Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде 1 наурыз – алғыс айту күніне орай«Қазақ елі – ұлы достық мекені» атты байқау өтті. Байқауда «Достық» студенттік клубы мүшелері мен университетте білім алып жатқан өзге этнос өкілдері танымал қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқып жарысты.
Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні, яғни 1 наурыз – Президенттің ұсынысымен жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өтіледі.
Осы мерекеге орай өткен байқауға 16 үміткер қатысып, бақ сынады. Олардың арасында өзбек, түркімен, неміс, шешен, украин, орыс халқының өкілдері бар. Қатысушы жастар ұлы Абайдың, Махамбеттің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтің, Жұбан Молдағалиевтің, Әбділдә Тәжібаевтың, Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Қазылар алқасының мүшелері – университеттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев, «Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген, «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Әлфия Жапаровалар ел бірлігі мен татулығын нығайтып, бейбітшілік пен келісімге ұйытқы болатын осындай шаралар дәстүрлі түрде өтсе екен деген тілегін жеткізді.
Байқау қорытындысында Анастасия Бадеева мен Кәмила Чарыкулыева жүлделі бірінші орынды тең бөліссе, Мәдина Артаева екінші орынды, Варвара Осиновская мен Валентин Козлов үшін жүлдені иеленді. Жеңімпаздар диплом, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан
Суретті түсірген Рита Сұлтанғалиева