейтін.
«Сенің күресу тәсілің маған келіңкірейді, саған өз тәжірибемді айтып көмектесейін» деп маған біраз уақыт қамқор болып жүрген спорт шебері Роберт Рахимов деген адам еді. Мүмкін осы кісінің қол астында жүйелі жаттыққанымда үлкен нәтижеге жетуім де мүмкін еді... Жазушылық құмарлығым басып кетті.
– Ел-жұрт сізді жақсы күйші дейді…
– Домбыраның менің өмірімнен алатын орыны үлкен деп айта аламын. Өзімнің де күй шығаратыным бар. Кезінде тіпті консерваторияға түссем деп қиялдаған кездерім болған… Бұл енді басқа әңігіме.
– Қазіргі жастар спортпен шұғылдануы керек, бұны бәріміз айтамыз. Бірақ осы іске жасөспірімдердің ынта-ықыласын ояту қажет сияқты?
– Қазір жасөспірімдерге спортпен шұғылдану қиын. Баяғыда тұрғын үйлердің арасында балаларға арналған спорттық аулалар болатын. Мектеп жасындағы балаларымыз сонда футбол ойнап, біз балконда жанкүйер болып отыратынбыз. Қазір ондай спорттық аулалар жоғалды. Оның орнына сірестіріп сауда үйлерін салып тастадық. Немерелерімізді спортқа берейік десек, спорттық клубтар алыс, әрі ақылы боп кеткен. Жасөспірімдер арасында бұқаралық спорт түрін жандандырмай, алыс ауылдардағы қазақ балаларын іріктеп спортқа тартпай, ешқандай мандымаймыз. Қытайдан немесе Ресейден жолы болмай жүрген спортшыларды алып келіп, еліміздің атынан ғаламдық жарыстарға қосып, атақ алу, ұлттық спортты ұшпаққа жеткізетін жол деп айта алмаймын.
– Осыған не істеу керек өзі…
– Дарынды балалар ауылда толып жүр. Соларды іздеп тапсын, тәрбиелесін. Қашанғы өзімізді өзіміз алдап жүре береміз. Ол үшін ауыл балаларын спортқа тартатын арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Спорт ең алдымен – еңбек. Құдай берген аз ғана күшіңмен ұзай алмайсың. Еңбек керек. Ғылыми жүйеге негізделген тәртібі қатаң тәрбие болмаса, қанша дарынды болсаң да, биік дәрежеге көтеріле алмайсың.
Спорт та – ғылым, әдебиет, өнер секілді ұлттық дамуымыздың бір түрі. Ұлы спортшылар ұлттың мақтанышына айналуға тиісті. Ал бүгін еліңе келіп, абырой әперіп, ертең қайда кетерін білмей отырған көшпелі чемпиондар қайдан сенің ұлттық мақтанышыңа айнала алады? Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде кең қараған дұрыс деп ойлаймын.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»