• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2012

Үкіметтің жаңа құрамы жарияланды

560 рет
көрсетілді

Үкіметтің жаңа құрамы жарияланды

Жұма, 18 мамыр 2012 8:21

Францияда үкіметтің жаңа құрамы жария етілді. Ел премьер-министрі міндетін Жан-Марк Эро атқара бас­тады. Қорғаныс министрі орынтағына Жан-Ив Ле Дриан, экономика және қаржы министрі орынтағына Пьер Мос­ковиси, ал сыртқы істер министрі орынтағына Лоран Фабиус отырды.

 

Жұма, 18 мамыр 2012 8:21

Францияда үкіметтің жаңа құрамы жария етілді. Ел премьер-министрі міндетін Жан-Марк Эро атқара бас­тады. Қорғаныс министрі орынтағына Жан-Ив Ле Дриан, экономика және қаржы министрі орынтағына Пьер Мос­ковиси, ал сыртқы істер министрі орынтағына Лоран Фабиус отырды.

Ішкі істер министрі қызметін Мануэль Вальс, мәдениет министрі қызметін Орели Филипетти, еңбек министрі қызметін Мишель Сапен атқаратын болды. Бұл Франция тарихында үкімет құрамында ерлер мен әйелдер саны тең түскен алғашқы оқиға болып табылады. Жаңа кабинеттің алғашқы мәжілісі кеше өтті. Ал Жан-Марк Эро Франция премьер-министрі болып 15 мамырда тағайындалған еді.

 

Грекияда уақытша кабинет жасақталды

Грекияда ақыры 17 маусымда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өт­кі­зілетін болды. Өйткені, елде белгіленген уақытта үкімет құрамы жасақталмады. Сөйтіп, Грекияда уақытша кабинеттің құрамы жария етілді. Ол сайлауға дейін жұмыс істейтін болады.

Уақытша премьер-министр болып, бұған дейін хабарланғанындай, Мемлекеттік кеңестің басшысы Панайотис Пикраменос тағайындалды. Қаржы министрі міндетін Георгиос Заниас, сыртқы істер министрі міндетін Петрос Моливиатис, қорғаныс министрі міндетін Франгос Франгулис атқаратын болды. Барлығы уақытша үкімет құрамына 16 министр кірді. Уақытша кабинеттің өкілеттілігі шектеулі.

 

Пхеньян ядролық сынақ өткізе ме?

Оңтүстік Корея барлау қызметіндегі дерек көзіне сілтеме жасаған «Ренхап» агенттігі Солтүстік Кореяның ядролық сынақ жүргізуге дайындалып жатқанын хабар­лады. Агенттіктің деректеріне қарағанда, КХДР Хамген-Пукто провинциясындағы полигонда жерасты тоннелін салып жатыр.

Аталған жерде бұған дейін екі рет – 2006 және 2009 жылдары жерасты ядролық жарылыстары жасалған көрінеді. Ал жаңа жерасты жарылысын жасауға дайындық соңғы кезеңге аяқ басса керек. Бірақ ядролық сынаққа дайындық туралы ақпаратты қуаттайтын немесе теріске шығаратын ресми мәлімет КХДР тарапынан әзірше түскен жоқ.

 

Басқыншылық заңынан бас тартпайды  

Грузия Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қатысты қабылданған «Ба­сып алынған аумақтар туралы» заң­нан бас тарту туралы ниеті жоқ екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме Грузия­ның реинтеграция мәселелері жөнін­дегі мемлекеттік министрі Эка Ткеше­лашвилидің аузымен жасалды.

Э.Ткешелашвили ханымның сөзіне қарағанда, заң тек аталған аумақтар Грузияның иелігіне қайтарылған жағдайда ғана күшін жоюы ықтимал. «Аумағының 20 пайызынан айырылып отырған ел мұндай арнайы заң қабылдауға толық құқылы. Өйткені, бұл заңдық құжат аталған проблеманың тамырына балта шабуға бағытталған», дейді мемлекеттік министр.

 

Сарапшы-криминалист атылып өлді

Кеше ертеңгісін Қырғыз Республикасы ішкі істер министрлігінің ғимаратында милиция подполковнигі Надыр Абдырахманов атылып өлген. Бұл туралы АКИpress агенттігі хабарлады. Өзіне өзі қол жұмсаған адам ІІМ-нің сарапшы-криминалистика орталығында аға сарапшы болған екен. Ол жұмыс орнында көз жұмыпты.

Бұқаралық ақпарат құралдарының алғашқы хабарларында Н.Абдырахмановтың өзін өзі екі рет атқаны айтылған болатын. Кейінірек ішкі істер министрлігіндегілер тапанша бір мәрте атылғаны туралы мәлімдеме жасады. Әуелде милиция подполковнигінің өзіне өзі не себепті қол жұмсағаны туралы түрлі болжамдар айтылған еді. Соңғысы ол өзін абайсызда атып алған дегенге саяды.

 

Кишиневте қаралы шаралар өтті

Кеше Молдавияның астанасы Кишинев қаласында мемлекеттік ту төмен түсіріліп, Еуроодақ туына қара ленталар байланды. Мұндай қаралы шара Бухарест бейбіт келісімі бойынша Бессарабияның Ресей империясы құрамына өтуінің 200 жылдығына байланысты ұйымдастырылды. 

Осыдан екі ғасыр бұрын Бессарабияның басым бөлігін қазіргі Молдавия аумағы құрайтын. Ал 1918 жылы Бессарабия Румынияға қосылса, 1940 жылы өңірге бақылауды кеңес билігі өзіне қайтарып алғаны белгілі. 16 мамыр қаралы күн деп Кишинев мэрі Дорин Киртоакэнің өкімі бойынша жарияланды. Либералдар партиясының серкесі Михай Гимпудің пікірінше, бүгінгі кедейшілік, жемқорлық, басқа да кесірлер басқыншылық саясаттың салдары болып табылады.

Қысқа қайырып айтқанда:

l Еуроодақ Украинаға экс-премьер, оппозициялық саясаткер Юлия Тимошенконы емдеуге қатысу үшін медициналық сарапшылар жіберу ниетінде. Бұл жөнінде Еуропарламент төрағасы Мартин Шульц мәлімдеді. 

l Солтүстіккореялық катер экипажы 29 қытай балық­шы­сын аманатқа алған. Енді КХДР өкілдері кепілдегілерді босату үшін төлем талап етіп отырған көрінеді. Бір қызығы – қытай­лықтар тұтқынға ҚХР-дің, яғни өздерінің аумақтық сула­рын­да алынған екен.

l Украинаның Севастополь округтік әкімшілік соты Ресей қорғаныс министрлігінен 5 миллион рубль көлемінде жинақ­та­лып қалған салықтық қарызды өндіріп алу туралы қаулы шы­ғар­ды. Қарыздың басым бөлігін қосымша құн салығы (ҚҚС) құрайды екен.

l Индонезия аумағында апатқа ұшыраған Ресейдің Sukhoi Superjet-100 ұшағынан табылған «қара жәшікте» ұшқыштар­дың соңғы екі сағаттағы сөйлеген сөздері сақталып қалыпты. Енді сөздерді ажырату үшін жәшік Мәскеуге жеткізілетін болады.

Интернет материалдары  негізінде әзірленді.