Облыс орталығында сән-салтанаты келіскен тағы бір ықшамаудан пайда болады. Оған «Шығыс» деген атау берілді.
Қалалық әкімдік Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті филиалы және көкшетаулық құрылыс компаниясымен келісім-шартқа қол қойып, көпқабатты үйлердің құрылысын бастауға уағдаласты. Алғашқы баспаналар биыл салынады. Тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту мақсатымен 5 жылдың ішінде 9 қабатты 27 үй тұрғызылады.
«Панельді үйлер фин технологиясы бойынша салынады. Жазда салқын, қыста жылы. Пәтерлердің аумағы әрқилы, 40, 60, 84 шаршы метрді құрайды. Көкшетау, Орал, Қарағанды қалаларының тәжірибесіне сүйенеміз», дейді «СҚ Регионстрой» ЖШС директорының орынбасары Қанат Лұқпанов.
Баспаналар кезең-кезеңмен тапсырылып, салымшылар арасында үлестіріледі.Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің жетекшісі Әмір Нұрмұқановтың айтуы бойынша үш жақты меморандум аясында 3200-ден астам пәтер салынады. Әр шаршы метрі 150-ден 180 мың теңгеге дейін.
Бүгінде өңірде 41 мың салымшы бар. Олардың депозиттердегі сақтаулы қаражаты 16,7 миллиард теңгеден асады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы