Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған Елбасы туралы пікір білдірді.
Елбасының шешімі ешкім күтпеген, таңғаларлық оқиға болды. Посткеңестік кеңістікте Ресейден басқа бірде-бір елде мұндай оқиға болған жоқ. Тіпті, әлемдік тарихта сирек кездесетін оқиғалардың бірі деп айтуға болады. Нұрсұлтан Назарбаев күш-қуаты бойында, елді әлі де конституциялық мерзімі аяқталғанша басқаратын сияқты көрінген. Келесі сайлауға түсуге де мүмкіншілігі бар сияқты еді. Бірақ ол барлық ахуалды саралап, өз еркімен осындай шешімге келіп отыр. Конституцияның талабын бұзбай, билікті Сенат Төрағасына бергені де өте дұрыс шешім болды деп санаймыз. Бұл шешімді ешкім де теріс деп айта алмайды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына сіңірген еңбегін ештеңемен салыстыруға болмайды. Ол елді неше түрлі тұңғиықтар мен тығырықтардан аман алып шықты. Оларды атап шығудың өзі бірнеше мақалаға жүк болар еді. Сондықтан мен тек Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтап қалған айрықша еңбегін ғана атап өткім келіп отыр. Посткеңестік елдерде Балтық бойы мен Орталық Азия республикаларынан басқаларының бәрі территориялық тұтастығын жоғалтып алды. Қазақстанға да ондай қауіптер төнген еді. Тек Нұрсұлтан Назарбаевтың бірден-бір дұрыс қадамдары ғана республиканың тұтастығын сақтап қалды. Осы жолда ол өзінің нағыз саясаткерге тән қырларын, тұлғалық шеберліктерін, адами қасиеттерінің бәрін көрсетті. Енді солардың бәрі тарихтың еншісіне айналып, ұзақ жылдар бойы зерттеушілердің нысанына айналатын болады.
Президенттің сөзінен кейін мен көптеген адаммен кездесіп, ой бөлістім. Сонда жұрттың бәрі де толқып, оны қимастықпен ауызға алғанының куәсі болдым. Осының өзі оның халық жүрегіне жол тапқандығының белгісі шығар. Оның әлі де саяси сахнадан мүлде кетпегендігі де біздің елімізге қажет. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болуы жаңа президентке ақыл-кеңесін айтып отыруына жақсы жағдай туғызады. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлын жақсы білеміз, елді басқаруға оның саясаткерлік деңгейі, ақыл-ойы, білімі мен білігі толық жетеді деп санаймын.