• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Тамыз, 2012

Мәдениеттер тоғысындағы мекен

385 рет
көрсетілді

Мәдениеттер тоғысындағы мекен

Сәрсенбі, 15 тамыз 2012 7:31

Бейжің… Ежелгі өркениет мекені. Қытайдың саяси, білім-ғылым және мәдени орталығы. Қытай астанасы – Бейжің жалпы қабылданған шығысазиялық дәстүрге сәйкес, «Солтүстік астана» атауын иеленген. Негізінен Бейжің атауы Қытайға осыдан 400 жылдан астам уақыт бұрын қоныстанған, қаланың бастапқы атауын өзгерткен француз миссионерлері екен.

3. Дамудың бірегей үлгісі

 

Мәдениеттер тоғысындағы мекен

Сәрсенбі, 15 тамыз 2012 7:31

Бейжің… Ежелгі өркениет мекені. Қытайдың саяси, білім-ғылым және мәдени орталығы. Қытай астанасы – Бейжің жалпы қабылданған шығысазиялық дәстүрге сәйкес, «Солтүстік астана» атауын иеленген. Негізінен Бейжің атауы Қытайға осыдан 400 жылдан астам уақыт бұрын қоныстанған, қаланың бастапқы атауын өзгерткен француз миссионерлері екен.

3. Дамудың бірегей үлгісі

Бүгінде Бейжің – әлемнің халық тығыз қоныстанған ең үлкен мега­по­листерінің бірі. Қала тұрғындары са­ны­ның 20 миллионға жуықтауы осы­ның айғағы. Ол өз экономикасын жыл санап, күн санап қарқынды түрде дамытып келе жатқан бірден-бір қала. Оған Бейжің экономикасының 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында 7,2 пайызға өскені де дәлел бола алады. Бейжіңнің статистикалық басқар­масы мен Қытайдың мемлекеттік ста­тистикалық басқармасының мәлімет­те­рі бойынша, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында қаланың негізгі қорларына құйылған инвестиция көле­мі 11 пайызға артып, 262,51 млрд. юаньды құраған екен. Ал дәл осы кезең бойынша тұтыну тауарлары бөлшек сау­дасының көлемі 13 пайызға ұлға­йып, 365,17 млрд. юаньға жетіпті. Сырт­қы сауданың жалпы мөлшері де 12,3 пайызға артып, 208,69 млрд. АҚШ долларын құраған.

Қала халқының жан басына шақ­қан­дағы орташа кірісінде де едәуір ілгерілеушілік бар. Ол 11,8 пайызға көтеріліп, 18154 юаньға жетсе, ауыл халқының жан басына шаққандағы орташа табысы 8,8 пайызға өсіп, 9832 юаньды құраған. Қала экономикасында мұндай оң өсімнің байқалуы жөнінде ел сарапшыларының өз болжамдары бар. Олардың пікірінше, Бейжің эконо­микасының бұлайша қарқын алуы – жергілікті әкімшіліктің экономикалық құрылымды ретке келтіру және ішкі сұранысты кеңейту бағытындағы іс-шараларды дұрыс жолға қойған­ды­ғында.

Аспанасты елі астанасының ішкі кірісінің молаюына сырттан келген туристердің де үлес салмағы басым екен. Бүгінде Бейжіңдегі негізгі ту­рис­тік нысандардың саны  200-ге жуық­та­са, күн өткен сайын оларды келіп кө­ру­шілердің қатары  арта бастаған. Мә­се­лен, 2011 жылы Бейжіңге келген туристердің саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,2 пайызға көтерілуі, ал осы жылдың бірінші жартыжыл­ды­ғындағы көрсеткіш бойынша, Қытай астанасына ағылған шетелдік туристер санының 2011 жылмен салыстырғанда, 4,2 пайызға өсіп, 2,5 миллион адамды құрауы – осының анық дәлелі. Осы орайда, өткен жылы Бейжіңге туризмнен түскен табыстың шамаменен 51 миллиард АҚШ долларына пара-пар болғанын да атап өтуге болады. Демек, бұл көрсеткіштердің барлығы Бейжің­нің нағыз халықаралық мегаполиске айналғандығының бір айғағы.

*  *  *

Тяньцзинь… Бұл қаланың 600 жыл­дық тарихы бар. Ол Бохай шығанағы және Хайхэ өзенінің жағалауын бойлай орналасқан Солтүстік Қытайдың ең ірі теңіз порттарының бірі. Тяньцзинь қаласы бір көрген жанды дәстүрлі және қазіргі заманғы стильдер шендесе өрілген кескін-келбетімен баурап ала­ды. Қаланың архитектурасы Шы­ғыс пен Батыстың ықпал-әсері негі­зінде бедерленген қолтаңбасымен көз­ге түседі. Мұндағы батыстық сипатқа сай келетін бұрынғы концессиялары­ның орнында 19-ғасырдан тамыр тартатын еуропалық ғимараттардың тұтас бір кварталы орналасқан. Бүгінде мұн­дай ғимараттардың саны шамамен, 1000-нан асып жығылады екен. Олар­дың алғашқысы 858 жылы бой көте­ріп­ті. Бұл батыстық державаларға Қы­тайдың аумағында концессиялар салу­ға рұқсат беретін тең емес құқыққа не­гізделген келісім-шартқа Цинь са­райы­ның еріксіз қол қоюға мәжбүр болған кезеңімен тұспа-тұс келеді деседі.

Тяньцзинь қаласы екінші апиын соғысы кезінде ағылшындар мен фран­цуздардың  бомбалауына да ұшыраған екен. Десек те, Тяньцзинь Ұлыбри­тания мен Францияның ғана емес,  Жапонияның, Германияның, Ресейдің және Австрияның қысым-ықпалымен де бірнеше аймақтарға бөлініпті. Мұны қаланың орталық көшелерін бойлап келе жатқанда анық аңғаруға болады. Қаланың орталық көшелері бейнебір ақ-қара түсті кинотуындыларды еске түсіретіндей көрінеді. Мә­се­лен, бір ғана «Бесінші авеню» деп аталатын кварталда дәл осындай 230-ға тарта еуропалық ғимарат орна­лас­қан. Себебі, бұл квартал кезінде Қы­тайда зұлымдықпен боялған сатқын­дық пен сан түрлі саяси шиеленіс­тер­дің алаңы міндетін атқарған. Қаланың бұл ауданында ең бір ықпалды деген саясаткерлер мен милитаристер, яғни соғысқұмарлар өздерінің резиденцияларын тұрғызғандықтан, ол 1949 жылға дейін «Үкіметтік көше» деген атпен әйгілі болыпты.  Ал қазіргі таңда «Бесінші авеню»-де біртіндеп жаңа ғимараттар бой көтеруде. Бірақ, олар осы ауданның бұрыннан қалыптасқан архитектуралық сән-салтанаты мен тұтастығын бұзбауы үшін тегістей еуропалық стильмен салынуда.

Ал қаланың Цифэн деп аталатын тағы бір көшесі бір кездері француз концессияларының орталығы саналыпты. Ал бүгінде бұл орталық «тянь­цзинь­дік сән-үлгінің» бірден-бір нүктесіне айналған. Сол себепті мұнда жергілікті сәнгерлер мен дизайнер­лер­дің шебер қолынан шыққан киімдер сатылатын сауда орындары орын тепкен. Әйтсе де шетелдіктер бұл қалаға тек тұрғын үй кварталдарын ғана емес, көптеген ғибадатханалар мен шір­кеулерді де қалдырыпты. Бұған қаланы аралай жүріп, анық көз жеткізуге болады. Мәселен, солардың ішінде Ванхай Лоу шіркеуін айрықша айтуға болады. Бұл шіркеуді 1869 жылы француз като­ликтері салдырыпты. Бірақ, Қытай мен батыстық империалистік күштердің арасындағы әскери қақтығыстардың әсерінен ол бірнеше мәрте қиратылып, қиранды жерден бұл шіркеу қайта бой көтерген екен. Қазіргі таңда шіркеу толық дәрежеде қалпына келтірілген.

Ал Тяньцзиньдегі басты буддалық ғибадатхана – Ұлы рақымшылық ғиба­дат­ханасы. Хэбей көшесінде орналас­қан бұл ғибадатхананың шамамен 300 жылдан астам тарихы бар. Оның ішінде өткен ғасырлардан сыр шер­тетін қоладан, ағаштан және көкшіл түсті минерал нефриттен жасалған бірегей ескерткіш-мүсіндер сақталған.

Тяньцзинь көшелерінің орналасуы бір қарағанда, үлкен лабиринтке ұқ­сайды. Себебі, кең көшеден бұрылған кезде бұрынғы концессиялардан қал­ған тар аллеялар мен Қытайдың «хутун» деп аталатын дәстүрлі тұйық көшелерінің тұтасып және бірігіп кетуінен оп-оңай адасып кетуге болады. Сондықтан мұндай көне кварталдарды осы жерден жалға алуға болатын арнайы велосипедпен аралау анағұрлым ыңғайлырақ.

Тяньцзинь 100 жылдан астам уақыт бойы Батыстың тікелей қысымы мен ықпал-әсеріне көп ұрынғанына қара­мас­тан, қаланың өн бойынан өзіне тән ерекшеліктерін де жазбай тануға болады.  Мәселен, қала ішінде дәстүрлі өнердің орталықтары сол күйінде сақталған. Мұндай орталықтары бар көшелерден жәдігерлер мен қолдан жасалған дәстүрлі кәдесыйларды, яғни нағыз өнер туындыларын сатып ала аласыз. Біз сияқты сырттан келген жандарға арналған сан түрлі қызылды-жасылды заттардан бөлек, бұл жерлерден саз балшықтан жасалған мүсін­дерді де кездестіруге болады. Олардың барлығында өмірдің шынайы бедері көрініс тапқан. Олар сонысымен де қызықтырады, сонысымен де таң қалдырады. Бұл мүсіндер қарапайым адамның тағдыр талайында кездесетін қайғы мен қуаныш, өкініш пен өмірге құштарлық секілді сезімдерді сәтті бейнелеуімен ерекше.

Бүгінде Тяньцзинь халқының басым бөлігі қытайлар болғанымен, мұнда ел аумағында тіркелген 53-ке тарта аз ұлттың өкілдері қоныстанған. Қала тұрғындарының басым бөлігін, әсіресе, корейлер, шүршіттер, моңғол­дар құ­рай­ды. Негізінен Тяньцзинь хал­қы көбіне көңіл-күйге берілгіш және өте әңгі­ме­шіл болып келеді екен. Қытайдың «сяншен» деп аталатын ауызекі сөйлеу жанрының көпке танымал шебер­лері­нің көбіне-көп дәл осы Тяньцзинь қа­ла­сынан шығуы осының дәлелі. Сон­дай-ақ Қытайдың солтүстік бөлігіндегі бұл қала өзінің комедиялық актер­ле­рі­мен де танымал. Мысалы, Қытайдың  Го Дэган және Ма Саньли деген коме­диялық жанрдың атақты актерлері халық алдына шыққанда, көбіне-көп тяньцзиньдік диалектіні қолданатын көрінеді.

Тяньцзинь – маңызды темір жол торабы. Бір ғана мысал. Бейжің мен Тяньцзинь қалаларының ара қашық­тығы 120 шақырым. Алайда, екі қа­ла­ның арасы аса жоғары жылдамдыққа ие темір жол магистралімен жалғанған. Жоғары жылдамдықтағы жүрдек по­йыз 2008 жылдың тамыз айында пай­да­­ла­нуға берілген екен.  Ол – Қытай елі­­нінің сағатына 350 шақырым жыл­дам­­дықты артқа тастайтын алғашқы темір­ жол желісі. Егер, сіз бұл темір тұл­пар­ға отырсаңыз, Бейжіңнен Тяньцзиньге небәрі 30 минөттің ішінде-ақ жетесіз. Бұл  қаланың жедел әрі қар­қын­ды дамуының нақты көрсеткіші.

Бүгінде Тяньцзинь Қытайдағы индустрияландыру жүйесінің негізгі ло­ко­мотивіне, ауыр және жеңіл өнеркә­сіп­тің ірі орталығына да айналып үлгерген. Сондай-ақ ол ірі сауда және қаржы орталығы. Мәселен, қаладағы экономиканы дамытудың арнайы айма­ғы Аспанасты еліндегі ең бір бәсекеге төтеп беретін аймақ саналады. Қазіргі таңда Бейжің мен Тяньцзинь қалалары халық көп тұтынатын сапалы тауарларды өндіретін ортақ рынок жүйесін қалыптастырған. Ол өнімділік мөлшері жағынан да, даму динамикасы тұрғы­сынан да Шанхай мен Гуанчжоу қалаларындағы нарықтық жүйеден еш кем түспейді.

Түйіндей айтқанда, Тяньцзинь қа­зіргі заманғы экономикалық жүйенің барлық критерийлерін негізге ала отырып,  дамудың өзіне лайықты  баспал­да­ғына көтеріле білген қала. Ал бұл қаланың Қытай үшін, Қытай экономикасы үшін қандайлық маңызға ие екен­дігін 6 млн.-ға жуықтайтын қала тұр­ғындары да түсінеді, мақтан еді. Олар қаланы одан әрі өркендету мен өрістету жолындағы талап-тілек үде­сіне сәйкес еңбек етуде.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Бейжің – Тяньцзинь.