Алмағайып кезеңде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, әлемдік кеңістікте өзіндік орнын айшықтап берген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі қаншалықты зор екені баршаға белгілі. Менің және замандастарымның бақытты балалық шағы, қамсыз жастығы Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл – зор мақтаныш әрі мерей.
Мен мұнайлы аймақ Атырауда туып-өстім. Бала күнімнен мұнайшы болуды армандадым. Мектеп бітіргеннен кейін қалаған мамандығым бойынша білім алып, еңбекке араластым. Қазір отандық «Ембімұнайгаз» мекемесінде жұмыс істеймін. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында, мемлекеттік бағдарламаларда энергетика саласын дамытудың басым бағыттарын атап көрсетеді. Атырауға келген сапарында біздің кәсіпорынға арнайы келіп, жұмыс барысымен танысқан болатын. Осының өзі мен секілді жас мұнайшылардың ертеңге деген сенімін нықтап, жарқын болашағына кепілдік берді.
Бүгінгі Атырау – азаттық таңымен арайланған, Елбасының сарабдал саясатымен жарқын болашаққа нық қадам басқан аймақ. Мұнайлы өлкенің өсіп-өркендеуінде Мемлекет басшысының орасан зор еңбегі бар. Нұрсұлтан Әбішұлының ұйытқы болуымен Қашағанда мұнай өндіру жұмыстары басталды. Қарашығанаққа қатысты мәселе шешімін тапты. Теңіз кен орнының аясы кеңіді. Отандық кәсіпорындар мұнай-газ саласында бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді.
Әрине Нұрсұлтан Әбішұлының мәлімдемесін мен де алаңдаулы көңілмен қабылдадым. Осынша уақыт ішінде бар ғұмырын, денсаулығын, уақытын қазақ елінің дамуына қосқан кемеңгер басшының бұл қадамы да жақсылықтың бастауы болсын деген тілектемін.
Биылғы жылды Жастар жылы деп белгілеп, жаңа әлеуметтік саясаттың іргетасын қалап, халыққа шын мәніндегі жанашыр екенін ұқтырғаны үшін разымыз.
Біздің жарқын жастығымыз үшін, бейбіт аспанымыз бен берекелі бірлігіміз үшін мың алғыс Сізге, Тұңғыш Президент!
Артур ДІНҒАЛИЕВ,
«Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының геологы
АТЫРАУ