Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату жөніндегі мәлімдемесін үлкен толғаныспен тыңдадым. Бұл мәлімдеме тәуелсіз еліміз үшін үлкен тарихи оқиға болды.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген барлық табыстары, асқан асулары, шыққан белестері Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламын. Нақтылай айтқанда, Ата Заңымыздың қабылдануы, Қарулы Күштеріміздің құрылуы, шекарамыздың шегенделуі, жаңа Астананың салынуы, экономикамыздың өркендеуі, шеттегі қандастарымыздың атажұртқа оралуы және басқа да шешімін тапқан игілікті істер туралы сөз қозғағанда санамызда Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне тоқталмау мүмкін емес.
Бұдан бөлек, еліміздің ядролық қауіпсіздікті нығайту саласында көшбасшы ел ретінде танылуы, халықаралық және аймақтық ұйымдардың жұмысына белсенді араласуы, ЕҚЫҰ-ға, ИЫҰ-ға төрағалық етуіміз, ТМД-да алғашқы болып ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі Тұңғыш Президентіміздің тікелей бастамаларымен жүзеге асырылғаны анық.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуы, ел экономикасына қыруар инвестиция құйылғаны, халықтың әл-ауқатының артуы, жұмыссыздықтың қысқаруы, жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеп, білім нәрімен сусындату, ауылдарды қолдау шаралары Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген саясаттың арқасында жүзеге асырылды.
Шеттегі қандастарымызды атамекенге шақыруы нәтижесінде 1 миллионнан астам қазақтың елге қоныс аударуын тәуелсіздік табыстарының бірегейі десек, қателеспейміз. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жұмысты ұйымдастырудағы еңбегін барша қазақ біледі.
Әрине Тұңғыш Президентіміздің Қазақстан үшін, өзінің туған халқы үшін атқарған қызметін шағын мақалада қамтып шығу қиын. Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еліне жасаған қызметі тәуелсіз еліміздің жасампаз тарихының ажырамас бөлігі болып қалатыны сөзсіз.
Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен Қазақстанның одан әрі дамуына барлық алғышарттарды қалыптастырған еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы алдағы уақытта да өз халқы үшін аянбай еңбек ете бермек. Бұл барша қазақстандықтар үшін өте маңызды.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері