Күні кеше Шымкент қаласындағы №54 орта мектепте белгісіз иістің әсерінен жаппай улану фактісі болып, 45 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген еді. Оқиға орнына шұғыл жеткен Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері, полицейлер, дәрігерлер, газ тарату мекемелерінің қызметтері жасөспірімдердің жаппай улану себептерін анықтауға кіріскен. Мамандар мектеп іші мен ауласындағы ауаның сынамасын алып, лабораториялық тексеруден өткізген. Алайда, табиғи газдың таралуы жөніндегі болжам расталған жоқ.
Т.Орынбаев атындағы облыстық гипербарикалық оксигенация орталығы оқушылардың ауру белгілеріне негізделіп, улану себебін газдың ауаға таралуынан пайда болған деген болжам айтты.
«Барлығы токсикологиялық ауруханаға 45 науқас түсті. Оның ішінде 4 ересек және 41 бала. Барлығына медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Дәрігерлер медициналық көмек кезінде бақылауды күшейтіп, кезекші дәрігерлермен қатар 2 токсиколог маман қосымша медициналық қызмет көрсетті. Бұған қоса 3 психолог дәрігер оқушылармен жеке-жеке жұмыс істеп шықты. Ауруханаға жеткізілген 45 науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылды. Қосымша тұрғылықты жері бойынша науқастар емхана дәрігерлерінің бақылауында болады. Алдын ала болжам бойынша «табиғи газдың компоненттерімен уланудың жеңіл дәрежесі» диагнозы қойылған» дейді Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғалымжан Әбішов.
Зардап шеккен оқушылар мен мұғалімдер «сынып бөлмелерінде және мектеп ауласында жағымсыз иіс сезілді» дейді. Барлығында дерлік бас айналу, көздің жасаурап қызаруы, бас ауруы байқалған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келіп, уланғандардың барлығына медициналық көмек көрсеткен.
Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханның айтуынша, улану тек бір ғана сыныпта емес, басқа да сынып оқушыларында байқалған. Бөлмеде және мектеп аймағында жағымсыз иіс сезілген. Әу баста мектеп ұжымы белгісіз иісті ауаға таралған газ деп түсінген. Газ компаниясының қызметкерлері мектеп пен автономды қазандықты тексергендігін, табиғи газдың ауаға жайылмағандығын алға тартты.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары «ауа құрамын, мектептің сынып бөлмелерін зерттеп шықтық, адам ағзасына зиянды бөгде заттардың белгілері анықталмады» дейді.
Естеріңізге салар болсақ, 18 наурыз күні сағат 16:50 шамасында Шымкент қаласындағы №54 орта мектепте белгісіз иістің әсерінен жаппай улану фактісі болған. Төтенше жағдайдың салдарынан улану белгілері бар 45 адам қалалық №6 емхананың токсикология бөліміне жеткізілді.
Жеткізілген науқастарға медициналық көмек көрсетіліп, жағдайлары жақсарғаннан кейін үйлеріне жіберілді. Зардап шеккендерге тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігерлер бекітілді.
Бүгін осы мектепке тиісті сала жетекшілерімен бірге Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келіп, төтенше жағдайдың шығу себептерін анықтау жөніндегі жұмыстардың атқарылу барысымен танысты. Әрі төтенше жағдайды тұрақты бақылауына алатындығын жеткізді.
Қазіргі таңда мектептің санитарлық ахуалы қалыпты, адам денсаулығына келер қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайын анықтау жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасады. Ал мектеп бір күнге оқуын тоқтатты.
Оқушылар ата-аналарының жанында болып, 20 наурыздан бастап оқуды қалыпты жалғастыратын болады. Білім ошағында тиісті сала мамандарынан тұратын кезекшілік бекеті қойылған.
Қала әкімі мектепті толық аралап шыққан соң Ынтымақ шағын ауданындағы газ тарату пунктінде болып, көгілдір отын тарататын орынның қауіпсіздік жағдайын тексерді.
Ал, соңғы келіп түскен ақпаратта дәрігерлер оқушылардың мектепке 600 метр жерде орналасқан табиғи газ таратушы пункттен шыққан ақаудың салдарынан уланғандығын айтуда. Газ тасымалдау қызметінің мамандары дер кезінде алдын алу шараларын жүргізген. Ақаудың неден шыққандығы әлі де анықталу үстінде.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ