• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
11 Мамыр, 2012

Олимпиаданың алауы тұтанды

298 рет
көрсетілді

Олимпиаданың алауы тұтанды

Жұма, 11 мамыр 2012 7:12

Кеше Грекияда Лондонда өтетін 2012 жылғы Жазғы Олимпия ойындарының алауы күн сәулесінен тұтан­ды­рылды. Грекиялық актриса Ино Менегаки рәсім барысында тұтанған алауды оны алғашқы алып жүретін жүзгіш Спирос Янниотиске тапсырды.

 

Жұма, 11 мамыр 2012 7:12

Кеше Грекияда Лондонда өтетін 2012 жылғы Жазғы Олимпия ойындарының алауы күн сәулесінен тұтан­ды­рылды. Грекиялық актриса Ино Менегаки рәсім барысында тұтанған алауды оны алғашқы алып жүретін жүзгіш Спирос Янниотиске тапсырды.

Янниотис Олимпиада алауының бірінші кезеңінде жүгірсе, елдегі бұл үдеріс 8 күнге созылады. 17 мамырда Олимпиада алауы Афинадағы стадионға жеткізіліп, сол арада Лондондағы ойынды ұйымдастырушыларға тапсырылады. Жетпіс күнге созылатын эстафета барысында Олимпиада алауы 12,8 мың шақырым жолдан өтеді.

 

ЛАҢКЕСТІКТЕН ОПАТ БОЛҒАНДАР КӨП

Сирияның астанасы Дамаск қала­сын­да кеше ертеңгісін қосарланған лаңкестік жасалып, соның салдарынан 40-тан ас­там адам қаза тапты. Жара­ланғандар саны 170 адамнан асады делініп отыр. Жарылыстар Сирия барлау қызметінің штаб-пәтері орналас­қан 9 қабатты ғи­мараттың кіре берісінде жасалған.

Жарылыстың күшті болғаны соншалықты, көршілес ор­наласқан тұрғын үйлерге де айтарлықтай зиян келген. Сирия оппозициясының деректеріне қарағанда, лаңкестік құр­бан­дықтарының саны 50 адамнан асады. Көз жұмғандар арасында барлау офицерлерімен қатар, көшеде кетіп бара жатқан қарапайым адамдар да бар көрінеді.

 

ҮКІМЕТ ЖАСАҚТАУ МАНДАТЫНАН БАС ТАРТТЫ

Грекияның «Сириза» деп аталатын солшыл радикалды коалициясының серкесі Алексис Ципрас үкімет жасақтау мандатынан бас тартты. «Сириза» мүше­лерімен кездесуі кезінде ол біз солшыл үкімет құру туралы арманымызды жүзеге асыра алмадық деп мәлімдеген.

Сөйтіп, Алексис Ципрас кеше президенттен үкімет жасақтау туралы алған мандатын қайтарып берді. Ал Грекияда 6 мамыр күні өткен кезектен тыс парламент сайлауында «Сириза» екінші орын алған болатын. Ал ең көп мандатты оңшылцентристік «Жаңа демократия» партиясы алған еді. Бұл партияның серкесі Антонис Самарас  та үкімет жасақтау мандатынан бас тартқан болатын. Егер 17 мамырға дейін жаңа үкімет жасақталмаса, елде жаңа сайлау жарияланады.

 

ИРАНДА АГЕНТТІК ҚЫЗМЕТКЕРІ ҚАЗА ТАПТЫ

Иранда автомобиль апаты салдарынан Атом энергетикасы жөніндегі ха­лық­аралық агенттіктің (МАГАТЭ) қызмет­кері қаза тапты. Оқиға Арак  қаласы маңында тіркелген. Көлікте сондай-ақ атом энергетикасы жөніндегі тағы бір сарапшы  болыпты.

Оңтүстіккореялық маман Ок Сеок Се  қаза тапса, оның бірге келе жатқан әріптесі жарақат алған. Арак қаласында ядролық зерттеу жүргізілетін кешен орналасқан екен. Иран басшылығы Аракта орналасқан реактор тек бейбіт мақсатта пайдаланылатынын мәлімдеп отыр. МАГАТЭ болса, қол­данылған отын ядролық оқтұмсықтар жасау үшін қайта өңделуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.

 

ӘЗЕРБАЙЖАНДАРДЫҢ АШУ-ЫЗАСЫН ТУҒЫЗДЫ

9 мамыр күні танылмаған Таулы Қарабақ респуб­ли­касының астанасы Степанакерт қаласында әскери парад болып өткен еді. Бұған Әзербайжан тарапы өзінің на­разылығын білдірді. Мұндай наразы көңіл-күйге парадқа Армения президенті Серж Саргсянның қатысуы себеп болды.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі өткен оқиғаны арандатушылық әрекет деп есептейтінін мәлімдеді. «Мұндай деструктивті ұстаным армян жағының келіссөздерді конс­труктивті жүргізуге дайын емес екенін айғақтайды», дейді министрліктің баспасөз хатшысы Эльман Абдуллаев. Шараға сондай-ақ Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян мен танылмаған ТҚР президенті Бако Саакян да қатысқан.

 

АЛҒАШ РЕТ БІР ЖЫНЫСТЫ НЕКЕНІ ҚОЛДАДЫ

АҚШ президенті Барак Обама көп­шілік алдында алғаш рет бір жынысты некелер құруға рұқсат беру керек деген пікірін білдірді. Бұл мәлімдемесін ол АВС телеарнасы арқылы жасады. Сонымен бір мезгілде, президент бұл өзі­нің жеке пікірі екенін, бұл мәселе заңнамалық тұрғыда штат­тар деңгейінде шешілуі тиіс екенін атап көрсетті. 

Обама, сонымен қатар, қыздары Малия мен Сашаның бір жынысты жұп тәрбиелеп отырған достары бар екенін көлденең тартқан. Мұның  алдында АҚШ-тың вице-прези­денті Джо Байден де бір жынысты некелерге қарсылығы жоқ екенін хабарлаған болатын. Бұл АҚШ президентінің Құрама Штаттарда алдағы күзде өтетін сайлау қарсаңында өз жағына адамдар тарту мақсатындағы қадамы болуы да ықтимал.

Қысқа қайырып айтқанда:

Филиппиндегі Бутуан қаласындағы дүкенде болған өрт салдарынан 17 адам көз жұмды. Өрт дүкеннің үш қабатты ғимара­тын­да ертеңгісін тұтанған. Қаза тапқандардың көпшілігі жо­ғар­ғы қабатта ұйықтап жатқан дүкен қызметшілері екен.

Мысырда 2011 жылдың желтоқсанында билікке қарсы наразылық акцияларына қатысқан 293 оппозицияшы сотталатын болады. Оларға  билікке қарсылық білдірді, мемлекеттік меншікке залал келтірді және заңсыз қару-жарақ ұстап жүрді деген айыптар тағылып отыр.

Ресей Федерациясының тергеу комитеті Индонезияда Sukhoi Superjet-100 ұшағының  апатқа ұшырауына байланысты қыл­мыс­тық іс қозғады. Түрлі дерек бойынша ұшақ бортында 45 пен 48 аралығында адам болған. Олардың бәрі де қаза тауыпты.

Украинаның Львов қаласындағы Лычаков аудандық соты 9 ма­мыр күні Даңқ биігінде (Львовтағы соғыс мемориалы) қызыл ту көтерген компартия өкілі Юрий Ткаченконы ақтап шы­ғарды. Ол әуелде «қоғамдық тәртіпті бұзды» деп айыпталып, қамауға алынған болатын.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.