• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Наурыз, 2019

Оралдық журналистер ағылшын тілін үйренеді

687 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Жайық Пресс» медиахолдингі арасында жасалған меморандум бойынша 45 журналист ағылшын тілін үйренуге кірісті.

- Біздің басқарма Қазақстанның тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Елбасының қазақ жазуын латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру тапсырмасын атқаруда. Еліміздің тіл саясатындағы атқарылған істерді қоғамға жеткізетін – бұқаралық ақпарат құралдары ғой. Бүгін медиахолдингпен екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойып отырмыз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Айта кетейік, «Жайық Пресс» ЖШС – Батыс Қазақстан облысындағы екі облыстық, 12 аудандық газеттің басын қосқан ірі медиахолдинг. Жақында ғана серіктестік құрамындағы «Жайық Пресс» ақпарат орталығы өз алдына ақпарат агенттігі болып ресми тіркеуден өтті.

- Өз ойымда, журналистер кемінде бір шет тілін жетік меңгеруі тиіс. Әрине, өңірдегі тілшілердің бәрінің бірдей «Болашақпен» оқып келуге мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, елде жүріп-ақ тіл үйренуге болмайды деп кім айтыпты? Сондықтан жергілікті тілдерді дамыту басқармасымен келісілген уағдаластық бойынша «Жайық Пресс» журналистері ағылшын тілі курсын тегін оқуға мүмкіндік алып отыр. «English for Media» жобасы аясында медиасеріктестіктің 45 қызметкері 4 ай бойы білікті мамандардан тәлім алады, - дейді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Рауан Сәбитұлы.

Медиахолдинг басшысының айтуынша, тіл курсының үздік шәкірттеріне сертификаттан бөлек, шетелге шығу мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Батыс Қазақстан