Елбасының бүгінгі жариялаған шешімін тікелей эфирден тыңдап, тарихи оқиғаның куәгері болғанымызға толқып отырған жайым бар. Иә, біз өміріміздің жарқын сәттерін Нұрсұлтан Назарбаев уығын шаншып, шаңырағын көтерген ортақ Қазақстанның бейбітшіл, еңбексүйгіш тұрғыны болып өткердік. Отанымызды әлем танып, қазақтың мәдениетін, өнерін мойындады. Осы өткен 30 жыл ішінде ұлттық өнер дүние өркениетіне сеніммен, өзіндік бет-бейнесімен қосылды деп айтуға толық хақымыз бар.
Елімізде өнерді қолдауға үлкен маңыз берілгеніне өзім куәмін. Біздің Алматы облысында жас таланттарды, өнерпаздарды жұмыспен қамтуға, баспаналы болуына үнемі жағдай жасалып келеді. Осының арқасында қазақ өнерін, әнін болашаққа жалғайтын жаңа буын өсіп, жетілді. Мұның бәрі еліміздегі тұрақтылықтың арқасы деп білемін. Өнер өресі жоғары тыңдарманымен, көрерменімен өседі. Ал ол үшін руханиятқа жағдай жасалуы керек. Мемлекетіміздің қалыптасу жолында кездескен қиындықтарды еңсеру кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы мәдениет саласына көңіл бөлуді ешқашан екінші орынға қойған емес. Ұлт өнерін ұлықтады. Біз, өнер қайраткерлері Елбасына осы үшін қарыздармыз.
Бүгінгі шешім – тарихи сәт. Бұл – ел өмірінің алтын дәуіріне берілген баға. Байсалды шешімді тыңдап тұрып, кемел келешектің бейнесін көргендеймін. Ұзағынан болсын!
Әли АЛПЫСБАЕВ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері, дирижер, композитор