«Әр бала өз несібесімен туады» деп білетін халықпыз. Басынан қандай қиын кезеңдер өтсе де, жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған елміз. Бабалардың сол салты жаңа ғасырда да маңызын жойған жоқ. Біз бүгінде екі есе бақыттымыз дер едім: тәуелсіз еліміз бар, жыл санап нығайып келе жатқан мемлекетіміз бар. Елбасы саясатының арқасында алыстағы ауыл халқы да замана көшінен қалмай, жарқын болашаққа сенім артып отыр. «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Мемлекет басшысының әлеуметтік мәселелерге маңыз бергені «Алтын алқа» иегері ретінде мені де толқытты. Қолдайтын, қорғайтын мемлекетіңнің бары, балаларыңның көрінген босағада тентіремей өз алдарына үй болып кетулері үшін мүмкіндіктің көптігі ертеңге деген сеніміңді нықтай түседі.
Елбасының аз қамтылған көп балалы отбасылардағы әр балаға берілетін жәрдемақы мөлшерін 21 мың теңгеге жеткізіп, пәтер сатып алудың қолжетімділігі артуына жағдай жасауы – әлеуметтік саясаттың ұтымды тұсы деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Әбішұлы: «Табысы төмен көп балалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыру қажет», деп тапсырды. Шыны керек, балаларымыз ауыл мектебін бітіргеннен кейін қалаға оқуға кетеді, ал бейтаныс ортада пәтер жалдап күнелтудің өзі оңай емес. Тұрғын үйге байланысты жаңалықтар сол үшін де көпшілікті қуантып отыр.
Жаңа әлеуметтік саясат демографиялық ахуалдың жақсаруына да ықпал етері анық. Жергілікті атқарушы билік тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдау шараларына да көңіліміз толады. Күні кеше облыс халқы алдында есептік кездесу өткізген өңір басшысы Нұрлан Ноғаев «Іскер ана» жобасының бастау алғанын мәлімдеді. Әлеуметтік осал топтағы жастарды қоғам өміріне араласуға бейімдейтін жобалар да дайындалыпты. Жұмыссыздық мәселесі шешімін тауып келеді. Осының бәрі мен секілді көп балалы аналар үшін әрине қуаныш. Ертеңге деген сенімімізге селкеу түсірмей, қолдау көрсетіп отырған Елбасымызға алғыс айту күнінде аналық жүрегіммен ризашылығымды білдірсем деймін.
Майра ҚҰРАСОВА,
«Алтын алқа» иегері
Атырау облысы, Исатай ауданы